Шын сүйе білесіз бе?

Жарияланды at 12:01
1849 0

Дүние махаббаттан жаралған. Адам біреуді сүйгендіктен, немесе біреудің өзін сүйетінін сезгендіктен, біреудің сүйіспеншілігінен үміттенгендіктен, оның бойын күш- жігер кернеп, биік мақсаттарға ұмтылады. Асқан қажырмен және өнерпаздықпен жайшылықта қолдан келмейтін үлкен істер тындырады. Барлық ұлы істер махаббат жолында атқарылады.

112438_orӘрбір қоғамның өз талаптары мен әділетсіздіктері орын алып жататыны аян. Сол дәуірдің мұңын жоқтаушы, екі ғашықты сөйлете білетін халық жанашырлары болған. Мәселен, Шекспир — Ромео мен Джульеттада адам бақытына кедергі феодалдық құрылысты сынға алған. Бұл баянда ежелден қастасқан Монтекки мен Капулетти әулиеттерінің екі жастың шаттығына жасаған қиянаты көрініс табады. Осы сияқты ру аралық, тайпа аралық, отбасы аралық наразылықтардың құрбаны болған: Ләйлі – Мәжнүн, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, Қалқаман – Мамыр ғашық жұптары махаббаттың cөнбес сәулесіне айналғалы қашан.
Махаббатқа апаратын жол сан тарау, оған әркім өз соқпағымен барады. Дүниеде ең қиыны адам тану, ал өзіңмен өмірін бөлісер жартыңды іздеп табу оңай шаруа емес. Ғашық болу – сүйікті жанның барлық мін-кемшілігін артықшылығы етіп көру. Махаббат ол –жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі.
М. Шахановша айтсақ:
«Кез келгеннің бақшасында піс­пейтін,
Кез келгеннің уысына түспейтін, зор махаббат бұйырмаған жан соншалықты сорлы.
Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,
Ал қалғаны жай күндер,– деп өзі өлгелі жатқан Естай ақын, Нұрлыбек досына сұқ саусағында әбден жұқарып біткен сақинасын көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білсін. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын. Ұлы сезімін кішкене жүзігіне сыйдырған, қайран Қорланым-ай,– деп ағыл-тегіл көз жасын бұлаған екен. 72-ге келіп, тірісінде қолы жете алмаған махаббатына деген қамқорлығын Естай өзімен бірге әкетіп бара жатқандай. Ш. Мұртаза айтпақшы: «Бетке әжім түскенмен, жүрекке әжім түспейді» екен.
19 жыл отасып, 9 құрсақ көтерген аяулы жар – қосағы Мұмтаз қаза болғанда, Үндістанның әйгілі билеушісі Шах Джахан сүйіктісіне арнап әлемнің 7 кереметінің бірі саналған Тәж Махал (ХVII) ғимаратын салдырып, өле-өлгенше соған қарап, шерін тарқатып өткен.
Жастардың махаббат тәрбиешісіне айналған Ә.Нұршайықов іңкәрлікті 3-ке бөліп қарастырады: бала махаббат; шала махаббат; мәңгілік махаббат. Бала махаббатты бәріміз де бастан кешеміз. Ол уақыт өте келе ұмыт бола бастайды. Мектептегі ұстаздарымыз кейде әзілдеп: «Сендердің қазіргілерің жай тауық махаббат», –деуші еді. Бірақ, балалық сезімнің шынайы сүйіспеншілікке айналып кететінін де жоққа шығаруға болмайды. Шала махаббат өткінші жауын секілді — қызық әрі тез басылып қалады. Оған алданып қалатындар өмір бойы өкінішпен өтіп, махаббаттың не екенің түсінбей кетеді. Ал мәңгілік махаббатқа жету ілуде біреу ғана. Шығыстың тағылым кітаптарының бірі: «Шабдал бұлақтарында»: «Адам қалауының 3 қайнары бар; олар: жан, сана және тән. Жан қалауынан – достық; сана қалауынан – сыйлау; тән қалауынан – құмарлық туады. Осы үшеуінің қосылуынан махаббат пайда болады», деп жазылған. Осы сияқты М. Шаханов: «Махаббат ол – жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі» деген анықтама береді.
Әйел адам еркектің қабырғасынан жаратылғандықтан, ер азаматтың мәртебесі қашанда биік тұрғаны ләзім. Оның асқақ болуы алған жарға байланысты. Төле би: «Әйелің жақсы болса, Бірінші – иманың; Екінші – жиғаның; Үшінші – ырысыңның тұрағы»,- десе Қазыбек би: «Ұят пен ар қымбат; Өзің сүйген жар қымбат», – дейді.
Бүгінде ұл-қызын үкілкеп отырған ата-аналар ұлына жар болар көргенді келін, қызына сүйеніш болар сыйлы күйеу бала туралы армандайды. Әрбір қазақ өз баласына бақытты өмір тілейді. Олар үшін басқа жұрт жасамайтын ұлан-асыр тойға барын шашып, ізгі тілектер тілейді: «Келінің баянды болсын! Үлкен-кіші сыйлайтын аяулы болсын, Жылы жүзді жұмсақ болсын», – деген ақ баталарын жаудырады.
Кер заманға кезіккен қазіргі жас асыл сезімді жай ғана бір ойынға айналдырғандай. Біреуге «сүйем» деген сөзді еш қиналмай айта салады. Кездескенде айтуға бата алмайтын асыл сөздің қазіргі мәні кім көрінгеннің аузына түскен созылыңқы сағыз сияқтанып кеткені жанға батады. Оған қоса махаббат қажет ететін тұрақтылық пен соңғы кездері ұлдарды есептемегенде, қыздардың пәктіктен айырылып тұрмысқа шығып жатқандары қалыпты әрі сәнге айналғандай.
Ертеректе «13-те отау иесі» десе, бүгінде жігіт оқу бітіріп, отбасын асырай алатын халге жетуі керек. Бұған бірі пысқырып та қарамастан, бесіктен белі шықпай жатып «үйленем» деп байбалам салып жатады. Әлі тұрмыстың ащы-тұщысына төселмеген олар ертеңін ойламай, өзінен бірер жас шамасы үлкен қыздарға сөз салады. Бұл жағдай қазіргі қазақ жастарының арасында белең алып келе жатқан жаңа құбылыс. Оған себептер те толып жатыр. Біріншіден, жас бозбалалардың ата-аналарынан тәуелсіз, болдым-толдым деп, өздерін үлкендерше ұстағысы келетіндіктен. Екінші, қыздардың «маған үйлен, әйтпесе сүйгенің жалған», – деген сияқты сөздеріне намыстанғандықтан. Олар өмір жолының әлі де ұзақтығы мен бір-бірінен шын махаббатсыз тез-ақ жалығатындарын ойламайды. Үшінші, жастардың бір сәттік ләззатқа беріліп, соңында үйленуге мәжбүр болуы. Мұндай себептердің барлығы бір-ақ жолға әкеліп тірейді: ажырасу, ортада жартылай жетім қалған күнәсіз сәби.
Келесі бір топ бел ортасы жасқа келіп, үйленуді ойға да алмайтын сүр бойдақтар. Қазақта: «Әділсіз болса, би оңбас, әйелсіз болса, үй оңбас» деген аталы сөз бар. Артыңды жалғар із болмаса, тірліктің еш мәнісі жоқ. Ал қыз-келіншектердің көбі мансап қуып, алдына келген жігіттің көкірегінен итереді. Баршаңызға мәлім актриса Мэрилин Монро: «Карьера – керемет зат, бірақ ол ешқашан суық түнде жылыта алмайды»,- деген екен.
Ежелден қастерленген ізгі сезімдер суық тартып, жойылып бара жатқандай. Пәктік, адалдық, сенім, сыйластық, құрмет, қарыз бен парыз, тазалық, тұрақтылық, имандылық, инабаттылық сияқты дүниелерден қаланатын махаббат қабырғасына бүгінде материал жетпей тұрғандай.
Осы тақырып аясында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, махаббатқа сенетін және сүйіктісі бар жастар шамасы 40 пайызды құрады, ал ешкімді сүймейтін, бірақ махаббатқа сенетіні — 45 пайыз болса, қалған 15 пайызы әлі ештеңеге көздері жетпеген екен.

Замира Пулатова

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

Балгерге барған бір күн

Жарияланды - 21.10.2015 2
– Класстас ұл бар-жоғы 2 ай ішінде қызымен танысып, үйленіп кетіпті. – Қызға мұнша байланып қалғаны несі екен? Дуадан аман…

Пәктігінен айырылған қазақстандық арулар ауылға келін болудан қорқатындарын айтуда

Жарияланды - 21.03.2017 0
Елімізде нәзік жандылардың дені тұрмысқа шығуға асықпауын пәктігінен айырылғанымен және ауылға келін болудан қорқатындығымен түсіндірді деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Айжан есімді…