Жұмыс істейтін жастар үшін жаңа «Алматы жастары 3.0» бағдарламасын әзірледік – Бақытжан Сағынтаев "Алматы жастары 3.0" бағдарламасы аясында мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар баспаналы болады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Halyk Arena-да 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылауға арналған жиынды бастады.

Жиын барысында Бақытжан Сағынтаев: «Біз «Алматы жастары 3.0″ бағдарламасын әзірледік. Жаңа тұрғын үй бағдарламасының ерекшелегі төмен пайызбен беріледі. Яғни, 13 миллион теңгеге дейінгі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен үлестіріледі», – деді.

Бұл туралы kapital.kz жазады.

Бағдарлама бойынша кредитті қайтару мерзімі – 3 жылдан 25 жылға дейін, ол төлем қабілеттілігі бойынша жеке есептеледі. Бастапқы жарна – 10%. Бұл бағдарламаға әкімдік 10 миллиард теңге, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 миллиард теңге бөлді.

Қала әкімі бағдарламаның мақсатты аудиториясы бюджеттік саланың жас қызметкерлері екенін атап өтті. Олар: мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО оқытушылары, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар.

«Тұрғын үй кезегі жыл сайын өсіп келеді. Бұл жалпы мегаполистің тартымдылығына байланысты. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 25 533 азамат тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың адамға артық. Өткен жылы 3 162 мұқтаж тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Соның ішінде көпбалалы 520 отбасы және балалар үйінің 114 түлегі бар. Сонымен қатар, 2019 жылы жұмыс істейтін 1050 жасқа жалға берілетін пәтерлердің кілті табысталды. Жалпы 2020 жылы 3 810 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар», – деді қала әкімі.

Олардың ішінде мыңға жуық пәтер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша беріледі. 1300-ден астам пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асады. Қазір 81 ескі үйді сүру және 700-ге жуық отбасын жаңа әрі жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды.

Әкімдіктің есебі бойынша, 2019 жылдың 9 айында ЖАӨ 4,8%-ға өсті. Өткен жылы Алматыда 47 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Құны 96 миллиард теңге болатын жаңа 88 бизнес нысаны ашылды. Өнеркәсіп – 4,5%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 4,8%, құрылыс –3,4%, бөлшек сауда – 12,1%-ға өсті.

2019 жылы 500 шақырымнан астам инженерлік желілер салынды. 73 шақырым жол құрылысы аяқталып, 47 шақырым арық қайта жөндеуден өтті. 300 мың тұрғынды қамтитын 670-тен астам аула жөнделген. Қаланы абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында 320-дан астам көшені жарықтандыру, 287 шақырым су және кәріз, 150 шақырым электр, 20 шақырым жылу желісі және 130 шақырым газ жүргізу бойынша жұмыстар атқарылды.

Жалпы 47 шақырым арық жөнделіп, 670-тен астам аула салынды. 2,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Әкімдіктің есебі бойынша Алматыда 39 жоғары оқу орны, 167 мың студент, 80 колледж, 67 мың оқушы, 893 мектепке дейінгі ұйым, 787 медициналық мекеме орналасқан.2019 жылдың көрсеткіші бойынша, Алматыда 106 мыңнан астам басқа өңірден келген студент бар. Қаладағы 96 студенттер жатақханаларында 31 мың студент тұрады. 2019 жылы 400 орындық 2 жатақхана пайдалануға берілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған