Түрікменстан президенті ұлын министр етіп тағайындады Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз ұлы Сердар Бердімұхамедовты елдің өнеркәсіп және құрылыс министрі етіп тағайындады.

Бұл туралы 8 ақпанда мемлекеттік БАҚ хабарлады, деп жазады Азаттық Радиосы.

38 жастағы Сердар Бердімұхамедов өз ата-бабасы туып өскен Ахал уәлаятының басшысы болып тағайындалғанына бір жыл толмай жатып министр қызметіне ауысты.

Түркіменстан президентінің жалғыз ұлының саяси мансабының тез өсуін тәуелсіз бақылаушылар 62 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов билікті тапсыратын мұрагерін дайындап жатыр деп түсіндіреді.

Ахал уәлаятын басқарғанға дейін Сердар Бердімұхамедов осы аймақ жетекшісінің орынбасары, оның алдында елдің сыртқы істер министрінің орынбасары болып үлгерген. 2016 жылы қарашада ел парламентінің депутаты болып сайланған.

Жаңа қызметінде Сердар Бердімұхамедов Ахал уәлаятының әкімшілік орталығын салу жобасына жетекшілік ететін тәрізді дейді бақылаушылар.

Түрікменстан президенті өткен аптада жаңа қаланы салуға қажетті құрылыс материалдары мен құрал-жабдықты шетелден сатып алуға 1,5 миллиард долларға жуық қаржы бөлу туралы жарлыққа қол қойған.

Президенттің бұл жарлығы үкімет импортты шектеу саясатын жүргізіп жатқан және елде шетел валютасы тапшы болып отырған шақта шықты. Қазір Түркіменстан ел экспортының негізгі табыс көзі – табиғи газ бағасының арзандап кетуіне байланысты экономикалық дағдарысқа тап болып отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған