Тәннің ләззаты – саулығыңда,

Жанның саулығы – біліміңде.

(Фалес)

Менің балалық шағым еліміз енді ғана тәуелсіздіктің дәмін сезініп, аяғына тұрып келе жатқан кезеңмен тұспа тұс келді. Тәуелсіздік алдық дегеніміз болмаса, 97-ші жылдардағы Қазақстанның жағдайы, бүгінгіден әлдеқайда төмен еді. Жұмыссыздық, дүкендер мен сауда орындарындағы ұзақ сонар кезек, тауардың жетіспеушілігі осының барлығы еліміздің еңсесін басып тұрғанын бала көңіліміз сезіп ақ жүрді. Ол кезде жасым жетіге толып мектеп табалдырығын енді аттаған едім. Мектеп суық, оқулықтар жетіспеушілігі сезіліп, бір кітапты 3-4 оқушы кезектесіп оқимыз. Оқудан тыс кезде мыс, алюминий, темір сынды түрлі түсті металлдар, бос арақ, сыраның шөлмектерін  өткізіп, ата-анамызға ақша тауып көмектесеміз. «Ораза, намаз тоқтықта» демекші, ол кезде қазіргі ойын балаларындай түрлі қуыршақ, леголар, смартфондармен ойнамақ түгілі салауатты өмір салтын ұстанып, ауыл балаларына тән қарапайым доп қууға да мұршамыз келмейтін…

Біздің ауыл Кеңес үкіметі кезінде қой шаруашылығы жағынан облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы ауыл еді. Қызыл империя тараған соң колхоз мүлкі ешкімге керек болмай, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кете берді. Ебін тапқандар мен жымысқы жылпостар, қараусыз қалған колхоз байлығына ие болып, нағыз еңбегі бар шопандар елу қойдан артық ала алмады.

Кейде адам баласына қайран қаламын… Таппайтын айласы, шешпейтін түйіні жоғ-ау))) Сол бір қиын қыстау күндерде де аталарымыз бен әкелеріміз, ағаларымыз, темекі мен араққа тиын тауып ала қояды. Жоқшылық пен жұмыссыздық дендеп тұрған заманда ауыл азаматтарының жиі-жиі бас қосып, шөлмек іздеп, араққа салынулары көп болды. Арты қып-қызыл қырғын төбелеске ұласып, қатын бала-шағасын шуылдатып, бірін-бірі өлтіруге дейін барған кезеңдер өткен.

Ол кезде біз ойын баласы едік…Ойын баласы деген атымыз ғана бірақ бүгінгідей айфонның соңғы моделінен ойын ойнап, лего құрастырмадық, десе де арасында шыбық атты мініп алып жарысып үлкендердің өміріне қызығушылықпен қарап өстік. Айналадағы жоқшылық пен ауыр тұрмыс еңсемізді езгені соншалық бала болсақ та, ерте есейіп, үлкендерге жиі еліктейтінбіз. Олардың сөйлеу мәнері, өз-өздерін ұстауы, киінуі, жекіп сөйлеуі, шырт-шырт түкіргендері, тіпті, қызып алып төбелесулерінің өзі біз үшін бір қол жетпес арман, керемет дүние еді. Басқа балаларды қайдам кішкентайдан бірге өскен жан жолдасым екеуміз үшін керемет көрініс ол – ересектердің темекі түтінін будақтатып тұрып ойланған кездері еді. Сол сәтте бізге олар жеке бастың емес, отбасының емес, тіпті, қала берді ауылымыздың мәселесін емес, ғаламның мәселелерін шешіп жүргендей әсер қалдыратын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – дегендей, ойымыз ересектердің өмір мен дағдылары болды. Кейде ересектер жиналғанда араларына түсіп қалған кезде, олар бізді қызық көріп, қолдарындағы сырадан дәм татқызып, шылымдарын шегіп көретінбіз. Осылай біртіндеп бойымыз үйрене берді, тіпті, күндердің күнінде үлкендерден тығылып, шылым шегуді әдетке айналдырдық. Қазіргідей темекінің түр түрі жоқ, бар түрін алатындай қалтамызда көк тиын да жоқ. Амалсыз аңдитынымыз сол ересектердің жиылған жеріндегі темекі тұқылдары, ауылдағы ер-азаматтардың жиі жиналатын жерлерінің бірін «контора» дейміз, бүгінгі тілмен айтқанда «әкімшілік». Сол әкімшіліктің алдына түс кезінде тамақтан соң маң-маң басып, әкім бастаған шенеуніктер жаппай темекі тартады. Олардың темекі тартуларының өзі бір ерекше құбылыс, алдымен нығарланып тұрып, барбиған қолдарымен қорабынан темекіні суырып, қорабына қағып-қағып, бір үрлеп барып асықпай тұтатып жібер дегендей серігіне еңкейеді. Ол да жалма-жан оттығын ыңғайлап, шырт еткізіп темекіні тұтатып: «Ал қалай?!» дегендей әлгінің бетіне қарайды. Ол байғұс болса, шөл қысқан жандай құшырлана сорып, қарауға мұршасы болмайды. Әлден уақытта бағанадан бері жинақтаған түтінді ішінен паровозша шығарып, ұзақ ойланып тұрады. Осы көріністер бізді бірден баурап алып, біз де еліктеушілікке алып келді. Сонымен не керек, махорка орап, шылымның қалдығын шегіп жүргенімізге де 2-3 айдың жүзі өтіпті…

Бір күні досым екеуміз қараңғы қораның түкпіріне кіріп, күпәйкені жамылып алып астында темекінің түтінін будақтатып отырғанбыз. Өзімізше, әңгіме айтысып, шиқ-шиқ етіп күліп қоямыз. Өзімізді керемет ересек санап отырған жайымыз бар. Бір кезде жамылған қорғаныш қабатымыз күпәйкеміз ақырындап көтеріле бастады. Біз аң-таң болып, ауызымыз ашылып қарап қоямыз. Бір уақытта менің көзім жарқ етіп, ұшқын ұшты. Артынша, досымның баж еткен дауысын естіп қаша жөнелдім. Ештеңе түсінбеген күйі барынша қараңғы қораның ішінен есік жаққа қашып келіп есікті бар пәрменіммен итеріп қалдым. Артынша ыңқ етіп ештеңе түсінбестен кері серпілдім. Сөйтсем, есік жабық, ал досымның жылаған дауысы түпкі қорадан анық естіліп жатты. Біздің кімнің қолына кінәлі болып түскенімізді түсіне алмай, ақырындап есікте тың тыңдап тұр едім. Арқа тұсымнан бір сұлба көрініп, құлағымды жұлып алардай бұрап жанымды көзіме көрсетті. Сөйтсек, бізді қараңғы қораның ішінде бықпырт тигендей қуалаған досымның әкесі болып шықты. Екеумізді қараңғы қорадан жарық әлемге сүйреп алып шығып бетімізден отымызды шығар бір-бір салып, әңгімеге көшіп, ұзақ сонар лекция оқыды. Екеуміз болсақ, қорс қорс етіп, көз жасымызды бұлаудамыз. Ақыр соңында бізді аяп кетті ме кім білсін, досымның әкесі сөзін доғарып, екеумізді жайымызға қалдырды…

Міне, сол күннен бастап екеуміз бір-бірімізге арақ, темекі атаулыны ішпейміз деп уәде берген едік. Шындығында, сол бір балалықпен шалыс жасаған қадамым, салауатты өмірді ұстанып, спортты серік етуіме үлкен себебін тигізді. Бәлкім, осы бір сонау балалық шақтағы оқиға болмаса, өмірім басқаша арнаға бұрылып кетер ме еді?!

Осы жоғарыдағы оқиғадан түйген басты ойым, кез келген пенде қате жіберіп, шалыс басады. Өйткені, қателіксіз пенде болмайды. Тек сол қателігін дер кезінде түсініп, түзей білуінде. Атақты Гегель айтпақшы, «Менің алдымда жақсылық пен жамандық тұрса, онда мен екеуінің арасында өз таңдауымды жасай алам. Жамандықтың табиғаты сол – адам оны қаламауы мүмкін, бірақ міндетті түрде жасауы тиіс».

Міне, мен шалыс басып, дәмін татып көрген жақсылық, жақсы, дұрыс өмірімнің бастауына айналды. Сол себепті, адам баласы жақсылықпен қатар жамандықты да көріп өсуі тиіс. Өйткені, жамандық арқылы жақсылықтың қадірін, жақсылық арқылы жамандықтың ара-жігін ажыратады…

P.S. Пысы))) Қазіргі таңда күнделікті таңғы жаттығуды серік еткен әуесқой спортшымын. Футбол ойнаумен қатар, тритлон, марафон, сияқты спорт түрлерімен айналысамын. Мас-рестлинг спорт түрі бойынша ҚР құрамасының мүшесімін. Салауатты өмірге ізді сол балалық шақтағы темекі түтіні салды-ау…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған