Діни экстремизм табиғаты және оны ауыздықтау Терроризмді жеңудің жолдары

АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ,саясаттанушы: ТЕРРОРИЗМНІҢ КЕЛЕСІ ЭВОЛЮЦИЯСЫ — ӨЗ ҰСТАНЫМДАРЫН ӘЛЕМДІК ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛДЫРУ

 Терроризм дегеніміз не?    

Сіз білесіз бе, мен сізге терроризмнің ғылыми немесе классикалық тұжырымын айтпай-ақ қояйын, ол түсінікті жайт. Мен терроризмнің қазіргі таңдағы қандай маңызға ие екендігін айтайын, сол арқылы терроризмнің не екенін түсінуге болады. Терроризм — ол күш, ол тек қана өткенді көксетіп, бәзбіреулерге  кешегі кезеңді аңсатып, қолдарына қару ұстата алатын және сол арқылы өз мүддесін іске асырып отырған, әлемдік дәрежедегі ірі ойыншылар мен үлкен күштердің – қаруы мен қысым тобы. Яғни терроризм, державалардың экономикалық, саяси және геосаяси мүдделерін іске асырып отыратын «сыртқы істердің заңсыз саяси бюросы». Бір сөзбен айтқанда «терроризм» елдердің бір-біріне экономикалық және геосаяст мүдделік мәселеде қысым көрсетуші басты рычаг.   

Террористік топтарды кімдер қалыптастырады деп санайсыз?     

Ресми түрде террорлық ұйымдарды радикалдық көзқарастағы жандар қалыптастырады, бірақ бұл ресми түрдегі мәлімдеме. Ал шын мәнінде сол жандарды радикалдандыратын, өмірінен идеяны жоғары қойдыра алатын құрылымдар террорлық топтарды жасақтайды, ал ондай іс қарапайым адамның қолынан келмейді. Сондықтан террорлық ұйымдар қандай да бір ел тарапынан құрылады деп айтуға толық негіз бар. Ол ұйымдарды өздері құру арқылы  өздері айыптайды және жасырын түрде өздері қаржыландырады. Өйткені бұл әлемде транспоренттілік деген жоқ, бар болғанның өзінде тек қана сөз жүзінде. Әлемдік саясатта көптеген дүниелер жабық есік аясында шешіледі. Көп мәселе шешіле қоймайтын галстук таққан кездесулер халық пен БАҚ үшін болса, жасырын және жабық есік артындағы кездесулер-нағыз шешімдер қабылданатын орта. Міне, дәл сондай ортада террорлық ұйымдардың құрылуы бек мүмкін. Бұл әрине мемлекеттердің ұстанған саясатына қарама-қайшы дүние, парадокстық мәселе. Алайда бұл әлем парадокстан тұрады, яғни терроризмді туындататын да сол парадокстік  саясат.

Терроризм қайда бет алуда?     

Қазір терроризм эволюциясы жүруде. Терроризмнің бұрынғы кіші диверсиялық немесе партизандық сипаттан үлкен әскери күшке айналуының куәгері болудамыз. Терроризм жаһандық сипатқа ие болуда, соңғы бес жылдағы терроризммен күресуге бөлінген қаржының 30 пайызға артуы соның нақты дәлелі. Осыдан 30 жыл бұрын белгілі бір аймақтағы терроризм сол аймақтың ғана мәселесі болса, бүгінде белгілі бір аймақтағы терроризм өзге аймақты да алаңдатуда. Мысалы Таяу Шығыс аймағындағы террорлық әрекеттер біздің елімізге де өз әсерін тигізуде, өйткені терроризм идеология ретінде дамып келеді. Ал идеология қай аймақта екеніңе қарамастан адамның санасына әсер етеді, сондықтан терроризм қарумен жаулағанға қарағанда, сананы жаулау тиімдірегін түсінді, сол бағытта әрекет етуде. Ал сананы жауласа-ақша да, қару да, билік те, соғыс та болады. Сондықтан терроризмнің келесі эволюциялық сатысы – өз идеяларын әлемдік идеологияға айналдыру. «ДАИШ» пен «Жаһандық терроризмнің» пайда болуы соның нақты дәлелі.

Терроризмді неге ислам дінімен бүркемелейді?       

Бүгінде әлемдік деңгейде ислам дінін терроризмнің қайнар көзі ретінде көрсету жыл санап өршіп келеді. Бұл үлкен саясат, өйткені дәп мұсылмандар көп шоғырланған Таяу Шығыс пен Африканың солтүстік аймақтарында табиғи ресурстар көп, ол ресурстарға қол жеткізу үшін осы аймақтардың барлығына да тән ортақ әлемдік қауіпті ойлап табу керек болды. Ал бұл аймақты ұстанушылардың басым көпшілігі ислам дінін ұстанушы мұсылмандар. Сондықтан әлемдік державалар исламды терроризмнің көзі ретінде көрсетіп, жасанды жолмен исламды бетперде тұтушы топтарды қолдан жасап, бүгінде бұл аймақтарда білгенін істеуде. Бұл процесске осы аймақтардағы халықтар мен діндер арасындағы өзара алауыздық та жол ашуда. Сонымен қатар бұл исламизация процессінің алдын-алу мақсатында жасалып жатқан іс-әрекет. «Исламист», «джиһадист» сынды тікелей ислам дініне қатысты сөздерді терроризммен қатар қойып, ислам дінін зұлымдықтың көзі ретінде әлемге көрсеткілері келеді. Бұл әрекет шын мәнінде жұмыс істеуде, көптеген әлем халқы мұсылмандардан қорқатын болды. Алайда мұсылманның бетпердесін жамылған террористің артында ешбір дінге жатпайтын зұлымдық жатқанын түсінбейтіні өкінішті-ақ. Өйткені ешқандай дін терроризмді насихаттамайды ғой, ал ислам діні терроризмді қаралайтындардың көш басында тұр. Бір сөзбен айтқанда мұсылман террорист бола алмады, ал террорист мұсылман бола алмайды.

Орталық Азияда терроризм қаупін қалай бағалайсыз?       

Орталық Азия лаңкестік әрекеттерден қорғалған аймақ емес. 70 жыл бойғы Кеңес саясатынан азат болған тұста, бұл аймақтағы барлық елдерде идеологиялық бос кеңістік бар. Ол кеңістіктердің орнын теріс діни ағымдар мен көзқарастар басты. Нәтижесінде Орталық Азия елдерінде терроризм мен экстремизмнің туындауына әкеліп соқты. Терроризмнің қатты жанданғанын Өзбекстандағы «Өзбекстанның Ислам Қозғалысы» ұйымының әрекеттері, 1999 жылғы Қырғызстандағы «Баткен оқиғасы» мен 1992-1997 жылдар аралығындағы Тәжікстандағы азамат соғысы көрсетіп берді. Бүгінде Орталық Азиядағы терроризм қаупі өте жоғары, өйткені Таяу Шығыстағы әскери қимылдар мен радикализация осы аймаққа жақындап келеді. Онымен қоса НАТО әскерінің Жарты бөлігінің Ауғанстаннан шығарылуы талибтердің Орталық Азиямен шектесетін аймақтарда белсенділігін арттыруда. Бұл процестердің барлығы Орталық Азиядағы ең кедей және халық ең көп шоғырланған Ферғана жазығына жақын маңда болуда. Ферғанадағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі терроризм дәнін себуге өте қолайлы. Ал Сирия мен Иракта түрлі террорлық топтарда 4000 Орталық Азия азаматтарының соғысып жүргендігі, экстремизмнің осы аймаққа да қол салып үлгергендігінің дәйегі емес пе?! Бүгінде бұл қауіппен бес ел өз бетінше күресуде, алайда терроризмді бірікпесе жеңу мүмкін емес. Сонымен қатар бұл қауіптің бар екендігін ашық айтқанда ғана күрес нәтижелі болмақ. Өйткені ауруын жасырған өледі ғой.    

Терроризмді қалай жеңу керек деп ойлайсыз?     

Терроризмді қарумен жеңу мүмкін емес. 40 жыл болса да Ауғанстандағы терроризм қарулы күрестің нәтиже бермеуі соның айқын дәлелі. Терроризмді жеңу үшін, оның басты құраушы компанентіне соққы беру керек. Адамның басты органы ми болса, терроризмнің басты құраушысы – идея мен идеология. Мемлекет террорлық топтар жасақтаған идея мен идеологиядан үнемі жоғары тұратын идеологияны жасап, ел халқына таратқан сәтте ғана терроризм қаупі сейіледі. Бұл дегеніміз су толы құтыға, артық су құя алмайсыз ғой, дәл сондай әрекет болмақ. Сана мемлекет жасақтаған шынайы  идеологияға толы болғанда, өзге ол кеңістікке ене алмайды. Басқалай жеңу жолы мүмкін емес.

Сұхбаттасқан: Қанат Байұзақов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған