Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Дегенмен осы сөздің салмағын көп жағдайда сезбейтін де, мойындамайтын да секілдіміз. Денсаулық жайында сөз қозғалғанда көңілімізге қонымды көрініп, келісеміз. Содан соң жалқаулыққа мойынсұнып жайылып кете береміз. Күндердің күнінде бір арылмас дертке шалдығып санымызды соғамыз. «Не жаздым?!” деп көкірегіміз қарс айырылып, өмірден түңіліп, сергелдеңке түсеміз. Ұлы ойшыл Сократқа кезіңде мынадай сұрақ қойылған екен: «Адамға өмірде не қымбатырақ байлық па, әлде атақ па?» депті. Сонда Сократ «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей, ауру патшадан бақыттырақ» деп жауап беріпті. Демек, адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі салауаттылық.

Қазірде дүние жүзі бойынша халықтың табиғи өсімі бәсеңдеп, сырқаттанушылық және өлім–жітім деңгейі арта түсті. Әсіресе, балалар мен жастардың денсаулығы қауіп тудыруда. Темекі, алкогольді ішімдік, есірткіге құмарлық және ерте жыныстық қатынас белең алуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша халық денсаулығының 50 % өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді, 20 % қоршаған орта ерекшеліктеріне байланысты екен. Денсаулыққа қатер төндіретін негізгі факторларға  мыналар да енеді: қозғалыс күшінің кему салдарынан қимылдың кемуі (гиподинамия) дене массасының артуы, жүйесіз тамақтану. Яғни, жоғарыда аталған факторладың бәрі қазіргі таңда бүкіләлемдік мәлесе болып отырған семіздікке әкеледі. Жүрек- қан тамыр ауруларының да тым жасаруына да осы аталған факторлар тікелей байланысты. Қазақстанда, әсіресе, 10-18 жас аралағындағы жасөспірімдер арасында семіздік дерті белең алып отыр. Бұрындары, жасы 40 – тан асып, 50- ді алқымдаған жігіт ағасында бар қозы қарын мектеп оқушыларына тән болғалы қашан?… Елімізде халықтың 25% астамы семіздіктен зардап шегіп отыр екен. Бұған себеп, бірінші кезекте, әрине, дұрыс тамақтанбау және дене қозғалысының бәсеңдеуі.  Фаст фуд пен газдалған тәтті сусындарды шектен тыс тұтыну.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстан Орта Азияда семіздіктен көш бастап келеді. Өкінішті, әрине, елімізде әр түрлі онкологиялық, созылмалы дерттердің  жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптауына да бірден бір себеп- семіздік. Ал, семіздікке себеп  – дұрыс тамақтанбау, спортпен айналыспау, жалқаулық. Қимыл-қозғалысты аз мөлшерде ғана қысқартқанның өзінен денеде айтарлықтай өзгерістер пайда болады. Мәселен, бұлшық еттің солуы, жүректің жиырылу күшінің кемуі, ішкі ағзалар қызметінің әлсіреуі  секілді құбылыстар байқалады. «Сақтауға қажет бір асыл болса – алдымен жүрегіңді сақта, өйткені өмір бастауы – сол  жүрек» – деген атақты ғалым Уильям Гарвей.

Халықтың денсаулығы – ел дамуының ең бірінші көрсеткіші , келешегіміздің кепілі.
Атам қазақтың «Бірінші байлық – денсаулық», деген даналық сөзі дәл айтылған емес пе? Денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып барлық игіліктен жоғары санаған.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен тұрақты  шұғылдану-өміріміздің сапалы болуының басты кепілі. Ол үшін денсаулықа жағымсыз әрекеттерден (нашақорлық, шылым шегу, ішімдік ішу, улы заттарға әуес болу) аулақ болған абзал. Ғұлама Аристотель: «Жанды дене қозғалмаса өледі» – деген екен. Сол тұжырымдама біз үшін салауатты өмір сүрудің негізгі нүктесі болуға тиіс. Салауатты өмір салтын ұстануда спорттың рөлі зор. Дене қозғалысы адам ағзасын дамытып, жұмыс істеу қабілетін арттырады, ауруды алыстатып, өмірімізді ұзартады. Денсаулық – адамға табиғаттың берген ең үлкен құндылығы. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұзақ уақытты талап етеді, бірақ бұл нағыз денсаулықты сақтайтын және нығайтатын жолдардың бірі.

Сонымен, барлығын өзімізден бастайық дегім келеді. Өзімізді, балаларымызды, жақындарымызды дұрыс тамақтануға, дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырайық. Біздер, ата-аналар қауымы отбасымызды, әсіресе, өсіп келе жатырған кішкентай бүлдіршіндерімізді көшенің зиянды тағамдарына әуестендірмей, керісінше, үйде дәмді, құнарлы аспен тамақтандырайық. Ата- бабаларымыз ет жеп, шұбат – қымыз ішіп, ат үстінде шауып жүріп өмір сүрді. Нәтижесінде, ешқандай семіздіктің, қазіргі кездегідей неше түрлі атын адам естімеген ауру-сырқаулардың не екенін де білмеді. Балаларымыз бізге қарап бой түзейді. Өзіміз оларға үлгі болып, күнделікті 10-15 минут болса да дене шынықтырумен айналысып жүрсек,  жат қылықтарға үйірілмесек  ұрпағымыз көргенін, әлбетте, қайталайды және кейінгі ұрпақтарға дәл солай үлгі бола алады деп ойлаймын.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан 2030 стратегиялық даму бағдарламасында « Салауатты өмір салтын ынталандыру  әрқайсымыздың дене тәрбиесімен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткілерді, темекі мен алкогольді тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға бағытталған» делінген. Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары хақ. Жаны сұлу, тәні сау ұрпақ, ата-бабамыз аманат еткен тәуелсіз еліміздің алтын тұғырын жоғалтпай, көк туын көкке қарай  биік көтерейік!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған