Абдырова Динара Джанырбайқызы

Жалпы, не туралы сөз қозғасаң да, ең алдымен оның анықтамасын айта кеткен әбден дұрыс. Мысалы салауатты деген сөз ақылды, байыпты, парасатты, ойлы деген ұғымды білдіреді екен. Ал өмір салты дегеніміз әр адамның қалай тіршілік ететіні, қалай тамақтанып, қалай демалатындығы, яғни тіршілік ету көрінісі деуге болады. Кез келген адам өзінің белгілі бір қалыптасқан өмір салтымен тіршілік етеді. Адамның өмір сүру салты тіпті қанға, оның ата-тегіне байланысты болуы мүмкін.

Дәл осы себептерге орай, салауатты өмір сүру салты үш категорияға бөлінеді екен: Салауатты өмір сүру деңгейі – экономикалық категория. Бұл адамның материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуімен түсіндіріледі. Ал салауатты өмір сүру сапасы – әлеуметтік категория – ата-анасының жұмыс орындары (оқу орындар, мектептер), өскен ортасы т.б. байланысты. Салауатты өмір сүру стилі – әлеуметтік-психологиялық категория. Бұл адамның жалпы өмірде, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстай білуіне, әр түрлі қасиеттерімен көріне білуіне, сондай-ақ өзін тікелей жетілдіре білуіне байланысты. Бұл үш категорияның алғашқы екеуі, яғни салауатты өмір сүру деңгейі мен салауатты өмір сүру сапасы адам әлеуетіне байланысты. Өйткені оқушы оларды, яғни ата-ананы, әлеуметтік-материалдық жағдайды таңдап ала алмайды. Сондықтан да адам денсаулығының жақсы болуы немесе нашарлауы, оның жалпы салауаттылық деңгейі үшінші атап көрсетілген салауатты өмір сүру стиліне байланысты. Салауатты өмір сүру стилі дағдыға және біздің әрқайсымыздың бейімділігімізге байланысты екен. Ендеше салауатты өмір салтын ұстануды 99 пайызға игерілуге болатын құбылыс деп батыл айта аламыз. Біз ең алдымен адам денсаулығына өте қатерлі, қауіпті болып саналатын төмендегі факторларды білгеніміз жөн. Бұндағы зиянды әрекеттерге шылым шегу, есірткі пайдалану, алкоголь пайдаланудың жататындығы белгілі. Әрине, біз қатарлас оқушылар бұларды қолданады деуден мүлде аулақпын. Тіпті оларға бұндай зиянды әдеттер туралы айтып, олардың көңіліне алаңдатушылық енгізудің не керегі бар деп ойлайтындар да болуы ғажап емес. Алайда, олар сыртқы ортамен байланысқа түскенде, тіпті төменгі сынып оқушыларының өзі үйінен шыққан бетте әр түрлі тосын жағдайларға куә болып жатады. Оларды өмірдің көлеңкелі жақтарынан сақтандырып, жағымсыз жәйттерді бүркемелеудің қажеті жоқ. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы өркениетті қоғам бейнесі сомдалады, өйткені елдің ертеңі жастар екені белгілі.

Денсаулықты сақтау, оны нығайту, аурулардың алдын-алуға орай жүргізілетін іс-әрекеттердің өзі жетіп артылады. Мәселен: спортпен айналысу, тиімді тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу (шылым шекпеу, алькоголь мен есірткіден аулақ болу), еңбек үрдісін дұрыс ұйымдастыру, тіпті уақытымен демалудың өзі салауатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір көрінісі болып табылады. Салауатты өмір салтын ұстану – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін, дінін, ұлттық ойындарын насихаттаудың тиімді жолы. Мәселен, уақытын теледидар алдында мультсериалдар көрумен өткізетін, не болмаса ұялы телефондағы шым-шытырық ойындардың шырмауынан шыға алмай отыратын баланың күн тәртібін дұрыс ұйымдастырған жөн. Бала күні бойы ақпараттық-танымдық мәндегі сабақтардан да жалығады. Сол себепті оны әр түрлі курстарға, қосымша сабақтарға берумен қатар, баланың қызығушылығын ойын арқылы арттыра түскен жөн. Ой еңбегі мен дене еңбегінің алмасып отыру қажеттігі ешкімге де жұмбақ емес. Осы арада бізге ұлттық ойындардың әкелетін әсері орасан. Тоғызқұмалаққа, күреске қатысу баланы ел ертеңі деп саналатын жас буынның ата-баба дәстүрінен алшақтамай тәлім алуына, ұлттық танымда тәрбиелеуге мүмкіндік берсе, шахмат, теннис немесе футбол, волейбол, баскетбол секцияларына қатысу біздің жан-жақты дамуымызға әсерін тигізеді. Атап айтар болсақ,

  • оқушының топ ішінде жұмыс істей білу қабілетін арттырады;
  • ортамен тіл табыса білу дағдысын жетілдіреді;
  • дене қозғалысынан ағза жетіле түседі, икемділік қасиеттері артады, бойы сергіп қалады т.б.
  • ал кейбіреулері тіпті осы салада бағы жанып, өмірдегі өз орындарын тауып жатады. Үлкен жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыруына себепкер, басты мұрындық болып жатады.

Баланы тазалыққа, ұқыптылыққа үйрету ісі бір күндік жұмыс емес. Бала есін біліп, алғаш тәй-тәй басқан сәттен бастап-ақ оның іргетасы қалана береді. Тазалық сақтау, жеке бас гигиенасы, қоғамдық орындарда тазалық сақтау (қоқыс тастамау т.б.) және тазалық шараларын (лас орындарға отырмау, баспалдақ жақтауларын қолымен сүртіп өтпеу т.б.) ұстана білу де осыған байланысты. Яғни әке қанымен, ана сүтімен берілетін қасиетпен қоса, отбасындағы тазалық шараларына тікелей қатысты болып келеді. Сонда ғана бала бойында ортада өзінің әрбір әрекетін қадағалай білу, өз ісіне жауап бере алу тәрізді асыл қасиеттер дамып жетіледі. Қазақ халқы ежелден «Тәні саудың – жаны сау»,-демей ме?!. Мектеп оқушыларын кіші жастан тазалыққа баулу қажеттілігі ешкімге жасырын емес. Мақал-мәтелдерді жиі пайдалану дүниетанымдық негізі енді қаланып келе жатқан оқушыға белгілі дәрежеде ықпалын тигізеді.

Жеке бас гигиенасы мен қоғамдық орындарда тазалық сақтауды меңгертудің маңызы зор. Тазалық туралы отбасынан, балабақшадан алғашқы түсініктері қалыптасып, негізгі дағдылары дамып келген оқушы мектеп қабырғасына келгенде өзінің осы қасиеттерін жетілдіру үстінде болмақ. Бұл тұрғыда мектеп тарапынан атқарылатын іс-шаралар да жетіп артылады. Бұл кезеңде оқушыға тек өз басы үшін емес, отбасы абыройын асқақтата білу, мектеп мәртебесін көтере білу, қоғам, мемлекет үшін маңызы бар істерге де үлес қоса білу тәрізді жауапкершілікті қоса түсіндіре білуіміз қажет. Бұл оқушының салауатты өмір салтын белсенді ұстана түсуіне ықпал етпек. Әрбір салауатты адам – қоғамның маңызды бір бөлшегі.

Мектеп оқушыларына салауатты өмір салтын ұстануды насихаттаудың жолдарыОқушылар бойындағы салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын жетілдіруде ата-ана мен ұстаздар қауымы жетекші орын алады. Өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеуде олардың ықпалы өте басым болмақ. Өйткені біздің ата-ана мен ұстаздардың сөзінен, ісінен дағды алып өсетініміз анық. Ересек адамдардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ортада өзін ұстай білуі, жалпы салауатты өмір салтын ұстану стилі қашанда бізге үлгі-өнеге болатыны анық. Жоғарыда ата-ана баласының күнтәртібін дұрыс түзіп, оның болашақта да салауатты өмір салтын ұстанатын саналы азамат болып өсуіне ықпал етуі қажет дедік. Ал осы ретте білім беру орындарына да қойылатын талап-тілектер аз емес. Мәселен оқу еңбегінің оқушының жас ерекшелік физиологиясына сай болуының өзі үлкен маңызға ие. Егер ол шамадан тыс асып кететін болса, балалардың функционалдық қабілетінің төмендеуіне, тіпті оқушының үнемі шаршап жүруіне, оқудан қажып кетуіне әкеліп соқтыратыны дәлелденген. Мектеп қабырғасында дені сау, жан-жақты жете дамыған, белсенді жеке тұлғаны қалыптастыру міндетті шарт болып табылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған