Жемқорлық туралы хабарлаған қазақстандықтарға 10 млн теңгеге дейін сыйақы берілмек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысы Алик Шпекбаев ведомство отырысында бұдан былай жемқорлық жайлы хабарлаған қазақстандықтарға 10 млн теңгеге дейін сыйақы төленетінін мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігің хабарлауынша, тиісті қаулыны үкімет қабылдаған.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламалары үшін азаматтарды мадақтаудың жаңа жүйесіне сәйкес, енді сыйақы сомасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегідей сараланатын болады.

Егер тұрғын жемқорлық фактісі туралы хабарласа, онда айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10%-ын ала алады. Осылайша ең жоғарғы сыйақы – 10 миллион 600 мың теңгені құрап отыр.

«Жаңа ереже азаматтардың сыбайлас жемқорлықпен күреске деген ынтасын арттырады деп үміттенеміз», – деді А.Шпекбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Ринат Қабиев бұл жүйені қайта қарауға ниетті екенін айтқан еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған