Бектурова Динара Ерболқызы

Қайрат пен даналық жүре қалыптасатын дүние емес. Бастан кешіп, өмірдің тезінен өтіп, шыңдалғанда келетін қасиеттер сияқты. Бүгінгі кейіпкеріміз тағдырдың тәлкегінен өткен жан. Оны өмірге әкелген – спорт. 

«Біз бақытты отбасы едік», – деп әңгімесін бастады Нұрзада есімді қыз. «Қара шаңырақтың түтінін түзу түтеткен айрандай ұйыған жанұяның отанасы, бір қыздың анасы едім. Серік екеумізге туған-туыстар мен дос-жарандар қызыға да, қызғана да қарайтын. Ел аузында махаббатымыз шексіз дастан секілді жырланатын. Достарымызбен жиналған сауық-кештерде екінің бірі екеумізді бақытты жұп дейтін», – деп ұзақ үнсіз тұрған Нұрзада: «менің өмірімді бір сәтте төңкеріп тастаған оқиға болғанда мен 23 жаста едім. 2016 жыл, 20 қараша… Жұмыстан шығып, үйге келе жатқан сәтім. Үйге жету үшін жаяу жүргіншілер жолын кесіп өтемін. Сол сәтте жан-жағыма зер салып қарамаған болуым керек, немесе жолға тым жақын болдым ба екен, бір аяғым келе жатқан көліккке тиіп кетіп, мені тартып әкетті. Бәрі лезде болды», – деп әңгімесін жалғастырды.

«Көзімді ашсам, суық бөлмеде, темір керуетке таңылған күйде жатырмын. Орнымнан мүлде тұра алмаймын. Екі аяғымды да сезбедім. Сөйтсем, екі аяғым сынып, жұлыныма зақым тиген екен. Мұны есту маған қаншалықты ауыр болғанын білсеңіздер ғой… Осылайша, екі айдан соң ауруханадан шықтым. Бұл өте ауыр кезең еді. Мен үшін ғана емес, отбасым үшін де», – деп көзіне жас алды Нұрзада.

«Бастапқыда төсекке таңылып, төбеге қарап қана жататынмын. Бес ай бойы төсек тартып жаттым. Дәрменсізбін, тіпті ауырған жерімді сипай алмаймын. Не орнымнан тұра алмаймын, не өздігімнен тамақ іше алмаймын. Мүмкін мүгедек болып тусам басқаша болар ма еді. Әкем мен анам менің жүгіріп жүрген шағымды жиі еске алады. Кеше ғана тақасы бар аяқ киім киіп алып, жүгіріп жүргенім көз алдарында. Бұл естеліктердің маған қалай қиынға соғатынын білсеңіз ғой. Әрине, туғандарым менің аман қалғаныма шүкірлік етті. Бірақ көздерінен аяныш, күйінішті көретін едім»,  – деді Нұрзада күрсініп.

Арықарай сөзін жалғаған ол: «Білесіз  бе, маған екі аяғымның жүрмейтіні ғана емес, Серіктің, яғни жолдасымның бізді, қызым екеумізді осындай жағдайда тастап кеткені ауыр тиді», – деді көңілі босап.

«Алғаш дәрігер жүре алмай қалуым мүмкін екенін айтқан кезде, отбасымды ойлап, мына өмірге не жаздым деп жылап едім. Ал құрбымнан жолдасымның кетіп қалғанын естіген кезде, өз көзіме өзім сенбей «Жоқ…Жоқ… Мүмкін емес. Мен мұндай күйде тастап кете алмайды. Қалайша? Қалай? Ол мені сүйіп алды ғой. Қызым ше? Оны ойламай ма?» деп жыладым. Бірақ тағдырыңа жазылғанына көнеді екенсің… Білесің бе? Құшағыма тығылып жылаған қызымның көз жасын көріп өткеніме өкіндім де, өміріме налыдым да. Бірақ қызым үшін өзімді қолға алуға уәде бердім. Сол сәтте менің жүрегімде физикалық ғана жара емес,  санадағы, ойдағы жарақат екенін түсіндім. Және аяғымнан тұру үшін спортпен айналысу керек екенін түсіндім», – деді.

«Бастапқыда мен үшін тік қалыпта 15 минут отыру үлкен жеңіс еді. Басымды көтерсем көзім қарауытып, құлағым шыңылдап, жүрегім лоқсып кететін. Бірақ бұл кезеңнен де өттім. 10 наурыз, 2018 жыл. Бұл күнді әлі ұмытпаймын. Мен екі рет жүруді үйрендім. Біріншісі – 1 жастан асқан сәби шағымда, екінші рет дәл осы күні. Алғашқы кездерде тепе-теңдікті сақтау қиынға түсті, балдаққа сүйеніп жүрдім. Кейін бір таяқпен жүрдім.

«Мен сол сәтте өзімді қайта туған сияқты сезіндім. Өмірге құлшынысым, көзқарасым өзгерді. Тіпті өмірдің бояуларын әлдеқайда қанық көретіндеймін.  Шынымен, спорт мені өмірге қайта әкелді. Менің сол кездегі арманым – жүгіру,  тым болмаса отырып-тұрып жаттығу жасау, велосипед тебу еді… Ал қазір, Аллаға шүкір,12 мүшесі сау адам сияқты еркін жүре аламын».

«Біздің қоғамда жағдайы менікінен мүшкіл адамдар бар. Бірақ мен адамның мүмкіндіктері бірдей болғанын қалаймын. Ал аяқ-қолың сау, бауырың бүтін бе, жылап, өмірге өкпелеуге қақың жоқ! Өз күшің мен ерік жігерің саған кез келген қамалды алуға мүмкіндік береді. Сондықтан спортпен айналыс! Салауатты өмір салтын ұстан! Зиянды әдеттерден аулақ бол! Өмірде мен білетін жалғыз сұлулық бар, ол – денсаулық!», – деді сөз соңында Нұрзада әпкем.

Иә, бұл менің әпкемнің басынан өткен оқиға. Жас болса да тағдыр оны аямады. Бірақ ол тағдырдың жазуына қарсы тұрып, оны жеңді!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған