Ең бірінші кезекте пәтердің құжаттарының түгел және дұрыс екенін тексеру қажет, – деп жазады Informburo.kz.

Жаңа үйлердің жөні белгілі, ал бұрын қолданыста болған пәтерді сатып алар болсаңыз, үйдің келесі құжаттарын тексерген абзал:

  • Үйдің сату-сатып алу шарты;
  • Сыйға тарту шарты;
  • Айырбас шарты;
  • Жекешелендіру шарты;
  • Мұрагерлік құқық туралы куәлік;
  • Жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты;
  • Жылжымайтын мүлік құқығының тіркелгені жөнінде құжаттар (оны Халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады);
  • Коммуналдық төлем бойынша қарыздың жоқтығын растайтын түбіртек;
  • Жер телімі туралы акт (жер үй болған жағдайда).

Сондай-ақ, пәтер иесінің салық бойынша қарызының жоқ екеніне көз жеткізу қажет. Мұндай анықтаманы Салық департаментінен алуға болады.

Екінші кезекте тұрғын үй каркасының қандай материалдан жасалғанына мән берген дұрыс. Негізінен, көпқабатты тұрғын үйлердің үш түрі бар:

  • Монолитті-каркас үйлер. Олардың жер сілкінісіне төтеп беруі жоғары. Дегенмен үйді қайта жоспарлау мәселесінде қиындық тудырады.
  • Панельді үйлер. Бағасы арзан. Алайда, үйдің жылу жүйесінде проблемалар болуы мүмкін және үй қабырғасы жұқа болғандықтан, дыбыс өткізгіштігі жоғары.
  • Кірпіш үйлер. Жер сілкінісіне төтеп беруі төмен. Мұндай үйлер жылы әрі жоғарыда аталған үйлермен салыстырғанда тынышырақ болады.

Келесі кезекте үй орналасқан ауданның қолайлылығына мән берген абзал. Бұл ретте ауданның ауасының тазалығы, балалар ойнайтын алаңның сапасы, жақын жерде мектеп, балабақша, дүкен, емхана, дәріхана секілді нысандардың болуы маңызды.

Одан бөлек, үй көлік тұрағы мен қоғамдық көлік аялдамасына неғұрлым жақын болса, соғұрлым қолайлы болмақ. Жолдың жарықтандырылуы мен абаттандырылуы да таңдау жасарда мән беру қажет жәйттер.

Тұрғын үй орналасқан аудан көңілден шықса, үй мен пәтер ішін жақсылап қарау қажет. Бұл ретте келесі кеңестерді ұдайы назарда ұстауды ұсынамыз:
  • Пәтерді қарауға күндіз барған абзал. Бұл кезде бөлмелерге күн сәулесінің қалай түсетінін және олардың қаншалықты жарық болатынын байқайсыз. Қараңғы уақытта аңғарыла қоймайтын кемшіліктер де күндіз анық көрінеді.
  • Пәтерді бірінші не соңғы қабаттардан алмауға тырысқан жөн. Көп тұрғын үйде бірінші қабат тұрғындары сыз бен ұрылар, ал соңғы қабат тұрғындары шатырдан су ағу мәселесіне кезігеді.
  • Бір подъездтегі пәтер саны 4-тен аспағаны абзал. Бұл тазалық пен тыныштықтың кепілі.
  • Пәтердің жылу жүйесіне мән беру қажет. Тот басқан құбырлар жүйедегі ақаулардан хабар береді.
  • Бөлмелердің, әсіресе, ас үй мен жуыну бөлмесінің қабырғалары мен төбесінің сыздануына назар аударған жөн.
  • Пәтер таңдау кезінде үй иесі рұқсат етсе, фото және бейнетүсірілім жасаған дұрыс. Бұл бірнеше пәтерді салыстыру кезінде пайдасын береді.
  • Пәтер орналасқан үй туралы ғаламтордан және әлеуметтік желілерден алдын ала ақпарат жинап, зерттеу жасаған абзал. Әдетте, тұрғын үй атауына сәйкес хэштегпен мұндай ақпаратты оңай табуға болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған