Зейнетақы қорындағы ақшаны кімдер және қашан ала алады? 6,6 млн салымшының зейнетақы жинағы 1 млн теңгеге жетпейді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) пайда болғаннан бері инвестициялық табысы 56,1%-ға, ал инфляция деңгейі 56,5%-ға жетті. 2019 жылдың I жартыжылдығында БЖЗҚ активінің нақты кірісі 0,09%-ды құрады. Теңгенің 2,5 есе құнсызданғанын ескерсек, қордағы ақшаның берекесі болмай тұрғанын түсіну қиын емес. Бұл Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаевтың пікірі.

Оның дерегінше, еліміздің 8 млн азаматы жұмыспен қамтылған. Алайда 2,5 млн адам ғана зейнетақы жарнасын жыл он екі ай үзбей аударады.

«6,6 млн салымшының зейнетақы жинағы 1 млн теңгеге жетпейді. 282 мың адамның ғана салымы 5 млн теңгеден асады. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағын оқуға немесе үй сатып алуға 95 мың адам ғана пайдалануы мүмкін», – деді Рахым Ошақбаев. 

Оның дерегінше, БЖЗҚ әкімшілік шығындарға қыруар қаржы жұмсайды және салымшылардың жинағынан комиссия алады.

«БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқармаса да, инвестициялық табыстан 45 млрд теңге комиссия түрінде кіріс көреді. Бір жылда әкімшілік шығындарға 20 млрд теңге жұмсайды. Квазимемлекеттік ұйымның дәл осындай ақша жұмсауын ақылға қалай сыйғызуға болады?! Салыстыру үшін айтайын, 81 мемлекеттік мекемеден құралған қаржы министрлігі жылына әкімшілік шығындарға 6 млрд теңге ғана жұмсайды. Сонда қалай, БЖЗҚ есеп комитетінің бақылауына, назарына алынбай ма?», – деді Рахым Ошақбаев.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған жолдауында халыққа зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру бастамасын көтерді. Осыған орай Үкімет пен  Ұлттық банк жыл соңына дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану тетігін ойлап табуға міндеттелді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың мәлімдеуінше, БЖЗҚ-да 10 млн адамның 10 трлн теңгесі бар.

«Зейнетақы жинағы кімге, қандай шартпен берілетіні пысықталып жатыр. Түрлі нұсқалар талқылануда. Қабылданған шешім жыл соңында жарияланады», – деді министр.

Ал премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін азаматтарға берер кезде олардың жасы мен жинағының сомасы ескерілетінін айтты.

«Шоттағы ақша адамның өмірінің соңына дейін жете ме, бұған мән берілуі керек», – деді премьер-министрдің орынбасары.

Дереккөз: inbusiness.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған