Еліміздің шекараларында орын алған атышулы оқиғалар

Жарияланды at 17:03
148 0
Өткен сенбі күні ҰҚК Шекара қызметі  «Оңтүстік» аймақтық басқармасы Тараз шекара бөлімінің қызметкерлері қазақ-қырғыз шекарасындағы тәртіп бұзушыларды ұстады. Бір топ адам әскерилердің «тоқта» деген талабына құлақ аспай, тіпті сарбаздарға қарай тас лақтырған. Осылайша шекарашылар оқ атуға мәжбүр болып, соның салдарынан шекара бұзушылардың бірі жарақат алып, қалғандары соны көліктеріне салып, жақын маңдағы елді мекенге жасырынған еді. Кейіннен жарақат алған адамның көз жұмғаны белгілі болды.

Біз осыған байланысты еліміздің тәуелсіздік тарихында болған шекараға қатысты дау-дамайларды еске түсіруді жөн көрдік.

Қазақ-өзбек шекарасы – қып-қызыл даудың ортасы

Жалпы шекаралық алыс-тартыстар өзінің белсенді түрдегі бастауын 2000 жылдардан бері алып келеді. Бірінші айтарлықтай салдар сол 2000 жылы орын алды: өзбек шекарашылары Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының маңында малың жайып жүрген қазақстандықты атып өлтірген.

2006 жылы осы шекарада соған іспеттес жағдай орын алып, тағы да бір отандасымыз көз жұмған болатын. Одан бөлек сол жылы өзбек контрабандистері қару-жарақты иемдену мақсатында қазақстандық шекара бөліміне шабуыл жасап, салдарынан бір Өзбекстан азаматы қаза тапқан.

2012 жылы мамырда болған ең үлкен шекаралық оқиға «Арқанкергендегі» жағдайдан кейін шекаралардағы бақылау күшейтілген еді. Алайда, 2015 жылдың маусымында Сырдарияда тағы да бір рет қазақ-өзбек шекарасында Қазақстан азаматына оқ атылды. Шекара маңында балық аулап жүрген 37 жастағы Уәлихан Ахметовты көрші мемлекеттің шекарашылары автоматтан оқ жаудырып, өлім құштырды. Бұны өзбектер «балықшылар шекараны бұзған» деп түсіндірді.

Оқиға куәгері өзбек шекарашылары оларды қараңғыда байқап, жарық түсіргенде жағалауға қарай жүзгендерін, осы сәтте он шақты автоматтан оқ жауғанын жеткізді.

Қазақ-өзбек шекарасындағы ұзақ уақыт бойы жалғасын тауып келе жатқан келеңсіздіктер, әрине, бірінші кезекте, Орталық Азиядағы 2159 шақырымға созылған ең ұзақ шекараға қатысты әлі дет көптеген түйткілдердің болуына байланысты. 2000 жылдардың басында ресми Ташкент біржақты демаркацияны (қада қағу) жүргізе бастады. Ал осы жұмыстар кезінде түрлі оқыс оқиға болып, салдарынан 50 қазақстандықтың құқығы бұзылып, 4-еуі тіптен көз жұмған.

Өзбекстан тарапынан болған біржақты шекараны демаркациялау екі ел арасындағы қарым-қатынасты біршама салқындатып үлгерді. Тіпті 2004 жылғы ресми түрдегі шекара бойынша келісімнің қабылданғанына қарамастан, қазақ-өзбек шекарасы әлі де даулы болып тұр.

Қазақ-қырғыз жер дауы

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1241 шақырымдық шекараны бөлісу келісімі 2009 жылы аяқталып, екі тарап та оны ресми түрде мойындаған.

Алайда 2013 жылы екі ел арасындағы сол кезде өршіп тұрған су дауына жер дауы қосылды.

Көккөл жайлауында сегіз қырғыз малшысын қазақ шекарашылары ұстады. Олардың біреуі кәмелетке толмаған себепті босатылып, қалған жетеуі тергеу қапасына қамалды. Кейін олар жұртшылық оқиға болған жерде «шекара сымының тартылмағанын, бұған дейін де жұрт шекара асып кеткен малдарын қайта айдап әкеліп жүргенін» айтқан.

Қалай болғанда да, шекараны заңсыз кесушілерге қылмыстық іс қозғалып, бұл жайт жұртшылық арасында қызу пікірталас тудырды.

Қазақстанға кететін канал басына киіз үй тігіп отырған қырғыз азаматтары.  Талас облысы, Қырғызстан, 2013 жылдың шілде айы
Қазақстанға кететін канал басына киіз үй тігіп отырған қырғыз азаматтары. Талас облысы, Қырғызстан, 2013 жылдың шілде айы

Бәрін айт та, бірін айт, қызық жәйт қалыптасып отыр. Неге десеңіз, Орталық Азияның көптеген мемлекеттері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше болып, Қытаймен арадағы шекара түйткілдерін шешіп алғанына қарамастан, өзара ішіндегі даулы аймақтарды әлі күнге дейін бітпес дауға айналдырып отырғаны таң қалдырады.

Одан бөлек , жақын арада ғана орын алған қайғылы оқиғаны атап кетпеуге болмайды. Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау қызметі кезінде «Жасөркен» заставасының шекарашылары шиыршықты қауіпсіздік тосқауларына жол салған құқық бұзушыларды байқаған. Әскери борышын өтеушілердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмес үшін жоғары ескерту оғын атып, құқық бұзушылардың тарапынан шекарашылар талабына бағынуға ешқандай әрекет танытылмағаннан кейін шабуылшыларға қару қолданылды. Нәтижесінде олардың біреуі жараланып, қалғандары жасырынып қалды. Кейін белгілі болғандай жараланған адам қаза болған.

Саясаттанушы Досым Сатпаевтың ойыңша, Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі үшін шешілуі тиіс ең маңызды 2 мәселе күн тәртібінде тұр. Олар – шекарадағы өзара сенімділік деңгейінің артуы мен су-энергетика саласындағы ынтымақтастық.

Саясаттанушының айтуы бойынша, жаңа аймақтық саясаттың кірпішін қалау әрекеттері бұдан бірнеше жыл бұрын орын алған. Еуропа және ТМД елдері бойынша БҰҰ даму бағдарламасының аймақтық бюросы Азия банкімен бірлесе отырып есеп дайындаған болаын. Ол есептің басты мақсаты – ешқандай кедергісіз тауаралмасу мен адамдардың қауіпсіз түрде бір елден екінші елге қозғалу мүмкіндігі. Яғни, бір сөзбен айтқанда — «адами» тұрғыдағы шекараны қалыптастыру.

Бұндай концепцияның айқын мысалы ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық ынтымақтасты келтіруге болады. Бұл дегеніміз, саяси ерік-жігер менен экономикалық прагматизмның арқасында кез келген кикілжіңдерді шешуге болатындығының айқын айғағы.

Мақала авторы: Сырым Иткулов

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

Ер-азаматтардың денсаулығы

Жарияланды - 15.03.2016 0
Қайрат Төлеутайұлы, Жоғары дәрежелі уроандролог-дәрігер, Алматы қаласы Адам ұрпағын өрбіту орталығы: Андрология Ерлердің денсаулығымен андро­логтар айналысады. Андрология – ерлердің жыныстық мүшелерінің дамуы…