Адамға сыйға берілетін өмір бойына қорғауға тиіс дүние- тәннің саулығы. Халқымыздың өзі «Басты байлық- денсаулық» деп, алдымен денің сау болсын кейін бәрі де бола жатар деседі. Әрине, біз денсаулығымызда кінәрат болмағаннан кейін  қатты бас қатырып, ойланып та жатпаймыз. Ал, тумысынан денсаулығында кемістігі бар балалардың өмірге деген құштарлығы жоғары болады және денсаулықтың қадірін жақсы түсінеді. Осы орайда Шопенгауердің «Дені сау кедей- ауру карольден бақытты» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Сонда біз  денсаулықтың қадірін түсіну үшін міндетті түрде басымыз ауырып, балтырымыз сыздап, денсаулығымыз сыр беру керек пе? Қашанғы өз өмірімізге өзіміз балта шаппақпыз? Қолдан қашанғы дерт жасамақпыз? Бұл сұрақтарды кеңінен тарқатып көрсем.

Ең алдымен, «Тәрбие- тал бесіктен басталады» демекші бесіктен басталатын тәрбиеге жауапты адамдар- ата-аналар. Сондықтан, ата-анаға үлкен міндет жүктеледі. Алайда, қазіргі таңда  жаңадан туылған шақалақтарды  дүниенің есігі саналған қадірлі бесікке баланы бөлеуге болмайды деседі. «Неге?» деген сұраққа «миы шайқалады» деген жауап аласыз. Естімеген елде көп деген осы. Сонда сонау заматтарда өмір сүрген, бесікте әлдиленген Абай, Шоқан, Шәкәрімдердің миы шайқалған ба? Милары шайқалса артына осыншама құнды жәдігерлерді қалай қалдырған? Керісінше, бесікке бөленген бала таза жерде жатады және қол-аяқтарын буып-түйіп құндақтағасын түзу болып өседі. Сонымен қатар, ананың әлдейі мен әженің жырларына сусындап өседі. Бесікті жоққа шығару- қате пікір.

Жұмысбасты ата-аналар енді аяққа тұрған балаларына оң мен солын айырар айырмастан қолына телефонды бере салады. Сол себептен баланың тамақтануы жайына қалады және кез-келген нәрсеге ашу шақырып, нерв жүйесіне зақым келеді. Көшеде, аулада асыр салып ойнап жүрген балаларды кездестірудің өзі –  қазір дефицит . Бәрі үйге қамалып алып, көк жәшіктің (компьютердің) алдына телміріп отырады. Ойнайтын ойындары атыс-шабыс, қырып, жою. Бұндайды көрген ұрпақ мейірімділіктен ада өседі.

Қазақ халқы батыр болған, денсаулықтары мықты болған деп көкірек керетіндеріміз де аз емес. Алайда, қазір тым майдаланып, аурушаң болып, иммунитетіміз әлсіреп, жау тұрмақ гриппен де күресуге дәрменсізбіз. Жылқының құлағында, асық ойнап, алысып-жұлысқан балалар мен үйде мелшиіп отқан балалардың арасында едәуір айырмашылықтың болары сөзсіз. Қозғалыс болмағаннан кейін, баланың тамаққа деген тәбеті тартпайды. Бұрын балалар тамақты өздері сұрап жесе, қазір сұрамақ түгілі артынан қуып жүріп жегізе алмайсың.Ол ол ма? Дүкендегі қытырлақ картоп, кола сынды толып тұрған химикат пен түрлі бояғыштарды баламыздың аузына тыққыштайтындығымыз да өтірік емес. Сонда біреуге пайда түседі ма? Бұның бәрі өз денсаулығымызға жасалған қастандық ғана.

Хош, балалар жайын талқылап болсақ, өзімізге келейік. Денсаулығымызды қалай күтудеміз? Бала, бала дейміз-ау бала тұрмақ өзіміздің де денсаулықты сақтау жолында оңып тұрғанымыз шамалы. Мәселен, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жалқаулардың тамағына арналған фаст-фуд өнімдеріне әуес болғанымызды, қайтерсіз? Дайын асқа тік қасық болып жаман үйреніп бара жатырмыз. Жұмыс басты отаналарымыз тамақ әзірлеуге еріншектігі ұстап, фаст- фуд өнімдеріне (КФС,пицца т.б) тапсырыс бере салады. Бұл біріншіден қалтаға түсетін үлкен шығын болса, екінші жағынан, ағзамызға күлдей зиян және керек емес майларды жинайды.  Қазіргі таңда оба ауруынан бөлек семіздік ауруы белең алып барады. Бұның бәрі өз қолымыздан жасап алған- дерт.

Қарапайым күнделікті тұрмысты елестетіп көрсек. Таңмен аялдамада автобус күтіп тұрып, жан жағымызға зер салсақ, бәрі ашулы, қатқыл мінезді кішкене түйіп кетсеңіз жерден алып, жерге салады. Басым көпшілігі баратын жеріне ерте тұрып шықпай тақалғанда шығып, соған асығып тұрған жандар. Қазақта жақсы сөз бар: «Ерте тұрған ерекетің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі» артық дейді. Ерте тұрып, асықпай аз да болса, жаттығу жасап, оразамызды ашып шықсақ ондай болмас па едік? Осы тұрғыда ерте тұрудың пайдасы денсаулыққа ғана емес, тұрмыс жағдайымызға да өзіндік әсері болатынын аңғаруға болады.

«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» демекші, бала көргенін, білгенін істейді. Өзің сол нәрсені жасап тұрып, балаға «жасама» дей алмайсың.Бала- ата-ананың айнасы болғаннан кейін, тек жақсылыққа итермелеп, жақсы іс-әрекеттермен ғана үлгі болуымыз керек.

Денсаулығымызды қорғау мақсатында өмірімізге біраз жаңартулар мен алмастырулар енгізсек. Газдалған сусындардың орнына қарапайым ғана су немесе кампот қолдансақ. Пайдалы әрі тиімді. Фаст-фуд өнімдерді ыстық тағамдарға алмастырсақ.Фаст-фуд өнімдері тез қарын тойғызғанымен, кейіннен асқазаныңның шұрылдап тамақ сұрағанын сезесің. Қазіргі таңда таңғы жаттығу жасау түгілі жаяу да жүрмейміз.  Баратын жерімізге үйден ертерек шығып, бір аялдама ерте түсіп қалып діттеген жерімізге аз да болса жаяу барсақ. Таңғы ауа қашан да таза, салқын болады,  тыныстасаң жан сарайыңды ашады. Неге күнде болмаса да, аптасына бір сол ауамен демалып, жан рахатына бөленіп көрмеске? Сонда көңіл күйіміз де көтіріліп, көңілді жүреміз. Ғалымдардың да ұсынатын қарапайым ғана кеңесі таңертең ертемен тұрып, су ішу денсаулығымызға үлкен пайда әкеледі. Бетіміз де ағзамыз да тазарып, бауырдың қызметінің жақсарғанын байқауға болады. Әрине, бұл қарапайым ғана қағидаттар ғана.

Таяқтың да екі ұшы болатыны сынды жақсы жақтарында сөз етсек. Қазіргі таңда жастарымыздың басым көпшілігі спортқа ден қойып жатыр. Бұны қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Жас буын ғана емес, аға буындарымыз да осы қатарды толықтырса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Елімізде спорт саласы бойынша түрлі әлемдік, республикалық, қалалық сайыстар да көп өткізілуде.Тек спортшылар ғана емес, тұрғындар қауымына да арналған түрлі шаралар мен марафондар өткізіліп жатыр. Мектеп жасындағы балаларға арнап, спорттық үйірмелер де бой көтеріп келе жатыр. Қызығушы жандардың да көп болғаны бізді қуантарлық жағдай.

Жоғарыда көрсеткен жаман әдеттерден тыйылар болсақ бізден асқан денсаулығы мықты адам табылмас. Қазақта : «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,- дейді. Яғни, қоғам талабына сай бәсекеге қабілетті маман болу үшін, ең алдымен денсаулық мәселесі басты назарда қаралады. Болашағымызды бүгіннен бастайық!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған