«Шетелден әртіс алып келудің қажеті жоқ»

Президенттің алғашқы тапсырмаларының бірі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына бөлінетін қаржының жұмсалуын жіті бақылау және шығынын қысқарту. Бұл тапсырманы ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке айтты.

«Бұл шара ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған. Демеушілердің қаржысына болсын көп концерт жасап, шетелден әртіс алып келудің қажеті жоқ. Менің ойымша, шараларды іскерлік форматта өткізу керек. Сіз әкімдердің арасындағы тәжірибелі мамансыз, сондықтан Абайдың 175 жылдығы аясында өтетін іс-шараларды дұрыс бақылауыңыз керек», – деді Тоқаев ШҚО әкіміне.

Президент шаралар практикалық бағытта, идеологиялық жүктеме бойынша өтуі керегін айтты.

«Барып тексеремін»

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Аманжол Баталовқа сұрақтар қойып, атқарған жұмыстарын тексеретінін айтты.

«Стратегиялық тұрғыда маңызды, белсенді, нәтижелі жұмыс жүріп жатыр. Көріп отырмыз. Сұрағым бар – газдандыру. Менің мәліметтерім бойынша, бүгінде 470 елді мекеннің 30 пайызына ғана газ берілген. Проблема неде?», – деп сұрады Президент.

Облыс әкімі қазір аймақты гандандырумен айналысып жатқанын, жыл соңына дейін 1,4 миллион адамға газ жеткізетіндерін айтқан.

«Жылдың екінші жартысында облысқа ісспармен барып, тексеремін», – деп ескертті Тоқаев.

Қымбат көлік сатып алуға мораторий

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қымбат көлік сатып алу мен түрлі форумдар өткізуге мораторий жариялауды ұсынды.

«Қымбат көліктер мен жиһаздар алу, түрлі форумдар, семинар мен мәслихаттар өткізуге кететін шығындарға ұзақжылдық мораторий жариялауды ұсынамын. Іс-шаралар тәжірибелік және идеологиялық пайда түсіруі керек», – деді Тоқаев.

«Кредитті төлей алатын адамға беру керек»

Тоқаев Қазақстанның қаржы жүйесі қазақстандықтар көптеп несие алатындықтан дімкәс екенін мәлімдеді. Сондықтан ол кредитті төлей алатын адамға беру керек екенін айтты.

«Былтыр қиын жағдайға тап болған жарты миллионға жуық қазақстандықтың қарызы жабылды. 1,2 миллионға жуық азаматтың тұтынушылық несиелері бойынша айыппұлдары мен өсімпұлдарды есептен шығарылды», – деп мәлімдеді Президент.

Тоқаев Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне осы мәселенің алдын алатын шешім қабылдауға тапсырма берді.

«Кредитті төлей алатын адамға беру керек. Бізде жеке тұлғаларға берілетін несие 1,4 триллион теңгеге өсіп, жалпы 6,7 триллион теңге болған. Оның өзі қайтарыла ма, жоқ па белгісіз», – деді Президент.

Алматыдағы әуе апатынан зардап шеккендердің мәселесі

Үкімет отырысы кезінде Тоқаев таяуда болған Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауын да ұмытпады. Президенттің сөзінше, оған зардап шеккендерден хат келіп жатыр.

«Өкінішке қарай, таяуда Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Маған зардап шеккендердің хаты келіп жатыр, олар өтемақы алмаған. Адамдар ауруханада жатыр, кейбірі еңбекке жарамсыз болып қалды. Бұған байланысты не істеліп жатыр?», – деп сұрады.

Бұған премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр зардап шеккендерге өтемақы жақын арада берілетінін айтты.

«Жылдамдатуды сұраймын. Зардап шеккен адамдарға үкімет пен әкімдіктер көмектесуі керек. Бұл мәселеге әкімдердің назарын аударамын. Жақын арада бұл проблеманы шешіңіздер», – деп тапсырды Президент.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған