Салауатты өмір салты – деннің саулығы мен тән саулығының үйлесімділігі. Қазіргі уақытта осы үйлесімділікті аңсап жүргендер мен осы үйлесімділік бойында болса да оны сақтап қалу үшін күресіп жүргендердің көптігі баршаға мәлім. Бұл орайда «Салауатты өмір салтының басты қағидасы артық салмақтан арылу» – деп, кәдімгі кәсіп түрін жүзеге асырып, шаруасын дөңгелетіп жүргендер де жеткілікті. Әлеуметтік желіні, ғаламтордың бетін ашсаңыз болды арықтауға арналған дәрі-дәрмек пен иммундық жүйені, адам бойындағы энергияны арттыратын ғаламат күшке ие түрлі дәрумендердің жарнамасынан көз ашпайсыз! Бағалары да тиісінше аспандап, нарықтың нақышын келтіріп тұрғандай. Жұмыс пен үй арасында күйбең тірліктің соңында жүрген қарапайым пенделер үшін бұл барлық мәселелерін шешетін бір таптырмас жол ретінде елестері анық! Өйткені, статистика бойынша әрбір үшінші адам жарнаманың желегіне еліктейді.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін алдымен смартфонынан ақыл сұрауға асығатын 21-ғасырдың тұрғындары бұл бағыттың дұрыс еместігін оқуға да ерінетіне кепілдік берер едім. Өйткені, салауатты өмір салты деп көп ұйқы мен майлы тағамды таңдап артық салмақты арттырып денсаулығы сыр бергенде ғана жанұшыра жол іздейтіндер тағы  да жоғарыда айтылған жарнаманың желегінде жүріп дәрі-дәрмек пен дәрумендердің көмегіне жүгінеді. Алайда, бұл жолда көмектесетін басты қозғаушы күш, басты жәрдем тек қана өзіңіз! Ағзаңыздағы болып жатырған дүниелерді сезіну, жаныңыз бен тәніңізді қабылдау және сүю! Сонда ғана сіз салауатты өмірге алғашқы қадамды жасайсыз деп түсінемін. Сонда ғана сіз, сізге пайдалы тағам түрлері мен жаттығу түрлерін өз еркіңізбен қабылдайсыз, дәрігердің мәжбүрлеуі немесе ұсынысымен емес.

Көпшілік пікіріне сүйенсек басым бөлігі салауатты өмір салты үнемі жүгіру, жаяу жүру және спортпен тұрақты шұғылдану деп жауап береді. Әрине жүз пайыз келісуге болады, дегенмен бұл бағытта дұрыс тамақтану мен уақытылы ұйқыны қосқан абзал. Өйткені, сіз ұзақ жолды жаяу жүріп келіп, майлы тағамдармен тоя тамақтана сала ұйқыға кіріссеңіз артық салмақпен дос боласыз деген сөз. Алайда осылардың орнын ауыстырып алдымен дұрыс тамақтанып, кейін жаяу жүріп содан кейін ғана бойыңызды еркін салып ұйқы қамына кіріссеңіз нәтиже өзгеше болары сөзсіз. Білесіз бе, бұл қарапайым ғана қағиданы мектеп табалдырығынан бастап үйреткен, үйретіп те келеді. Алайда, қанша жыл өтсе де осы қағиданы бұзғандардың санының көптігі болар, сұраныс артып диетолог мамандардың саны да, қажеттілігі де артып отыр. Салыстырмалы түрде осыдан 15-20 жыл бұрын диетолог маманға жүгінетіндер қан қысымы немесе белгілі бір сырқат түрімен ауыратын адамдар ғана жүгінуші еді. Ал, қазіргі таңда жастар да, егде жастағы азаматтар да диетологтардың көмегіне бойдағы артық токсинді, артық салмақты шығару үшін қыруар қаражатын құртып сол мектеп кездегі қағидасын қайта үйренуге кіріседі. Қарап отырсаңыз, қарапайым нәрсе, қолдан жасалған кесір, алайда келетін залалы орасан.

Көпшілік арасында тіпті, дұрыс тамақтану жүйесі деген пікір мен түрлі арықтау марафондары да өткізілуде, бұл да кірісі мол табыс көзіне айналған. Әлеуметтік желіні ашсаңыз адамды эмоциясыз қалдырмайтын дейін-кейін деген фотосуреттерден көз ашпайсыз. Бұл да керемет жарнама! Осы нәтижеге қол жеткізгісі келетін адам үшін психикалық, моральдық шабуыл деп есептеймін. Санаулы күн ішінде адам танымастай арықтамайтынын білсе де, жарнаманың желегіне еріп ақшасын құртатындардың саны азаяр емес. Өйткені, бұл бағытта қаржы табушылар жаңа технологияларды жетік меңгергендер және де фотошоп деген дүниесіз қаржы таба алмайтындар деп есептеймін. Сенімді сөйлеуге дәлел бар өйткені, кез-келген адамның қазіргі таңда осы жарнамаға алданып дәрі-дәрмек көмегімен арықтағысы келіп қаржысын құртқан танысы бар. Мен бұл мәселені жәй ғана салауатты өмір салтының бұзылуы емес, қоғам дерті деп те айтар едім. Өйткені, расында өз денсаулығынан артығы тәнімнің сұлулығы деп есептейтін азаматтар, тіпті осы бағытта түрлі спортзалдарға барып шынығудан нәтижені тез көрсету үшін де түрлі дәрі-дәрмектер мен дәрумендер қабылдап жүр. Мені қынжылтатыны осындай дүниелердің ашықтан-ашық қолжетімді болуы. Және мұндай нәрселерді қалыпты сәнге айналдырған біздің қоғам деп есептеймін. Әлеуметтік желідегі көптеген жастардың парақшасын ашып қарасаңыз денесі басынан үлкен және де еріні мен тәнін өз өлшемінен бірнеше есе үлкен етіп өзгерткен қыздарымызды көріп жасандылықтың құрбандары деп қана ойлап қоямыз. Алайда, осындай дүниелер өзәне сән ретінде ұнағанмен өз денсаулығына қаншалықты зиянын тигізіп отырғандығын ешкім ойлап басын ауыртып отырмағандай. Кейде, осындай жастарымыздың ата-анасы, жасы үлкен аға-апалары «мұның дұрыс болмады» деп айтпайды ма екен деп те ойланамын. Өйткені, осындай адамның ағзасына зиянды дәрумендер мен қоспалардан неше түрлі «аты жаман» аурулар туындап жатырғаны баршаға мәлім. Сондықтан да ең алдымен бұл нәрселердің артында не жатқанын ойлау қажет секілді.

Енді бір қызығы, кейбір азаматтар қоршаған орта мен ауаның ластануы біздің салауатты өмір салтын ұстануымызға кедергі деп есептейді. Алайда, сол ортаны таза ұстаушы өзі екенін ескермейді. Бұл мәселеде таяқтың бір ұшы өзімізге тиері сөзсіз. Алайда, сіз далаға шығып тыныстап, жаяу жүрмесеңіз немесе таңертеңгілік жүгірмесеңіз, таза ауадан сізге келер қандай пайда бар?! Әрине, ешқандай! Сондықтан да менің түсінуімше, кез-келген адамның салауатты өмір салтын ұстанбауына бірден-бір себеп өз бойындағы жалқаулықты жеңбеуінде деп есептеймін. Жалқау адамның бойынан ешқашан сылтаудың да айырылмасы анық! Сылтаурататын адам қашан да өзінен өзгенің барлығына кінә артып, мәселеленің шешімін емес, өз мәселесіне өзгені жауапты етуді көздейді.

Сөзімізді түйіндесек, кез-келген адам өзін-өзі жақсы көргенде ғана салауатты өмір салтын қалыптастырып нәтиже шығара алады. Ал, бұл мақсатты құп көрмейтін азамат, толассыз сылтау айтып, бұл нәрсеге қол жеткізетін оңай жолды іздеп жүре береді. Сондықтан, таңдау өзіңізде, өзімізде!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған