Құтты мекен, құтты ма екен?

Жарияланды at 11:09
1802 0

ауыл1Кешқұрым сәт болғанда, қызарып батқан күнменен шаңдатып, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиыр келер. Мал алдынан жан шығып, ‘‘менің малым қайда’’ деп, немересін еріткен қария, күшігін еріткен жас бала, шаңдатқан жаққа қарауда. Ауыл кеші азан-қазан. Мал қайырып ысқырған малшы, үрген ит, кісінеген күрең ат, мөңіреген ала сиыр. Бұл қазақ ауылы дегенде ең бірінші есімізге түсер көрініс. Анығы солай болған. Ал қазір ше?

Бүгінгі ауыл өзгерді. Сондықтан да ауыл жайлы сөз қозғайтын кез келді. Еліміздің дамуында діңгек болуға тиіс ауылымыз өзінің «ұлы мақсатын» дұрыс орындай алмай жатыр. Неге? Сонымен, қалың қалай қаймағы бұзылмаған ата-қоныс, алтын мекен? Шаруашылығың шатқаяқтап тұр ма, әлде шабыты келген шайырдай, шашауға шаң жұқтырмай, өрісің өрге домалауда ма?

Халің қалай, қазақ ауылы?
Ауыл. Қарапайым төрт әріпті сөз болғанымен, мағынасы қарапайым емес, тым тереңде. Ауыл – ол қазақтың өткені, талай тарихтың куәсі мен шежіресі. Мұнда тіпті әрбір жусан да қазақ тарихын жырлайды. Қазақтың әр ауылының жоталары жақсы жыл­дардың жаршысы болып, сілемдері суық жылдардан сыр шертуде. Алыстан Абай туған Қарауыл қол бұлғаса, мына жақта Мұқағалиды дүниеге әкелген Қарасаз қазаққа қарап тұр емес пе?! Анығы үмітпен үңіліп қарауда.
Бүгінгі күні ауылдың тұрмысы мүлде бөлек. Бастапқы «ұлы мақ­сатынан» ажырап, өзге бағыттағы өлеңді өрбітуде. Бастапқы мақсаты – қазақ экономикасының басы болып, агроөнеркәсіпті дамыту арқылы ел еңсесін көтеру еді. Тәуелсіздікті алған сәттегі бірінші ұлы миссиясы осы болатын. Бірақ бұл мақсат дұрыс орындалмады. Нақтырақ айтар болсақ, үкімет тарапынан ұмытылды ма, әлде халық тарапы ұмытты ма, әйтеуір бүгінде бұл ұлы мақсат жайлы БАҚ-та, бұқара да бір ауыз сөз айтпайды. Сөйтіп ұмытылған мақсат жайлы ойға батқан сәтімізде, ауыл халқы жаппай қалаға көшуді бастап кеткені есіміз­ге түсті. Бұл тарихтағы ғұндардың Еуропаға қоныс аударған «ұлы көші» іспеттес десек болады. Ғұндар «ұлы көшпен» Еуропаға ұмтылып, Рим им­периясының құлдырауына себепкер болды. Ауыл халқы да солай етуде. Түсініксіз болса түсіндірейін. Ауыл халқы Еуропаға көшпесе де, қалаға қоныс аударуда. Ауылды дамытпаса да, әлемдік процесс саналатын урбанизация атты еуропалық құндылықтың дамуына үлес қосып, ауыл дейтін қазақы құндылық қоймасының қаді­рін қашыруда. Ғұндар қоныс аудар­ды – империя құлдырады, ауыл халқы қоныс аударды – ауыл құлдырады. Сан ғасырдан кейінгі ұқсас жағдай. Біріншісі бізді ұлы халықтың ұрпағы ретінде мақтануға себеп болса, екіншісі «барды жоқ қылған» ұрпақ ретінде қызаруымызға себеп болатындай.
Біздің елімізді 17600000-нан астам жан ме­кендейді. Соның тең жартысы, анығы 47%-ы ауылда тұрады. 6615 ауылды мекен ететін осыншама көп халықтың барлығы дерлік ауылда «не үшін тұрып жатырмын?» деген сұраққа жауап таппаған сияқты немесе көкейінде ешқашан бұл сұрақты қойып көрмеген. Олай дейтін себебіміз ауылда тұрса да мал асырамайтын, жер тыңайтып диқан болмайтын, егін жайқалтып шаруа атанбайтын жандардың көптігінде. Осы сәтте ауылда тұрып ауыл шаруашылығымен айналыспаса, онда «несіне ауылда тұрады?» деген сұрақ еріксіз туындайды. Бұл дегеніміз соғысқа барып, бір оқ атпай қайтып келген сарбаздың әрекетімен тең дүние ғой.
Осы тұрғыда «ауылға мемлекет тарапынан көңіл бөлінбейді!» деген ақталуды алға тартатын азаматтар да бар. Алайда мемлекетімізде 2003-2005 жылдарын «Ауыл жылы» деп жариялау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын ашу арқылы білікті де білімді жас мамандарды ауыл-аймақтарға жіберу, ауыл халқының ауыз су мәселесін шешу бағытындағы «Ақбұлақ» бағдарламасын жасау, ауыл шаруашылығын өркендетіп, мал шаруа­шылығын дамыту үшін «Сыбаға» субсидиялық арнайы бағдарламасын ашуы мемлекеттің ауылды дамыту барысындағы жасаған іс-әрекеттерінің көрінісі екені анық. Сондай-ақ, жылына 15 млрд. теңге бөлініп, 2004-2010 жылдар аралығында жүзеге асырылған «Ауылды дамыту» бағдарламасы да соның айқын дәлелі. Елімізде ірілі-ұсақты ауылды дамытуға арналған 74 бағдарлама бар екен. Иә, бәлкім бұл бағдарламалар толыққанды жүзеге аспай жатқан шығар. «Бал ұстаған бармағын жалайды» демекші, бағдарламалардың қаржылық базасының арқасында байып қалғандар да бар. Ауылды көркейту үшін бөлінген теңіздей көп қаражаттың, тамшыдай ғана бөлшегі түпкі мақсатына жетіп жататын сәттер де аз емес. Дей тұра, ең бастысы ауылды дамытуға арналған бағдарламалардың бар болуында ғой.
Еліміздің кеңдігі мен суының тегіндігі, жеріміздің құнарлығы мен шөбіміздің шүйгіндігі мемлекетімізде ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік беретіні анық. Осыншама Алла берген артықшылықтарға қарамастан, ауылдарымыз жыл өткен сайын құлпырудың орнына, құлдырап барады. Кезіндегі қарасы көп қараша қоныс аударудың кесірінен қатары азайып қалған. Тыным таппай жер жыртатын қарға сирақ қара соқалы он-он бес трактор жер тыныштығын қашырса, бүгінде олардың саны әр ауылда бар жоғы екі-үшеу ғана. Оған да тәубе делік.
Сонда бұл неткен парадокс. Жер бар, су бар, бағдарлама бар, бірақ өркендеу жоқ. Халық ауылда қалсын деп қанша бағдарлама ашылса да, ілгерілеу көрінер емес. Жұмбақтың жауабы адам психологиясында жатыр. Әлем халқы жаппай қалаға қоныс аударуда, бұл Қазақ еліне де келіп жетті. «Болашақтың кілті қалада, ал ауыл­дың келешегі бұлыңғыр» деп санайтын ауыл халқының біраз бөлігінің қалаға қоныс аударуы да сондықтан. Алайда құтты мекенге қолды бір сілтеп, «қала қайдасың?» деп құтсыз көштің шаңын шаңдатып жатқан азаматтар жеті рет өлшеп, бір рет кесу керектігін ұмытқан сияқты. Себебі әлем халқының саны артуда. Ал адам үшін ең басты керек дүние – азық-түлік. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытқан аза­маттардың материалдық жағдайын кө­теріп алатын мүмкіндігі де жыл сайын арта түспек. Сондай-ақ, әлемдегі табиғи ресурстардың арзандауына бай­ланысты дағдарыстың дендеп бара жат­қандығы да белгілі. Бұл дағдарыс ауыл шаруашылығының ел экономикасын құраушы басты компонентке айналуына мүмкіндік беруде.
Алыптарда ауылдан күш алады
АҚШ, Еуропалық Одақ елдері мен Жапония, жалпы экономикасы еңселі, әлемдік держава саналатын елдердің барлығы да біздің көзімізге ауыл шаруашылығынан мүлде бас тартып, қарыштаған технологиялардың қарқынымен өмір сүретін елдер сияқты көрінетіні рас. Иә, бұл елдердің технологиялары керемет екені ақиқат. Алайда экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылық өнімдерінен түсетін қаражат құрайтынын да үнемі есте сақтағанымыз дұрыс. Мысалы АҚШ жыл сайын жүгері сатудан көшбасшы болу арқылы жылына 40 млрд. доллар, ал Жапония балық өнімдері мен күріш сатудан 56 млрд. доллар, Иран мен БАӘ, Сауд Арабиясы құрманы экспорттаудан жылына орта есеппен 32 млрд. доллар табыс табады. Айта берсек мысал көп. Дамыған елдер жаңа технологияларды табумен қатар, сол технологияларды агроөнеркәсіпті дамыту саласына бағыттап жатыр. Өйткені державалар «адам баласына ең қажет дүние-тамақ» екенін біледі. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға барын салатын болады. Осылайша алыптар да ауылдан қуат алып, экономикасын еңселейді екен.
Тағаны ұстадан артық ешкім соға алмасы белгілі. Сол сияқты қай ел, қандай кәсіпке машықтанған болса, сол кәсіпті дамыту арқылы елді дамытуға тиіс. Жапония технологияны дамытып жатса, біз бар күшімізді ауыл шаруашылығын дамытуға салуымыз керек. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытқан ел артта қалған ел емес, ол ел өзгелерді артта қалдыратын ел болмақ. Ауыл шаруашылығын керемет дамыту – өнер. Ендігі таңда осы өнердің арқасында, түрлі бағдарламалардың демеуі арқылы ел халқы мен мемлекет ауыл шаруашылығын қарыштатып дамытса екен. Әлемдік кеңістікте агроөнеркәсіптің барлық саласы бойынша держава саналатын ел жоқ. Ол орын әзірге бос тұрғанымен, ол орынға барлығы да ұмтылуда. Ендеше мыңнан тұлпар саналып, бұл орынды иемдену мүмкіндігінен Қазақ елі айырылып қалмаса екен. Өйткені, экономиканың күні ауыл шаруашылығының даму әлеуетіне қарап қалатын кезең туындауда.
Түйін
Қазақ пен ауыл егіз ұғым. Қала –­ бәй­терек, ауыл – тамыр. Тамырсыз алып бәй­терек те қурап қалмақ. Қазақтың қаймағы саналар қайраткерлердің басым көпшілігі ауылдан шыққан, әлі де шыға бермек. Ең бастысы бірліктің бейнесі саналатын, берекенің құт қазанын қайнататын ауыл отының сөнбеуінде. Халық болашақтың кілті ауылда екенін түсінуі керек. Қалада бос сандалып, сананы улар құштарлықтың құшағында жүргенше, ауылға қайтып, қаңырап қалған қара шаңырақтардың отын қайта тұтатып, ауыл шаруашылығын дамыту әлдеқайда жауапты да сауапты, пайдалы іс. Кезінде ақын Асқар Тоқмағанбетов былай деп жырлаған еді:
Ауыл – біздің сәніміз,
Ауыл – біздің қанымыз.
Ел көркейсін десеңіз,
Ауылға сіз барыңыз.
Бұл ұранды үндеу бүгінде аса өзекті. Ең бастысы қайда жүрсек те, ханның да, қарашаның да шыққан жері алтын мекен ауыл екенін ұмытпайық, ағайын!

Асхат Әл-ҚасеНғали

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

Ұшақтан кейін тікұшақ құлады!

Жарияланды - 26.11.2015 0
Красноярск аймағында Ми-8 тікұшағы құлап, 15 адам қаза тапты, тағы 10 адам жансақтау бөлімінде жатыр, — деп хабарлайды РИА Новости Батыс-Сібір көлік…