КЛИПТАЛДАУ: ЕРКЕ ЕСМАХАННЫҢ ЖАҢА КЛИПІНІҢ ТАНЫМАЛДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

0
141
Ерке Есмахан

Бұл ретте мен тек клиптің қаралымы туралы емес, нақты клиптің өзі, оның мазмұны және түсірілу әдістері туралы айтатын боламын.

Ақтөбенің тумасы Ерке Есмахан сонау Баян Мақсатқызының қол астында жүргенде «Іңкәр» атты топтың құрамында болған. Кейін әнші жеке шығармашылығымен айналысқанды жөн көрді. Сөйтіп Төреғали Төреәлімен бірге дуэт құрып, «Алло» атты әнді жарыққа шығарды. Бұл туынды 5 айдың ішінде YouTube желісінде 9,5 млн қаралым жинады. Одан қалмай дуэт жалғасы ретінде тағы бір «Сәлеметсіз бе!» деген әннің тұсауын кесті. Еркенің репертуарында бұлардан бөлек “Асыл арман”, “Бал сезім”, “Айша бибі”, “Асылым менің”, “Асыл әнім”, “Еркемін” және т.б. әндері бар.

Оның жақында ғана шыққан «Қайда?» әні қазіргі таңда 5,6 млн қаралым жинады. Бұл көрсеткішке нәбәрі 25 күнде жеткен. Ал бұл кезекте ол барлық қазақстандық клиптердің рекордын жаңартты.

Бұндай көлемдегі қомақты қаралым қалай жиналды? Әрине құлаққа жағымды ырғақтағы музыкасы мен қайырмасындағы қайталатын әрі тез жатталатын сөздердің арқасы деп ойлаймын. Кезінде «Грибы» тобының «Тает лед» әні де осындай жүйеде, бірақ басқаша сарында шыққан еді.

Әннің өзінде кереметтей мәтін жоқ, бірақ бұл ырғақты музыкамен бүркеленіп тұр. Сонымен қатар, Еркенің өзіне екінші жарты іздеп жүрген ізденімпаз образы да көрермендерді қызықтырады.

Жалпы клиптің түсіріліміне үлкен акцент бермеген. Тек музыкасы ғана бұл жерде ерекшеленіп, клипке танымалдылық әкеліп отыр. Бастапқы кадрларды қарасақ, Ерке өзінің кәсіби сыйлықтарын тізіп қойған: бірін «Gakku әуендерінен» алса, екіншісі «Жыл таңдауы» байқауынан алған. Сонымен қатар, өзінің тәуелсіз, еркін, екпінді әйел екенін жеткізуге тырысқан.

Әрине, клипте көрсетілгендей әйел заты ұйқыдан тұра сала әрқашанда әдемі боп тұрады ғой. Бояну да үлкен жұмыс болмайды. Бұны минус деп айтуға болмайды, бірақ та көзге байқалатын дүниелер екенін ұмытпау керек.

Стилисттерінің жұмысы көрініп тұр. Киімдерді жақсы таңдаған. Әр локацияға байланысты киім стилі өзгертіп отыр. Бұл қалыпты жағдай ретінде қаралатын шығар, бірақ әр киім әр фонда ерекше түспен бөлініп тұрады.

Клиптің түсіріліміне аз бюджет кетті деп ойлаймын. Өйткені әнде бірнеше қала айтылғанымен, түсірілім тек Алматы қаласында ғана өткен. Клип түсіруге 1 күн жұмсап, бар жоғы 5 локация қолданған: Үлкен Алматы көлі, Аймақтық қаржы орталығының алды, Ботаникалық бақ, КөкТөбе мен бір жалдамалы пәтер. Сонымен бірге, ешқандай қиындық тудыратын кадрлар алынбаған. Тіпті қосымша кадрлардағы актер жігіттердің басым көпшілігі түсірілім командасы боп келеді.

Қорытындылай келе, ән халықтың көңілінен шықты. Клип жалпы Қазақстанда емес, Орта Азия мен ТМД елдерінде де көбінесе жақсы пікірлер алуда. Соның әсерінен, клип қаралымына үлкен әсерін тигізуде. Ал кейбір көрермендер өз пікірлерінде бұл клиптің ұнамағанын, осыншама «мағынасыз клиптің» қалайша бұндай қаралым жинағанын және соңында баласын қай мақсатта көрсеткенін жұрт ұқпауда. Біз де ұқпадық.

Не дегенмен, бұл қазақстандық әнші үшін зор жетістік. Құлаққа жағымды тез жатталатын музыканы қарапайым түсіріліммен қосып, бір вирустық клип шыға келді. Ендігі бұндай жетістіктерді әріптестерінен күтетін боламыз!

Данияр Тәжімбет

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*