Салауатты өмір салты –  естияр балалық шағымыздан бастап айтылып, көкейде жаттанды сөз тіркесі болып қалған дүние. Ал, оның мағынасына толық қанды үңіліп қараған жан азды – кем. Мектеп қабырғасында да талай түсіндіріліп, бойымызға сіңірілді. Бірі шынымен өз өмірінің өзегі етіп қосып алса, енді бірі көрер көзге әдемі көрініс үшін жасанды дүние жасап жүрсе, тағы бірі оған мүлде көңіл аударуды құп көрмейді де.

Салауатты өмір салтын ұстану, өз өміріңе жауапкершілікпен қараумен пара – пар келетіні анық. Ұлы ғұламалар мен көптеген зерттеулерде, жүргізілген тәжірибелерде осының дәлелі.

Салауатты өмір салты тек таңғы жаттығу мен жүгірумен шектелмейді. Адамның дені сау болу үшін оның ішкі жан дүниесі де әдемі ғана емес сау болуы керек деп ойлаймын. Оянған соң жақсы көңіл күй, ойдың, мидың тынықтығы. Адам ең алдымен өз денсаулығын өзінің жаман ойымен, өзін қажытып, шаршатумен құртады. Адамның ең нашар қасиетінің бірі осы жаман ой. Және тағы бір нашар қасиетінің бірі айналасындағы болып жатқан өмірімен байланысты қиыншылыққа міндетті түрде кінәлі адамды іздеуі, міндетті түрде тауып,  сол адамға кінә артып, өз өмірінде сол қате қадамды қайта басуға алып келіп отыруы. Бұның бәрі ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Балаға қатысты ешқандай жан ата-анадай бола алмайды, бала айтқаныңды емес, өзіңнен көргеніңді қайталайды. Қазіргі таңда бұл мәселеге әлеуметтік желіде біраз әсерін тигізіп отыр. Міне біздің кінә артатын дүниелеріміз, кінә тағар адамдарымыз. Біз тек осылай ғана бірімізге-біріміз ысырып қана қойып отырамыз қарап, ары қалай не болар екен, не істер екен деп. Бірақта зымырап өтіп жатқан уақыт, қайтып артқа қайтарылмайтын өміріміз. Соңында өкінішпен өзекті өртеп бара жатқан өкінішпен қалатын өзіміз. Кеш.

Спорт қазіргі таңда жұмыстан шаршауды, жабығуды ұмыттыратын машықтардың бірі болып табылады. Спорт арқылы адам денсаулыққа зиянды жаман әдеттерден тыйылып қана қоймай, рух пен тән саулығы үшін де орасан пайдасын көрері анық.

Десек те, мектеп қабырғасында оқып жүріп дене шынықтыру сабағынан сылтау іздеп қатыспау, босату туралы анықтама алу, одан қалды жоғарғы оқу орнына оқуға түскен соңда қатыспаудың сылтауын іздеу. Ол сылтаумен пара беру арқылы сабақты жауып, парақорлыққа жол беру. Бірнеше жыл өткен соң, бірнеше қателіктерден кейін, есейіп, ер жетіп спорттық клубтарға қалтамызды қағып абонемент сатып аламыз. Ойланып қарасақ күлетін де, ойланатын да жағдай.

Ислам діні ақшаны босқа шашып-төгу, адамның басқа да жауапты істеріне кері әсерін тигізу, басқалардың құқықтарын бұзу секілді теріс мақсатқа қолданылмаған жағдайда спортты діни тұрғыдан қолдап,  тіптен осыған ынталандырған. Спорттың сан түрі бар. Спорт түрлері көңіл көтерумен қатар дене тәрбиесі және дене күтімі тұрғысынан өте пайдалы әрекет болып есептеліп, пайғамбарымыздың дәуірінен қазіргі уақытқа дейін мұсылман елдерінде кеңінен таралып отыр. Айта кетерлік тағы бір жайт, ол мұсылман қоғамында осы спорттың әкесінің баласына үйретуі әкелік міндет ретінде бағаланады.

Қорыта айтар болсақ, көңіл көтеру және дене тәрбиесі ретінде бағаланатын спорт түрлерінің әдептілікке қайшы келмеуіне назар аударған жөн. Сонымен қатар, спорттың, ел мен жердің танытылуында және еларалық татулық пен бейбітшіліктің орнығуында да пайдасы мол екендігін ескере жүру артық емес.

Қаншама парақ шыймайланып, қаламдар таусылды, бірақ салауатты өмір салтын сақтау, әрбір отбасында өмірлік ажырамас жұбы етіп қалыптастыру  іске аспағаны мәлім. Осы айтылған ойлар, жастардың жазған толғаныстары бір сарынға түсіп, нәтиже шығарар жол табылса нұрдың үстіне нұр болар еді.

Көптеген ойлар іске асса, құлаққа еленер болса. Шаралар көптеп ұйымдастырылса, қазіргі жастарда дұрыс өмірге бет бұрыс қарқынды дамып келеді.  Сонау кеңес заманында қазақтың миын улап, ащы ішімдікке құмарландырып, оған байлап тастағаны аян, салдары әліде жалғасып келеді. Қуантар жағдай көкірегі ояу, дәнге деген бетбұрысы дұрыс қалыптасып келе жатқан жастарымыз көбеюде.

Болашақта дамыған мемлекетімізде өз өміріне салғырт қарамайтын, салауатты өмір салтын өмірлік серігі етер жастарымыз көбейіп, отбасы тәрбиесінде салауатты өмір салтын ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп, мұра етіп қалдырып отыратын отбасылар көбейе берсін. Әр әке баласына берер тәрбиесінде спортты, салауатты өмір салтын ұстануды міндетті бөлшегі етіп қалыптастырып отырса, Отан – отбасынан басталады деген атам қазақтың айтып кеткен даналығы ақталар ма еді. Салауатты өмір салтын ұстануды өзімнен бастап қолдаймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған