«Әлемдегі коронавирус пандемиясы мен қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының отырысы онлайн режимде өтуде. Бұл жолы күн тәртібінде тек бір мәселе бар – COVID-19 індетіне жаһандық тұрғыда жауап беру. Ассамблеяның күн тәртібінің екінші бөлігі 2020 жылдың кейінгі кезеңіне ауыстырылды. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Астана декларациясын жаһандық деңгейде іске асыру жоспары туралы шешім қабылданатын болады. Өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 72-сессиясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы резолюция бірауыздан қабылданғанын, онда мемлекеттер Астана декларациясына сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуге шақырылғанын еске сала кетейін», – деп жазды Елжан Біртанов Фейсбуктегі парақшасында.

Министр отырыстың ашылу салтанатында Швейцария Президенті Симонетта Сомаруга, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин, Германияның канцлері Ангела Меркель сөз сөйлегенін айтып өтті, – деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар отырысты Оңтүстік Африка Республикасының басшысы Сирил Рамафоса, Барбадос Премьер-Министрі Миа Моттли және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры, Тедрос Адханом Гебрейус сөз алған.

«Антонио Гутерриш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшілігімен бүкіл әлемде коронавируспен күресу үшін келісілген күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. «Бүкіл әлем бірігеді немесе жеңіледі» деді БҰҰ Бас хатшысы. Си Цзиньпин өз сөзінде әлемдік қауымдастыққа бірнеше ұсыныс айтты. Мысалы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы күресті басқаруы керектігін атап өтті. Осыған байланысты Қытай мемлекеттерді аталмыш ұйымды саяси және қаржылық жағынан қолдауға шақырады. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту – өткен сабақтардың ұмытылмауын қамтамасыз етудің кепілі. Сондай-ақ, Қытай басшысы вакцина жасалғаннан кейін оны әлеммен бөлісуге және оны қоғамға пайдалы етуге дайын екендіктерін айтты. Эммануэль Макрон болса ДДСҰ-ның коронавируспен күрестегі жетекші рөлінің маңыздылығын және ұйымды Франциядан қаржыландыру көлемінің едәуір арттырылғанын жеткізді. Ангела Меркель әлемдегі бірде-бір мемлекет жападан жалғыз коронавирус проблемасын жеңе алмайтынын мәлімдеді. Германия канцлері ДДСҰ денсаулық сақтаудың жаһандық проблемаларын шешетін заңды ұйым екенін еске салды», – деп жазады министр.

Отырыстың қорытындысында Тедрос Гебрейесус COVID-19 дертіне қарсы бүкіл әлем елдерін бірігуге шақырды. Оның айтуынша, серологиялық зерттеулер өте айқын көріністі беріп отыр. Коронавирустан ауыр зардап шеккен елдерде қандағы антидене бар халықтың үлесі 20 пайыздан аз. Ал көптеген елде ол 10 пайыздан да төмен. Бұл әлем халқының көпшілігі осы вирусқа әлі де шалдығуы мүмкін екенін білдіреді.

«Сондықтан, тағы бір рет еске саламын: қазіргі уақытта біздің тұрғындар үшін барлық қауіпсіздік шаралары – әлеуметтік қашықтық және жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды», – деп түйді министр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған