Атырауда қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспановаға ескерткіш ашылды Атырау халықаралық әуежайы алаңында Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш ашылды.

Бұл турлаы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы.

Оның ерлігіне бас иген жерлестері әуежай алдында батырға арналған ескерткіш орнату туралы бастама көтерген болатын. Бүгінде бастамашыл топтың ұсынысы қабыл болып, тарихи сәт туды. Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, ескерткіштің орнатылуына бастамашы болғандардың бірегейі – «Айқын» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова мен батырдың бауыры, жерлестері келді. Олар өз кезегінде сөз сөйлеп, Хиуаз Доспанованың батырлығы мен қайсарлығын ұлықтады.

«Ел басына күн туған сәтте ер азаматтармен бірге сапқа тұрды. Мәншүк, Әлия, Хиуаз. Ешкім оларды міндеттемеді. Жүрек қалауымен елдің болашағы үшін өз өмірін құрбан етті. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен елдің даму стратегиясында көрсетілген межелердің бірегейі – әйел қауымына үлкен құрмет көрсету. Сондықтан да бүгінгі салтанатты шара барша аналарымызға, қазақ қыздарына соның ішінде бірегейі – Хиуаз Доспановаға құрмет болып табылады», – деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған