Ninety One клиптерінің қаралымы қаншалықты шынайы?

0
121

Əгәдә мәгәдә зигәдө

Əгəдə мəгəдə кикидөу

Ал кім айтты бүйтуге болмайды деп?

Негізі бұл менің сиқырым, — деп жырлай отырып біздің заманымыздың ақындары өздерінің оригиналды мәтіндерімен таңғалдырып, әрі суырып салма екендіктерін дәлелдеп отыр.

Бес жігіттен құралған бұл топты сонау 2015 жылы «Айыптама» атты дебюттік әні арқылы тани бастадық. Сол уақыттан бері топ 5 клип, екі альбом және жалпы есеппен қателеспесем 11 ән шығарып үлгеріпті. Өздерін жаңа субмәдениетті қалыптастырушылар ретінде санайтын музыканттар қазақстандық өнер нарығында нақ орындарын тапты.

Youtube сайтындағы клиптерінің қаралымы миллионнан асып жығылатыны көпшілікке мәлім. Бірақ солардың қалай жиналатыны әрі қаралым санының қаншалықты рас екендігін ешкім тереңірек зерттеген емес. Жалпы Youtube желісіндегі клиптерді қарай отырып, олардың әр қаралымдарының бірегей емес екендігін байқадым.

Ninety One тобы

Ол қалай сонда?

Негізі видеолардың қаралымы дәл сол сілтеме бойынша орналасқан контенттен, Google және т.б. іздеу жүйелерінен, түрлі әлеуметтік желілерге бөлісулерден, контекстті және таргетинг жарнамалардан жиналып отырады. Яғни әр қаралым уникалды болуы тиіс. Бірақ Youtube желісінің осалдығынан әрі иглздардың тапқырлығынан (немесе қулығынан деп те айтуға болады) бұл қаралымдарды жасанды түрде өсіріп отыр.

Сонымен қатар, бұл қаралымдардың өсуіне видео орналасқан Youtube каналдарының серіктестіктері де тікелей қатынасты. Мысалы, топтың Gakku каналындағы орналасқан клиптері ресми каналдағы клиптерінің қаралымынан бірнеше есе көп боп келеді. Бұл бірінші айтылған каналдың жарнама жағынан жақсы үлгеріп жатқандығын дәлелдейді.

Менің жалпы білуімше Youtube желісіндегі видеоны тоқтаусыз жаңартулар арқылы қаралым санын 100-200 аралығына жеткізуге болады. Кейбір пайдаланушылар бұл санды 1000-ға дейін жеткізгенін оқығанмын. Ал бұл өз кезегінде клип қаралымын өсіруге таптырмас ақау болып отыр. Қазіргі таңда видеосервис бұл олқылықты барынша реттеуге тырысуда, бірақ әлі күнге дейін мардымды нәтиже берген емес.

Бұл жолды ұғып алған тапқыр иглздарымыз сүйікті тобының клиптерінің қаралымын ұлғайту үшін күнделікті тапсырма ретінде әр әнді не болмаса тұтастай 5 клипті плейлист ретінде құрастырып, оны қарап отыруды қолға алған. Сол арқылы клиптердің қаралымы әр иглзден орташа есеппен 100-150 жасанды қаралым түседі.

Иә, бұл басқа да корейлік және жалпы әлемдік фандомдардың тәжірибесінде кездескенімен, бұл біздің еліміздегі ең алғашқы фандом қоғамдастық үшін өте керітартпа үлгі болып отыр. Бұл арқылы біз клиптерді қаралымын ғана көбейткенімізбен, олардың негізгі рейтингісіне салмақты ықпал ете алмаймыз. Онымен қоса, бұл жалған титул еш абырой әкелмейтіні рас.

Қорытындылай келе, танымал тобымыздың клиптерін шынына келгенде миллион адам емес, одан да аз адамдар қарағаны, әрі бұл жалған цифрмен имидждеріне әсер етіп жатқаны өкінішті. Әрине, фанаттарды түсінуге болады. Недегенмен олардың істеріне немқұрайлы қарауға да болатын еді. Бірақ бұл жәйт туралы өзім айтып кетуді жөн санадым.

 

Данияр Тәжімбет

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*