КӘСІПКЕРЛІК ЖАЙЫНДА БІЛІМ БЕРУ КЕРЕК…

Жарияланды at 15:42
90 0

Еліміздің шалғай аудандарында тұрып жатқан ауыл жастарының қалалық құрдастарына қарағанда көптеген дүниелерден шет қалып жатқаны белгілі. Не себепті мұндай жағдайдың орын алып отырғаны айтпаса да белгілі. Дегенмен ауыл жастарына қажетті ақпаратты жеткізу, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап қату мақсатында Даурен Бабамуратов бастаған «Жастар Үні» ЖҚБ «Балалар және кәсіпкерлік» жобасы аясында 7 облыс пен 35 астам ауылдарға барып, семинар-тренингтер ұйымдастырды. Бұл жайында сөзімізді ары қарай өрбітсек.

— Дәурен Абутәліпұлы, сіздің ұйым «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» КЕАҚ мемлекеттік гранты бойынша ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Балалар және кәсіпкерлік» жобасын жүзеге асырып келесіздер. Аталған жобадағы «Болашақ» РҚ мен «Жастар Үні» ЖҚБ көздеген мақсаты қандай? Неге сіздер осы жобаға бел будыңыздар?

— «Балалар және кәсіпкерлік» жобасы «Болашақ» РҚ мен «Жастар Үні» ЖҚБ өте маңызды. Біз соңғы 5 жылда «Ауыл шақырады» акциясы аясында талай облыстар мен елді-мекендерді, талай ауылдарды араладық. Мұндағы басты мақсатымыз шалғай ауылдарда тұрып жатқан ауыл балалары мен жастарына белгілі бір мөлшерде ақпарат, білім мен ғылым жеткізу, кітаптар тарату, мүмкіндігінше олардың идеяларын жүзеге асыруға көмектесу. Бұл «Болашақ» РҚ мен «Жастар Үні» ЖҚБ жарғылық мақсаттарының бірі. Қызметіміздің бастаған күннен бастап тікелей жастармен жұмыс жасап келеміз. Әсіресе, аймақтардағы ауылдың жастарымен. Осы жоба бойынша байқауға қатысу кезінде осыны түсіне отырып, арнайы, саналы түрде дәл осы бағытты таңдаған болатынбыз. Бұл жерде кездейсоқтық жоқ.

— Жоба бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың бірі еліміздің ауыл балалары мен жастарына кәсіпкерлік жайында семинар-тренингтерді өткізу. Осыған орай сіздер үлкен сапар жасадыңыздар. Қандай аймақтарда болдыңыздар? Дәл осы аймақтардың таңдалуына не себеп болды?

Ия, біз ауыл жастары мен  балаларына арнап семинар-тренингтер ұйымдастыру үшін еліміздің 7 облысы, 10 ауданы мен 35 ауылына сапар шектік. Баратын елді-мекендердің тізімін жасау барысында бірінші кезекте олардың облыс және аудан оталықтарынан шалғай орналасуына мән бердік. Қазақстанның жері, әрине, кең, ауқымды. Барлық жерді бір жобаның аясында бір жаздың ішінде аралап шығу мүмкін емес. Сол себептен біз Орталық, Солтүстік Шығыс, Шығыс, Оңтүстік Қазақстан бөлігін алдық. Ең алдымен Алматы облысының екі ауданы – Райымбек пен Алакөл аудандарына жол тарттық.  Одан кейін Шығыс Қазақстан Облысының үш ауданы – Тарбағатай, Аягөз, Үржарға бардық. Жол талғамайтын көліктермен ешқандай жол жоқ Аягөз бен Қарқаралы арасындағы 505 шақырымды жүріп өттік. Осылайша Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына келдік. Ары қарай Павлодар облысының Баянауыл ауданына өтіп кеттік. Мұнда да аудан орталығынан 70-80 шақырым алыс жатқан ауылдарға жол тарттық. Мұнан кейін Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына сапарымызды жалғастырдық. Қарағанды, Балқаш арқылы Алматыға бір келіп, одан ары қарай Жамбыл облысына қарасты таудың бөктеріндегі ауылдарға емес, Мойынқұмда жатқан Сарысу ауданына жеттік. Ары қарай бетпақ даланы бойлай отырып Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде теріскей жатқан Созақ ауданың араладық. Ең соңында Қаратауының күнгейінде жатқан Кентау, Түркістан қалаларында болып, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына соңғы семинар-тренингтерімізді өткіздік.

— Кездесу барысында ауыл жастарының сіздерге деген ықыласы қандай болды? Жалпы ауыл жастары туралы айтып берсеңіз.

— Ауыл қашанда қазақтын алтын бесігі болып келді. Біздің ұлттық діңгегіміз әлі күнге дейін ауылда. Қазақ осы күнге дейін дәстүрлі қоғамда өмір сүріп келеді. Біз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халықпыз. Міне, осының барлығы біздің ауылдарда сақталған. Ең бастысы біздің ауылдарда қазақылық, қазақы менталитет, қазақы түсінік әлі де сол күйінде қалып, қажет десеңіз қазақы аңқаулық пен аңғалдық та бар. Ауылдың жастарына пәктік, тазалық тән. Жасанпаздық жоқ, шыңайлық көп. Олар білімге құштар, орасан биіктерге шығуға дайын. Тек мүмкүндік беру керек. Қандай мүмкіндік деген сұрақ туындауы мүмкін. Менің түсінігімде ол – білім. Яғни, біз ауылдағы жастарға тиесілі білім мен  ақпарат беретін болсақ, олар біздің тәуелсіз Қазақстанымызды биікке шарықтатып, алдағы уақытта еліміздің ғарыштап қанат жаюына  жағдай жасары сөзсіз. Сондықтан ауылдын жастарына ең біріншіден білім беру керекпіз. Бастапқы сөзімде айтып кеткендей олар білімге құштар, жаңа ақпараттарды қанып тындайды. Бірде бір ауылда біздің әкелген ақпаратымызға, кітаптарымызға  бей жай қараған жастар жоқ. Барлық елді-мекендерде жастар бізді ұйып тыңдады деп айтуға болады. Қалалық жерде оны байқай да, көре де бермейсін. Ауыл жастарының негізгі айтатыны ойларында түрлі қоғамдық бастамаларды қалай жүзеге асыру керектігін білмеулерінде. Сондықтан оларды өз идеяларын іске асырудың әдіс-тәсілдерін үйрету керек. Сапар барысында әр ауылға 2-3 күн ғана уақыт бөлінде. Ол аздық етеді. Мүмкін болатын болса, әр ауылға 1-2 аптадан уақыт арнап, сол ауылдың жастарымен газеттер шығарып,  қойылымдар түсіріп, жастармен кез-келген бастамасын жүзеге асырып көретін болсақ, бұл әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан алдағы уақытта бұл жоспарлар біздің ойымызда бар.

— Сапарларыңыздың басты мақсаты балалар мен жастарды кәсіпкерлікке баулу, ол туралы ақпарат беру екен. Осы бағытта не айтасыз? Қазақтың баласының кәсіпкерлікке деген көзқарасы қандай? Алдағы уақытта бұл қалай даму керек деп ойлайсыз?

— Өте орынды сұрақ. Біздің ауылдың жастары білімге өте құштар, үлкен жетістіктерге жетуге құмар.  Бірақ кәсіпкерлікке келген кезде кенжелеп қалған жағдайымыз бар. Өкінішке қарай ауылдың жастары мүлдем кәсіпкерлікке бейімделмеген. Кәсіпкерліктің не екендігін, оны неден бастап, қалай іске асыру керек екендігін, не істеу керектігін, оған тиісті білім алу керектігін біле бермейді. Ірі қалаларға жақындаған сайын сөзсіз кәсіпкерлікке қатысты білім де, ақпарат та көбейе бастайды. Алайда шалғайдағы қазақтың ауылдарының қыз-жігіттері кәсіпкерлікке қатысты ақпараттан жұрдай. Бұл жағдайды өзгерту үшін, менің ойымша, ең болмағанда факультатив ретінде бірінші сыныптан бастап кәсіпкерлік туралы білім беру, оның негіздеріне үйрету керек. Кәсіпкерлік жайында білім беру дегеніміз алып сатарлық, қулық, жамандық емес. Ол кәсіптің бастауы туралы ілім. Мәселен, өндіріс дегеніміз міндетті түрде зауыт-фабрикаларда жұмыс жасау емес. Есіктің алдында шөп өріп сатсаң да, ол өндіріс болады. Қызмет көрсету дегеніміз біреуден төмен болу, біреуге кіріптар болу деген сөз емес. Қызмет көрсету деген адал еңбек, біреудің шашын қиып берсең де, үйін жинап берсең де, баласың бағып берсең дет – мұнын барлығы қызмет. Сондықтан мұнын барлығын ауыл жастарына жеткізіп, үйрету керек. Ал оны жүйелі түрде үйретпесек, тиіп-қашып үйреткеннен пайда шамалы. Ауылдың жастары 5-6 сыныпқа барғанда кәсіпкерліктің қыр-сырын толыққанды меңгеру керек деп ойлаймын. Себебі мектеп бітірген 10 баланың 9-ы кәсіпкерлікке барады екен. Ауылдың баласы Ай мен Күннің арасындағы  қашықтықты білмесе де, кәсіпкерліктің не екендігін білуі шарт. Алыстағы Американың астанасы мен саяси жүйесін білудің қаншалықты маңызы бар екендігін білмеймін, бірақ кәсіпкерліктің, қызмет көрсете білудің пайдасы маңызы орасан зор. Соны ескеруіміз керек. Осы бағытта жұмыс жасауымыздың себебі осында. Біз оған қазірден бастап ден қою керекпіз.

— Жоба аясында сіздер әлеуметтік сауалнаманы да қолға алған екенсіздер. Нәтижелері қандай? Не күтесіздер?

— «Балалар және кәсіпкерлік» жобасы аясында біз екі республикалық әлеуметтік сауалнаманы қолға алып отырмыз. Бірінші сауалнама балалардың кәсіпкерлікке деген қарым-қатынасын анқытауға бағытталған. Бұған республикамыздың 14 пен 18 жас аралығындағы жастары қатысады. Балалар мен кәсіпкерлік жайында сөз қозғаған кезде құр бос сөз болмауы керек, керісінше нақтылық қажет. Нақтылық осындай ғылымм зерттеулермен келеді. Бір зерттеудің өзінде 40 астам сұрақтар қамтылған. Бала үшін бұл әрине жеңіл емес. Бірақ оны жасау міндетті түрде қажет. Себебі оның осы бағытта мардымды шешімдер қабылдау кезінде маңызы үлкен болмақ. Әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша тиесілі органдарға ұсыныстар береміз. Бәлкім әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы арқасында кәсіпкерлік туралы жаңа факультатив сабақ еніп те қалар.

Екінші әлеуметтік сауалнама балаларға арналған өнімдерге мониторинг жасау мен олардың бос уақытының қалай ұйымдастырылатының анықтауға бағытталған. Бұған мемлекеттік қызмет, білім беру мен денсаулық сақтау, СЭС сынды салалардың арнайы мамандары қатысады. Қазан айының алғашқы күндері екі сауалнамыз бойынша есеп жасалып, көпшілікке ұсынылады.

— Алдағы уақытта бұл жобаны ары қарай жүзеге асуы мүмкін ба? Осыған қатысты жаңа идеяларыңыз бар ма?

— Сөзсіз идея бар. «Азаматтық бастамалар қолдау орталығы» КЕАҚ келер жылы осы бағытта тағы да жаңа жобаларды іске асыратын болса, міндетті түрде қатысуға ойымызда бар. Келер жылы Солтүстік және Батыс Қазақстанның шалғай ауылдарын араласақ деп отырмыз. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары бізді күтуде. Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелерін беруде. Сондықтан жоба мұнымен аяқталмайды.

— Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

Жастарды кәсіпкерлікке баулу үшін…

Жарияланды - 29.06.2017 0
«Жастар Үні» Жастар Қоғамдық  Бірлестігі шалғай ауылдарға сапар шегіп, «Балалар және кәсіпкерлік» тақырыбында дәрістер оқыды. Маусым айынан бастап жүзеге асып…

Байқау

Жарияланды - 19.11.2015 0
    Құрметті оқырман! «Болашақ Жасар» қоғамдық-саяси жастар газеті «Болашақ» РҚ-ның қолдауымен 17-25 жас аралығындағы қыз-жігіттердің арасында байқау жария­лайды. Байқау…

«Көшеде сақ бол!»

Жарияланды - 24.10.2017 0
Алматы қаласы Ішкі саясаты басқармасы қолдауымен  «Жастар үні» ЖҚБ — нің «Қауіпсіз Жол»  жобасы аясында «Көшеде сақ бол!» акциясы өтті. Алматы қаласы…

ЖАС АРМАНЫ ЖАСТЫҚҚА БАЙЛАНҒАН ЖІГІТ

Жарияланды - 20.11.2015 0
(болған оқиға ізімен)   Көктем келіп, табиғат ананың өзі қарбаласып жаңарып жатқанда, Хамит үшін жұмыссыз жату бір қорлықтай көрінді. Сықырлаған…