“Дені сау кедей – ауру корольден бақытты”

Шопенгауер

Күнде таңертең 6-7 шамасында оянамын. Ұйықтап жатқан адамның арманы да бірге ұйықтайды. Әттең, мұны тек 2-курста ғана түсіндім. Әлі де кеш емес. Арманға апарар жолдамын.

Төсектен тұра сала бірінші істейтінім – таңғы жаттығу. Бөлмелестерім пырылдап ұйықтап жатқанда мен пысылдап жаттығу жасап жатам. Неге сонша тыраштана берем? Иә, мұндай артқа тартатын ойлар келетіні бар. Бірақ пайдасы жайлы ойлағанда мотивациям арта түседі. Біріншіден, таңғы уақыт күніңді жоспарлауға таптырмас уақыт, идеялардың жарылысы болатын сәт. Екіншіден, таңғы гимнастика күні бойы сергек жүруіме, күнімнің продуктивті өтуіне септігін тигізеді. Мүсінің де сұлу болады. Бұл әдетім өзгелерге де әсер етуде. “Ертең мен де бастаймын, көр де тұр!” деп кетеді. Бірақ, ол күнде ертеңнің еншісінде қалып жатады. Кейбірі бүгін-ақ бастап кетті. Өзгерісті өзіңнен баста деген рас екен. Айналамдағылардың өзгеруі өзіме байланысты.

Жаттығудан соң міндетті түрде 1 стақан су ішемін. Бұл – түні бойы демалған ішек жұмысын ояту үшін пайдалы. 30 минуттан соң ғана тойымды таңғы ас ішемін. Қасымдағы қыздардың кейбірі таңғы ас ішпейді. Күні бойы нәрсіз тамақтарды жеп, кешкі асқа көп мөлшерде тамақ ішіп қояды. Ал бұл өз кезегінде артық салмақтың жиналуына әкеледі. Халық нақылында “Таңғы асыңды өзің же, түскі асыңды досыңа бер, кешкі асыңды жауыңа бер” дейді. Осы сөз әрдайым санамда.

Тобымда Шынар атты қыз бар. Сұлулығы “Мың бір түндегі” Шехризаттай. Бойында бір ғана мін бар – артық салмақ. Бір ай бұрын фитнеске жаылыпты. Одан түк пайда болмай, аяғының тамырлары шығып ісіне берген. Халық арасында сауатсыздық әлі де бар. Спортқа жазылдым яки арықтататын дәрі сатып алдым, бітті, Дженифер Лопез бола қаламын деп ойлайды-ау. “Алма піс – аузыма түс” деу не деген надандық?! Бұған интернеттегі өнімін сата алмай жүрген кәсіпкерсымақтардың да әсері бар. Күлкім келетіні, ол тәулігіне 2 литр су ішіп отырса, сиқырлы дәрінің әсері жоғары болады-мыс. Сол дәрісіз-ақ күніне 2 литр су ішіп, калорийден арыла аласыз. Себебі су метаболизм, яғни зат алмасу процесін жақсартады.

Қиналып жүрген құрбыма бар білгенімді айттым. Салауатты өмір сүре бастағалы мен де аздап “диетолог” боп алғанмын. Шынардың жағдайында бірден ауыр жаттығулармен денені қинауға болмайды. Өйткені салмақ тым артық. Ол жаттығу барысында аяққа көп күш түсіріп, аяқ бұлшық еттеріне кері әсер етеді. Бұл жағдайда алдымен диетаға отырып, тым артық салмақтан арылып алған жөн.

Артық салмақпен күресу кезінде ойымызды тәтті бір нәрсе мазалап тұрады. Ол – біздің сүйікті шоколадымыз. Тәттіден мүлде бас тартуға тағы болмайды. Тәттімен де арықтауға болатын әдіс бар. Ол үшін “Парето принципін” (80-20) қолданамыз. Тамақ рационымыздан қуырылған тамақтарды алып тастап, оларды қайнатып жейміз. Жақсы көретін шоколадымыздан мүлде бас тартпаймыз. Күніне “Қазақстанның” тек 1-2 бөлігін ғана жеп қоямыз. Адамға тыйым алған сайын оның сол нәрсеге құштарлығы арта түседі. Бұл психологияда дәлелденген дүние. Бір күні шыдай алмай бір қорап шоколадты жеп қойғаннан гөрі күнде аз-аздан дәм татқанның зияны жоқ. Ол керісінше жадымызға өте пайдалы. Демек, бұл принцип бойынша 80% пайдалы,  20% пайдасыз, бірақ өзімізге ұнайтын тамақты жейміз. Аталған тұжырымды күнді жоспарлауда, уақытты тиімді пайдалану кезінде де қолдануға болады.

Тағы да таң. Су толы бөтелкемді қолыма ұстап, университетке кетіп барам. Түске дейін жарты литр су ішем. Түскі астан соң бөтелкемді қайтадан суға толтырып алдым. Жолда Айнұр кездесіп қалды. Қолы абайсызда мендегі бөтелкеге тиіп кетті. Пластмасса ыңғайсыз құлаған болу керек, бірден сынды. Күніне 1,5 литр су ішуім керек. Бөтелкені соған арнайы сатып алғам. Арзан да тұрмайды. Өкінішті. Солай жазғаны да. Мейлі.

Бүгін кешке Жансая үйге өңі солғын болып келді. Денсаулығына байланысты ине қабылдапты. Бірақ емнен кейін мұрны қанап, орнынан тұра алмай қалған. Оның себебі, дәрігердің айтуынша, дәріні аш қарынға қабылдауында екен. Күнде сабаққа ашқұрсақ кетіп, түсте бірдеңе жеген болады. Күні бойына арқау болатын ол – таңғы ас қой. Жансая бүгін таңғы асын ішіп кеткенде дәрі осылайша кері әсер етпес еді. Былай қарасақ, аурудың бәрін өзіміз қолдан жасап аламыз. Белгілі ережелерді сақтасақ, өмір жеңіл болар ма еді?

Бүгінгі жетістігім – он бес мың қадам. Күнделікті жүрген қадамымды есептеп отырамын. Ол үшін телефонда әртүрлі қосымшалар бар. Көлігің болғаны жақсы ғой. Алайда белсенді өмір салтымен айналыспаса, мүлде жақсы емес. Өз басым жаяу жүргенді ұнатамын. Университетке жаяу бару үшін тұратын үйімді де жақын жерден таңдадым. Бұл ойыма алыста тұратын достарым келіспес. Бірақ мұның да алдын алуға болады. Бір-екі аялдама ерте түсіп, ары қарай жаяу барғанның пайдасы аз емес.

Ғимарат ішінде, жабық жерде отырғаннан табиғат аясында болу көбірек ұнайды. Табиғатпен үндестікте болу, онымен тілдесу, бәрі-бәрі рақат сыйлайды. Адамды өзгертетін – жүрген ортасы. Күн тәртібімдегі әдеттер айналамдағыларға да әсер ете бастағандай. Автобуспен жүруді лайық көретін Дина да сабаққа менімен бірге жаяу баратын болды. Жаяу жүргелі артық салмақтан да арыла бастағанын айтты. Күнде таңертең жүгірмесек те, тез жүру арқылы салмақ тастауға болады. Бастысы белсенді болу.

Ұйқымның қалыпты болғанын қадағалаймын. Достарымның біразы түнгі бір-екіге дейін көз ілмей, өте кеш жатады. Ал бұл өз кезегінде ағзаға зиян.  Түн ортасы ауғанда, дәлірек айтсам, екі мен үштің арасында жас организмге пайдалы гормондар бөліне бастайды. Ол гормондар дұрыс бөлінуі үшін адам ұйықтап жатуы керек.  Адам күн сайын уақытылы ұйықтап, түні бойы жақсы көз ілетін болса, ағзаның бәрі ойдағыдай демалып, келесі күнге ағзаны дайындайды. Дені сау адам күніне 8 сағаттан артық немесе кем ұйықтамауы тиіс. Сондай-ақ күндіз 1-2 сағат демалып алғыңыз келсе, онда мұндай демалыстан бас тартудың қажеті жоқ. Себебі арасында демалып алғанның ағзаға пайдасы болмаса зияны тимейді.

  • Сая, кеттік, сабаққа шыға берейік!
  • Мен әлі дайын емеспін. Автобуспен бара салам. Сен шыға бер.
  • Сая, жүрші, жалғыз барғым келмейді.
  • Аяу, әлі боянғам да жоқ. Үлгермеймін.
  • Айттым саған,  ерте тұр деп. Ерте тұрсаң, үлгеретін едің. Ертең ерте оятамын. Айтпады деме. Мен кеттім.

Таза ауа, ашық аспан, әсем табиғат! Сұлулығына көз тұнады. Күн нұрына шомылып кетіп барам. Автобустың шаңын жұтып барғаннан осы әлдеқайда жақсы. Кеше менің кезекшілігім болатын. Кешкі асты көгалға дайындадым. Көк шөпке көрпені жайып жіберіп, көсіліп отырып ас іштік. Табиғаттағы қара шайдың өзі бал татиды. Отырысымыз  мағыналы әңгімемен жалғасты. Қыздар да риза, мен де риза. Төрт қабырғадан шығып, көк шөптен энергия алып қайттық. Жан тыныштығы деп осыны айт.

Қазанның он төртінші жұлдызында Алматы жастары арасында қалалық спартакиада өтті. Команданы бір апта қалғанда жинадық. Жүлдесі қомақты, әрі уақытты көңілді, тиімді өткізуге таптырмас мүмкіндік. Сонымен белді бекем буып, мықты команда құруға кірістік. Спартакиада болғасын спортқа бейімі бар, шымыр денелі қыз-жігіттерді іздедік: бес жігіт, бес қыз.  Тобымыздан үш қыз жиналдық. Екі орынға  дебат клубындағы әпкелерім келді. Қыздар дайын. Жігіттерді жинай алмай біраз сабылдық. Шынында да спортшы жігіттер болмағаны ма? Әлеуметтік желіде хабарландыру жүргізілді. Достарыма ұсынғанымда бас тартқандары да болды. Байқағаным, қатарластарымның спортқа қызығушылығы төмен екен. Иә, оқыңдар! Достарым өте білімді. Алайда ара-тұра спортпен айналысқан да мақұл іс. Физикалық қозғалыс болмаса, білімнің басқа қонуы қиын. Сергек ағза қиын білімді оңай қабылдауға мүмкіндік береді.

Ұсынысыма Еламан атты ақын досым келісе кетті. Басқа мүшелерді жинауға бел шеше кірісті. Еламанның нашар жігіттермен араласы жоқтығын білемін. Оның таңдауына сенемін. Нәтиже көп күттірмеді, сенімім ақталды. Бас-аяғы бір тәуліктің ішінде керекті жігіттер табылды. Университетегі инженерия факультетінен төрт жігіт. Төртеуі де Еламан сияқты ойлы,  “сен тұр, мен атайын” деген жігіттер. Оның үстіне спортпен де айналысады екен.

Спартакиада басталды. Қатысушылардың саны өте көп. Тіпті ине шаншыр жер жоқ. Жастардың белсенділігі көз қуантады. Сайыстардың бірінен жеңілсек, бірінде мерейіміз үстем болып жатты. Сөйтіп он бес команданың ішінде төртінші болып келдік. Нәтиже жаман емес. Бірақ маған қаншасыншы келгеніміз маңызды болмады. Жаңа танысқан адамдардың аз ғана  уақыттың ішінде бір-біріне бауыр басып кетуі, бір-бірін қолдауы қандай керемет көрініс екенін білсеңіз ғой! Командамызбен бір күн бұрын ғана көрісіп, танысқанбыз. “Кемедегінің жаны бір” демекші, жарыста бұрыннан таныс адамдардай сөйлесіп кеттік. Әр сайысқа шығарда командаға қолдау көрсету, құлағанда демеп, сөздеріңмен күш беру, бәрі-бәрі  рақат сыйлайды. Қарапайым дүние болса да, адамдарды жақындастыратын осы нәрселер. Сол күнгі жарқын эмоцияларды ешқашан ұмытпаспын. Ұмытылмас күн…

А. М. Кирхенштейн “Көп жасау – деннің саулығы, бақытты болу – адамның өз қолындағы ісі” деген екен. Расында да, барлық нәрсе өз қолымызда. Жаттығу жасасақ – пайдасы өзімізге, жасамақ – зардабы да  өзімізге. Деніміздің саулығы өзімізге ғана қажет. Ол біздің тағдырымызды шешетін дүние емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған