Нұрахмет Ерден Қыдырбекұлы

Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – ақ жаулық,

Үшінші байлық – он саулық.

Қазақта айтылған әр сөздің де, мақалдың да мағынасы мен тәрбиелік мәні зор. Ата-бабаларымыз байлықтың түрі көп екенін айта келіп, бірінші байлықты денсаулық деп таныған. Деніміз сау болса, одан асқан байлықтың керегі жоқ. Деніміздің саулығы жөнінде көненің көзі болған ата-әжелерімізде бала күнімізден әлі күнге дейін далаға шықсақ, алыс жолға аттансақ аяғыңды жылы ұста, бас киіміңді киіп жүр деп үнемі ақылдарын айтып отырады. Бұның барлығы қазақтың танымында денсаулықты сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.  Бұл тұжырым неміс философы Артур Шопенгауэрдің «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген қанатты сөзімен сәйкес келеді. Ал денсаулық туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген анықтамасы: «Денсаулық дегеніміз — бұл аурудың немесе дене кемтарлығының жай ғана жоқ болуы емес, денелік, психикалық және әлеуметтік тұрғыдан ойдағыдай толық күйі».

Әр адам өз денсаулығының жақсы болғанын қаласа, салауатты өмір салтын ұстанған жөн. «Дүниеде көбірек тұрғың келсе, өзіңді-өзің бапта, кеткің келсе, былапытта» деп айтып кеткен, қазақтың әйгілі жазушысы Ғабиден Мұстафиннің сөзін естен шығармағанымыз абзал. Осы тұрғыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сарапшыларының дерегіне көз жүгіртсек, халық денсаулығының 49-53%-ы өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді, 17-20%-ы қоршаған ортаға (аймақтық экологиялық және климаттық-географиялық ерекшеліктеріне), 18-22%-ы тұқым қуалау себептеріне, біздің денсаулығымыздың тек 8-10%-ы ғана денсаулық сақтау ұйымына тәуелді екен. Сонымен қатар, негативті ойлар мен көңіл күйдің болмауы да адамды ауруға душар етеді. Сондықтан адам денсаулығының жақсы болуы да, нашарлап кетуі де өз қолында. айтылмаған. Қазіргі таңда халықтың табиғи өсімі төмендеп, сырқаттанушылық пен өлім–жітім деңгейі арта түсті. Әсіресе, балалар мен жастардың денсаулығы қауіп тудыруда. Қауіптің алдын-алу үшін адамдар денсаулыққа кері әсерін тигізетін нәрселерден аулақ болуы керек. Халқымыздың денсаулығы жақсы болса, мемлекетіміздің экономикасы да жақсы болсақ. Ауру адам ешқандай жұмысқа жарамсыз болады. Ал, дені сау адам әрекет етеді, іс жасайды.

Медицина саласына зор үлесін қосқан Ибн-Сина: «Дене жаттығуларымен қалыпты және өз уақытында шұғылданып отырған адам ауруды құртуға бағытталған ешқандай емдеуді қажет етпейді» деген болатын. Халық арасында мынадай дана сөз де бар: «Ақша жоғалтқаның – ештеңе жоғалтпағаның, Уақыт жоғалтқаның – көп нәрсе жоғалтқаның, Денсаулық жоғалтқаның – бәрін жоғалтқаның». Ал енді адам денсаулығына қатерін тигізіп, кері әсер ететін факторлардың негізгілеріне тоқтала кетейін. Олардың қатарына, қимылдың кемуі, жүйесіз тамақтану, қоршаған ортаның ластануы, күйзеліске түсу, зиянды әрекеттердің кең тарауы т.б. Алдымен айта кететін жағдай, қозғалыс күшінің кему салдарынан орын алатын қимылдың кемуі. Бұны медицина ғылымында «Гиподинамия» деп атайды. Қозғалыс белсенділігі азайса, жұмыс істеу қабілеті төмендеп, түрлі ауруларға қарсы тұра алмайтын дәрежеге жетеді. Шектен тыс еңбек етуде адамның денсаулығына зиян. Еңбек ету барысында демалысты да дұрыс үйлестіре білу керек. Бұл да адам ағзасына әсерін тигізіп, ұзақ өмір сүруіне септігін тигізеді. Келесі, жүйесіз тамақтану. Майлы тағамдар мен қазіргі фаст-фудтарды көп тұтыну адамды артық салмаққа алып келеді. «Артық салмақ – аурудың белгісі» екені баршамызға аян. Халқымыз артық ішіп-жеуден әркезде де тыйып отырған. Ораза ұстаудың өзі медициналық тұрғыда адам ағзасын қажетсіз заттардан тазартады. Ораза белгілі бір уақыт ішіп-жеуден сонымен қатар нәпсі қалауларынан тыйылтады. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану. Адам денсаулығына кері әсерін тигізетін келесі фактор, ол – қоршаған ортаның ластануы. Адам ауамен дем алады. Ал сол ауамыз ластанса, жер бетіндегі адамдар ауруға душар болады. Ауаның таза болуы үшін адамзат табиғатты ластамауы қажет. Ағаш егіп, ауланы таза ұстауы керек. Және адамдар күйзеліске түспеуі керек. Күйзеліс – адам жанын жегідей жеп бітеді. Адамдар соның нәтижесінде психикалық ауруларға ұшырайды. Шектен тыс ашуланып, өз ісіне көңілі толмайтын болады. Ол өзі үшін де, қасындағы адамдары үшін де дұрыс емес. Жоғары да жастардың денсаулығы күрт нашарлап бара жатыр деген болатынмын. Оның себебі, қазіргі таңда жастар темегі шегіп, ішімдік ішіп, есірткі және уытты заттарды пайдаланады. Бұл уақыт өте әдетке айналады. Аталған заттар организмге әсер етіп, денсаулыққа зиян келтіреді. Бұлар адам денсаулығына зиянын тигізетін басты факторлар ғана. Осы аталған факторлармен күрес жүргізген адамның денсаулығы Ибн-Сина айтпақшы «ешқандай емдеуді қажет етпейді».

Адам денсаулығына оң әсерін тигізетін факторларды есте сақтап, салауатты өмір сүретін адам ең бақытты адам. Алдымен салауаттылық сөзіне анықтама бере кетсек: «Салауаттылық бұл – әлеуметтік тұрмысты жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, денсаулығынды сақтау және нығайту, зиянды әдеттерден аулақ болу және қоршаған орта табиғатты қорғау». Осы тұрғыда денсаулыққа дұрыс әсерін тигізетін факторлар: дұрыс тамақтану, қоршаған орта тазалығы, дене шынықтыру, денсаулық сақтау, медициналық көмек сапасының жоғары болуы, зиянды заттарды қабылдамау, жеке бастың тазалығын сақтау, қоршаған ортаға, табиғатқа, қоғамға, адамдарға деген дұрыс көзқараспен қарау, эмоциялардың оң болуы. Барлық адам таңертен ұйқысынан оянғаннан бастап, кешке дейін қызметте, сапарда, демалыста болсын өз денсаулығына қарайлауы керек. Ішіп-жеген тамағына мән беріп, спорттық жаттығулар жасауы қажет. Салауатты өмір салтын ұстанған адам өзгелерде де үлгі бола алады. Білімді, талапты, сауатты, денсаулығы мықты адам қоғамның алға дамуына сөзсіз өз үлесін тигізеді.

Қазақстанның әрбір азаматы әуелі өзімізден бастап қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, иманды және салауатты өмір салттарын ұстанатын болса, онда барлық қоғамда ертең салауатты өмір салтын ұстанған қоғамға айналады. Сонда біздің болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болмақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған