«Әлем. 21 ғасыр манифесі» жаңа әлемдік идеология іспеттес!

Жарияланды at 07.10.2017
49 0

Ва­шингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды, төртінші саммит Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жаһандық бастамасымен есте қалды десек те болады. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Барак Обама бастамашылығымен шақырылған жаһандық саммиттің барысындағы тарихи маңызы жоғары құжаттың бірі ретінде де бағаланатыны да сөзсіз. Өйткені, саммит аясында Қазақстан Президентінің авторлығымен шыққан «Әлем. XXI ғасыр» манифесі атауымен мүлдем жаңа құжат-парадигма жарияланып, ол бойынша БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға, сондай-ақ әлемдік ұйым жанындағы барлық мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдеріне тиісті хат жіберілген болатын. Кейіннен манифест БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Құжат барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді Біріккен Ұлттар Ұйымы Хатшылығының электронды жүйесіне орналастырылды. Оған БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясының ресми құжаты ретінде А/70/818 тіркеу нөмірі және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде S/2016/317 тіркеу нөмірі берілді. Манифест сондай-ақ, ресми құжат ретін­де БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші коми­тетінің және БҰҰ Қарусыздану жөнін­дегі комиссиясының Quick First жүйе­сіне ресми құжат ретінде орналастырылды. Түйіндей айтқанда, Мемле­кет басшысының халықаралық қауымдастық алдындағы беделі мен Қазақстанның бейбітсүйгіштік ұстанымы әлемдік деңгейде тағы бір мәрте танылды. Өйткені, Елбасы манифесі соғыс атаулыдан адамзаттық қорғанысты күшейтуге үндеп, бейбітшілікке қатысты аса өзекті мәселелерді қамтуға бағытталады. Сондықтан да, ХХІ ғасырдың қорқынышын дөп баса жариялаған мұндай манифестің маңызы айқын екенін саясаткерлер де мойындап, оны сақтау күллі адамзат пен қазіргі біртұтас әлем үшін аса маңызды екенін сарапшылар да бірауыздан айтып жатыр. Мәселен, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаевтың сөзінше, Елбасы манифесі ең әуелі әлем әлеуетін әрқилы қиындықтарға қара­мастан, бейбіт қатар өмір сүруге, рухани, адамгершілік асқақ сезімдерді құрметтеуге шақырған аса маңызды бағдарламалық құжат болып табылады. Бұл ретте сарапшы Қазақстанның тәуелсіз даму жолындағы бейбітшілік ұстанымы осы манифест арқылы тағы бір мәрте дәлелденгенін атап өтеді. «Қазақстан — алапат қарудан бас тартқан төрткүл дүниедегі тұң­ғыш ел ретінде басқалардың да өзінен үлгі-өнеге алуын қалайды. Сондықтан Қазақстанның осындай қайырлы қадамына ешкім күдікпен қарамай­ды. 25 жыл бұрын Қазақстан басшысының Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Содан кейін ғана әлемдегі басқа ядролық державалар атом қаруын сынауға мораторий жариялай бастады. Былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақ­стан­­ның бастамасымен Ядро­лық қару­дан азат әлем құру жөнінде декларация қабылдады. Сондай-ақ, 2015 жылы Қазақ­станда Төмен байытылған ядролық атом банкі құрылды. Бұның бәрі елі­міздің ядролық қарусызданудағы көшбасшы саясатын, атом қуатын тек қана бейбіт мақ­саттарға пайдалануға мүдделі екен­дігін көрсетеді», — деді Э. Полетаев. Оның пайымынша, Нұрсұлтан Назар­баевтың манифесі Азия, Еуропа және Африка елдері саясаткерлерін демилитаризациялау бағытына қарай қадам жасауға итермелейтіні сөзсіз. Ал Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму мәселелері жөніндегі зерттеу орталығы Қоғамдық дамуды зерттеу институтының профессоры Ван Сяньцзюй «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан кезекті зор үлесі деп санайды. Сарапшының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі БҰҰ тарапынан кеңінен қолдау табуы және аталған халықаралық ұйымның ресми құжаты мәртебесін алуы көтеріліп отырған проблеманың өзектілігін бекіте түседі. «Сондықтан да, мен Қытайдың ғалымдар қауымдастығы Қазақстан көшбасшысының бастамасын қолдайтындығын атап өткім келеді. Шындығында, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның басты үлесі әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық қарудан бас тартуы және Семей ядролық полигонын жабуы екені даусыз. Қазақстан бұл бағытқа баса күш-жігер жұмсауын жалғастыруда және ядролық таратпау ісіне, толықтай алғанда біздің ғаламшарымыздағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Қазақстан Президенті өткен саммит барысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі келесі саммитті Қазақстанда өткізуді ұсынды. Меніңше, бұл өте жақсы ұсыныс. Ол Қазақстанның бұл мәселеге мұнан да айрықша мән беруін жалғастыра түсетіндігін дәлелдейді», — дейді Ван Сяньцзюй. Бұдан бөлек, қытайлық сарапшы Қазақстанда МАГАТЭ-мен бірлесіп төмен байытылған уран отыны банкін құрғанын, бұл уранның бейбіт мақсатта дамуына деген ұстанымды білдіретінін атап өтті. Бұдан бөлек, халықаралық сарапшылар «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде ядролық қарусыз, соғыссыз және зорлық-зомбылықсыз тұрақты дамудың жаңа стратегиясын аса маңызды деп танып, оны тереңірек талдай түсу туралы да мәселе көтеруде. Атап айтқанда, Монтерей халықаралық зерттеулер институтының ғалымы Майлз Помпер Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы терең мағынасымен, мәні зор дүниелерді қамтығанымен ерекшеленетінін алға тартады. «Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында өзін белсенді ел ретінде мойындатып келе жатыр. Ядролық қарусыздануға қарсы мемлекет ретінде Қазақстанның әлемге айтары да, бөлісер тәжірибесі де бар. Тұтастай алғанда жаппай қырып жою қаруларынан бас тартқан Қазақстанның бұл әрекеті барлық мемлекеттерге үлгі бола алады»,- дейді Майлз Помпер. Түйіндей айтсақ, Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ға­сыр» атты манифесі әлемдік лидер­­лердің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктеріне деген сынақ та секілді. Өйткені, ядролық қарусызданудың сөзсіз көшбасшысына айналған Қазақстан мен оның Президенті Н. Назарбаев бұл жолы да жаһандық саясаттың тізгінін ұстап, халықаралық мәселелер төңірегінде жүрген салмақты тұлғаларға ой салып, әлем қауіпсіздігі үшін жауапты қадам жасауға шақырып отыр. Осылайша, Қазақстан басшысының бейбітсүйгіш саясаты ядролық қарусыз өмір сүруге шақырған маңызды манифест арқылы өзінің жүйелі жалғасын тапты. Сондықтан да, манифесттің дер кезінде ортаға тасталғанын алға тартатындар да баршылық. Айта кетерлігі, жақында «Қазіргі заманғы даму институты» Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитіндегі «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қатысты сарапшылар арасында сауалнама жүргізген екен. 100-ге тарта сарапшы қатысқан сауалнаманың қорытындысы жақында жарияланды. Оған сәйкес, қатысушылардың 95,5 пайызы Елбасы Н. Назарбаевтың «жаһандық ауқымдағы жойқын соғыс — әлемге төнген үлкен қауіп» деген пікірін толық қолдайтындықтарын білдірген. Сонымен қатар, сарапшылардың 98 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит аясында жариялаған жаһандық ауқымдағы ықтимал соғыс қатері туралы мәселенің қойылуын уақытылы деп санайды. Ал 97,6 пайызы «XXI ғасырдағы аса үлкен проблемалардың бірі — ядролық терроризм қатері, сондай-ақ, ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы», дегенімен келіседі. Сұралғандардың 94,3 пайызы «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт шынымен де өз мақсатын орындамады» деген пікірмен де келісетіндіктерін айтқан. Сонымен қатар, сұралған сарапшылардың 96,6 пайызы «ядролық терроризм қатер төндіріп тұр» деген пікірді ешқандай да жоққа шығармайды. Яғни, бұның өзі қазіргі таңда лаңкестердің жаппай қырып-жою қаруын иеленуге ұмтылысы артып отыр деген пікірдің басым екенін нақтыласа керек. Сауалнамаға қатысушылардың 97,7 пайызы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін құру бойынша Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтындықтарын айтқан. Ал респонденттердің 92 пайызы осы құжатта ұсынылған үш басты қағидат бүгінгі жаһандық шындыққа сай келеді деп есептейді. Бұдан бөлек, сарапшылардың 95,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларациясы Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі жетістіктерінің бірі» деп санайды. Айта кетейік, сауалнамаға барлығы жүзге тарта сарапшы қатысқан. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар және ғылым мен білім саласының мамандары бар.

 

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар