Салауатты өмір салты  —  бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет деген ереже, қалыптасқан қағида бар.  Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Қазіргі белгілі болған мәліметтер бойынша денсаулық  53-55%- ға салауатты өмір салтына тәуелді болады екен.

Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық десек, біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салтын ұстану болуы керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршамыздың борышымыз.

Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы болса, дені сау адам бірінші кезектегі жақындарын айтпағанда қоғам үшін маңызды, керек жан. Қоғамдағы небір жұмысты да сол денсаулық иесі ғана атқара алады. Адам бұл өмірге мәңгілікке келмейді. Берілген бес күндік ғұмырды дұрыс пайдалана білмесек, ғұмырымыз текке өтеді де кетеді. «Бірінші байлық – денсаулық…» демекші әр адамның өмірінде денсаулықтың орны бөлек. Деніміз сау болмаса, ауру меңдеп, қалжыратса, шалқыған байлықтан, ақшадан келер пайда да болмақ емес.

Шопенгауердің «Дені сау кедей – ауру корольден бақытты»,- деген қанатты сөзі өте орынды айтылған.

Дені саудың – жаны сау қашанда. Бүгінгі дені сау ұрпақ – елдің ертеңгі салауатты жалғасы.
Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі көп ретте денсаулық мәдениетінің қаншалықты дәрежеде қалыптасуына байланысты болмақ. Денсаулық – ел дамуының басты арқауына айналып, денсаулық сақтау біздің өміріміздегі келелі мәселелердің, үшінші мыңжылдыққа аттаған еліміз үшін өзекті міндеттердің бірі болып қойылғалы да  біршама уақыт болды.

Жеке адамның да, мемлекеттің, қоғамның да басты байлығы – денсаулық. Ынтымақ, бірлігі жарасқан елімізде адам денсаулығын нығайту жолында үкіметіміз ерекше көңіл бөліп отыр. Соған орай, Республикамызда салауатты өмір салтын сақтау барысында Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен «2002 жыл – Денсаулық жылы» жарияланғаны баршамызға аян.

Табиғаттың ең қымбат жемісі – адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлгені, өзін-өзі сыйлағаны.

Адамның денсаулығы – өмір тіршілігінің ең бірінші  шарты болып табылады. Сондықтан үкіметіміз денсаулық сақтау ісіне, адамдарымыздың дені сау, ағзасының мықты болуына үнемі қамқорлық жасап отыр.

«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаса керек. Дені сау болса, адамның өзі де, жан-жағындағы адамдар да бақытты.

Ашық аспанымызға қара бұлт төндірген заман кеселдерінен арылу, арылту – көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматтың борышы.

Азаматтың дені сау болуы салауатты өмір сүруді қалыптастырумен тікелей байланысты, яғни салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі. Осы ретте, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қандай жағдайларға назар аудару керек дегенге келсек. Сонымен салауатты өмір салты деген не? Бұл жеке адамның тіршілік етуге бағытталған мүмкіндіктерін қалыптастыру, қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру.

 Ағзаны шынықтыру. Көне замандардағы ғұламалардың бірі Аристотель: «Жанды дене қозғалмаса өледі» – деген екен. Әр түрлі аурулардың алдын алу үшін организмді үнемі шынықтыру қажет. Шынығудың арқасында организм қоршаған ортадағы температураның күрт өзгеруіне бейімделеді және ағзаның жұқпаларға қарсылығын жоғарлатады. Шынықтыру емшараларын таңдау кезінде адамның жасы, денсаулығы, шынығуға бейімделу дәрежесі және т.б. жеке ерекшеліктерін ескеру қажет. Қозғалыс ағзаны өсу мен дамуына белсенді ықпал етеді, ағзаның жұмысқа қабілеттігін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады.

 Дұрыс толыққанды тамақтану. Денсаулықты сақтауда уақытымен және дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Жүріп бара жатып, кітап оқып отырып, теледидар алдында тамақтануға болмайды. Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды қабылдауды шектеген жөн, тамақты аса көп жеуге, ұйықтар алдында тамақтануға болмайды. Тағам әр түрлі сапалы, экологиялық таза болуы тиіс. Төрт мезгіл тамақтануды сақтай отырып, белгілі бір сағатта ас қабылдаған дұрыс.

Жарақаттың алдын алу. Бұл сыну, шығу, күйік, үсік, улану сияқты әр түрлі жарақатты болдырмау. Жарақаттарға әр түрлі жағдайларда душар болады: көшедегі қауіпсіздік ережелерін сақтамағанда, электр құралдарын дұрыс пайдаланбағанда, улы өсімдіктер мен саңылауқұлақтарды пайдаланғанда т.б. жағдайларда.

Жұқпалы аурулардың алдын алу. Жеке гигиена ережелерін бұлжытпай орындау, жұқпалардан қорғану тәсілдерін білу, алдын алу екпелерін уақытымен қабылдау.

Зиянды әдеттерден алшақ болу. Темекі шегуден, ішімдіктен, есірткі және уытты заттардан бас тарту. Бұл зиянды әдеттер ағзаға әсер етіп, денсаулыққа зиян келтіреді.

Күйзеліс (стресс) пен кикілжіңді болдырмау. Бұл адамның өз күйін анықтай білу, көңіл-күйдің денсаулыққа әсерін білу, адамдар арасында тіл табыса білу, қарым-қатынас жасай білу, көңіл-күйін басқара білу – бұның бәрі психикалық денсаулықты қорғауға мүмкіндік жасайды.

Экологияның денсаулыққа әсері. Адам организміне қоршаған орта факторларының әсері туралы білім, қоршаған орта факторларының зиянды әсерінен қорғай білу денсаулықты сақтауға және түрлі ауруларды болдырмауға жәрдемдеседі.

Жаңа ғасыр табалдырығын аттаған болашақтың тағдыры – оның денсаулығында. Ұлы Абай атамыздың «Бес нәрсеге ғашық бол, бес нәрседен қашық бол» қағидасын берік ұстап, ертедегі ата-бабаларымыздың әсерлі сөз мәйектерімен жеткізе білген денсаулық жайлы ойларының қадірін түсіне білуіміз керек.

Сау дене, азат ақыл, адам көңіл,
Үшеуімен бақытты  болады өмір!

Өмірге адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мәнді де, сәнді өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау адамдық міндетіміз.

Салауаттылық – саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі.

Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына тікелей байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болса, мемлекеттің де тұғыры мықты болары сөзсіз. Жаны сұлу, тәні сау ұрпақ, бабамыз аманат еткен тәуелсіз мемлекетіміздің алтын кілтін жоғалтпай, көк туын    биікте ұстайық!

Есірткі, нашақорлық – азаматты жұтатын аждаһа екенін естен шығармайық!
Өміріміз – өз қолымызда! Бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Жаңа ғасыр азаматы – дені сау, рухани бай адам болуы тиіс!

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған