Пердехан Шәмшиев

«Салауаттылық» сөзін естігенде алдымен көз алдымызға ауылдың бейнесі елестейді. Ауылда еш қайға-мұңсыз өткізген тәтті балалық шақтан естеліктер көңілімізге тыныштық, санамызға түрлі ой салады. Қазір артқа бір сәт көз тастасақ бүгінгі салауаттылыққа деген құштарлық сезімінің бастауы «ауыл» екендігіне көзіміз жетеді.

«Ауыл» десе жүрегі тебіренбейтін қазақ жоқ шығар. Бізді салауаттылық әлеміне алып келген дара жол дәл осы ауылдан бастау алады. Ауылдағы күнделікті тыныс-тіршілік баланы салауаттылыққа баулитын тұтас тәрбиелік концепция іспетті. Таза ауа, жан мен тәнге қуат беретін төрт түліктің адамға берген несібесі, көшенің шаңын бұрқыратып ойналған футбол, күнделікті ойналған асық жамандықты, салауаттылыққа қарсы дүниелерді өне бойына сіңдірмейтін тәрбиелік концепция. Мұны әрбір қазақтың ұмытпайтыны сөзсіз. Әсіресе қаланың күйбең тірлігі, оның өзіне сай мәдениеті мен бүгінгі цифрлық технология дамыған төртінші индустриялық революция заманында ауылдың салауаттылық әлеміне бастаған тәрбиелік концециясын есімізден шығармағанымыз абзал. Қалаға келген, қазіргі заманда өмір сүретін жастар бұл бастауды орнымен күнделікті өмірде қолдануы қажет. Ағаштың тамыры шірісе діңі қатаймайды, сабағы мен жапырақтары жайқалмайды. Сол сияқты адамның өмір сүретін мекені мен заманы өзгерсе де тамыры, яғни дара жолының бастауы өзгермеуі тиіс.

Біз қарастыратын тағы бір мәселе – салауаттылық ұғымының мән-мағынасы. Біреулері салауаттылықты спортпен шұғылданып тән саулығын жаттықтыру деп түсінеді, екіншілері жан саулығын алға тартады. Біз осы көзқарастармен келісе отырып, оларға қосымша, салауаттылық жан мен тәннің саулығы ғана емес, ойымыз бен ниетіміздің, одан пайда болатын жаман әдеттерден арылу процесін түсінеміз. Ойымыз бен ниетіміздің, жаман әдеттерден арылудың бір ғана жолы тәрбиеде жатыр. Бұл тәрбиенің бастауы ,жоғарыда атап өткеніміздей, ауылдың тәрбиелік концепциясында жатыр.

Жоғарыда біз қала мен заман туралы сөз бастадық. Осыдан мынадай сұрақ туындайды: еліміздің қаласының бейнесі мен өмір сүріп отырған заманымыздың бейнесі қандай?

Қазіргі қала еуропалық мәдениет, ғылым мен білімнің, еуропалық өмір сүру стандарттарына біртабан жақын орта ғана емес, ол сонымен қатар тексіздік ортасы. Жастардың санасын улайтын, оларға теріс тәрбие беретін орта. Мәдени-сауық орындары, адамның рухани азғындауына алып келетін орындар мен жағдаяттар міне мұның бәрі қала өмірін бейнелейді. Бізге тек тән салауаттылығы ғана емес, рухани салауаттылық қажет. Өскелең ұрпақтың басым баратын орындары кітапханалар, музейлер, театрлар болуы керек. Рухани салауатты жастар, қоғам мен мемлекет қана биік жетістікке жетеді. Бұл тек жеке адамның мәселесі емес, тұтас мемлекеттік идеологияны құрайтын елдің мәселесі. Осы жерде қозғалған тақырыпты терең қарастыратын болсақ еліміз қалайша әлемді өзіне қаратады деген сұраққа жауап аламыз. Егер біз әлемді өзімізге қарату үшін табиғи қазба байлықтарымызды паш ететін болсаң өзгелермен ұзақ уақыттық стратегиялық байланыс орната алмаймыз. Материалдық құндықтарымен әлемді өзіне қаратуды мақсат еткен ел өзгелердің, қарабайыр тілмен айтқанда, бізге деген пайдаланушылық көзқарасын қалыптастырамыз. Ал егер елімізді рухани құндылықтар арқылы әлемге паш етер болсақ , бізді кемелденген ел ретінде құрметтейді. Бұл тек жастардың рухани салауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіру арқылы жүзеге асады.

Жастардың рухани салауатына кері әсер етуі мүмкін тағы бір жағдай біз өмір сүріп отырған заманамыз. Біз қазір цифрлық заманда өмір сүрудеміз. Егер осы заман ағымында өздігімізді жоғалтпай тізгінді бекем ұстасақ қана жетістікке жетеміз. Әрине ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерінен хабардар болуымыз қажет, бірақ бұл істе артық фанатизмнің қажеті жоқ. Мұндай фанатизм адамның табиғаттан, күнделікті өмірден жалпы алғанда адами өмір сүруден бізді алыстатуы мүмкін. Олай болмасы үшін ауылдың тәрбиелік концепциясын кез келген жерде, кез келген уақытта орнымен қолдануымыз қажет. Расымен де, табиғатпен ете жақын болу, экзистенционализмге берілу басым жағдайда қазақтың ауылында сақталып қалды.

Шыны керек дәстүрлі қазақ тәрбиесінің қаймағы ауыл. Оның басты дәлелі елімізге, әлемге белгілі барлық азаматтарымыздың есімдері тікелей немесе жанама ауылмен байланысты. Оларды тәрбиелеген ата-әжелер, ауыл аймақ, ауылдың тыныс-тіршілігі. Елімізге, әлемге әйгілілік пен рухани және тән салауаттылығы осы ауылмен байланысты. Елбасы Н.Ә Назарбаев та бәрімізге белгілі ауылда өсіп, тәрбие алған. Қалада өмір сүріп, талай заманды басынан өткізсе де ауылдың тәрбиесін ұмытпай осыншама жетістікке жетті. Қазір елімізді әлемге әйгілі еткен күміс көмей әнші Димаш Құдайбергенов те дәстүрлі қазақ тәрбиесіне негізделген ауылдық тәрбие концепциясы негізінде тәрбиеленді. Алған рухани салауаттылық әлемге қазақтың рухани байлығын, тілін, ділін, мәдениетін, тәрбиесін, дәстүрін паш етті. Мұның бәрі рухани салауаттылықтың нәтижесі екені сөзсіз.

Сонымен біз ой толғау барысында салауаттылық ұғымының мән-мағынасына, оның рухани тұсына, сол рухани салауаттылыққа жетудің негізгі көзі ауылдың тәрбиелік концепциясына тоқталып өттік. Салауаттылық мәселесі кең ауқымды, бірақ өте маңызды мәселе. Оны тек тән саулығы төңірегінде қарастыру ағаттық. Өскелең ұрпақ тәнінің саулығымен қатар рухани саулығын нығайту үшін әрекет етуі тиіс. Оны жүзеге асыруда басты екі қауіп бар бірі қала өмірінің қараңғы тұсы, екіншісі өмір сүріп отырған заманамыздың кертартпа жақтары. Оны жүзеге асырудың басты жолы ауылдың тәрбиелік концепциясы. Яғни, тұрғылықты жер мен заман өзгергенімен ауылдық тәрбие өзгермеуі тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған