Жігер Ауыпбаев, «Меломен» тобының әншісі:

1
1546

59nchI-ybOQ

Алгебраны шығарған адамның басынан кітаппен ұрсам ғой…

• «Ел іші — өнер кеніші» емес пе?! Әкем де, анам да өнерден ешқандай кенде жандар емес. Әлі есімде, әкем ауылдағы мәдениет үйінде қызмет ететін. 4-5 жасар кезімде үйге әртүрлі аспаптар әкеліп қоятын. Соларды қолыма алып ойнай алмасам да, қиқылдатып-шиқылдатып отыратынмын. Той-томалақ болса әке-шешем мені өздерімен алып кететін. Сол жерде айтылған әндерге ыңылдап қосылып отыратынмын. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Әкем мен інісі Бегалы ағам жас күнінде бір топта өнер көрсеткен. Әкем соло гитарада, ағам бас гитарада ойнаған. Мендегі дарын солардан дарыған болар.
• Мектеп бітірген соң Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің вокал бөліміне тапсырмақшы болып Алматыға келдім. 2005 жылы тапсырғанымда, грант бұйырмай оқуға түсе алмадым. Бір жылдан соң бағымды сынамаққа қайта бардым. Ол кезде де жолым болмады. Сөйтіп Алматының кафелерінде музыкант болып жұмыс істеп, өз нанымды тауып жүрдім. Алайда маған үкілеген үмітін артып жіберген ата-анама оқуға түстім деп айтып қойған едім. Шындықты айтып көңілдеріне қаяу түсіргім келмеді. Думан ықшам ауданындағы «Отау» кафесіне музыкант болып жұмыс істедім. Оқуға түсу үшін сол жерден қарызға қаражат алдым. 2007 жылы оқуға тапсыруға барғанымда Қайрат, Ролланды кездестірдім. Бір қызығы, «Меломендегі» жігіттердің бәрі оқуға бір жылда тапсырған екен. Бір жылдан кейін өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, оқуымның бәрін беске жауып, грантқа ауыстым. Ал «Меломен» тобының бастарын біріктірген киелі шаңырақ — өнер ордасы болды. Осы киелі шаңырақта білім нәрімен сусындатқан Лаки Константинович Кесоглы, Венера Қармысова, Әсия Мәлімова (актер шеберлігі пәнінен) ұстаздарымның үйреткені мол.
• Өмірдің өзі үлкен күрестен тұрады. Топ болып төртеуміз бір кемеге отырғаннан кейін өнер айдынында қандай толқын кездессе де, бәрінен сүрінбей өтуді алдымызға үлкен мақсат етіп қойдық.
• Бала кезде сырымды анама да, әкеме де емес, ініме айтатынмын. Бір қызға ғашық болып қалсам, хат жазамын да, Алмастан беріп жіберетінмін. Інім апарып береді. Бірақ оның апарып бергенін қайтейін, хат иесіне жеткенше анамның қолына тиіп, оны әкем де оқып, соңынан барып хат қызға жетеді екен. Ініме хатты сеніп тапсырғаннан кейін, әжемнің үйіне қашып кетіп, жауабын сол үйден күтетін едім. Содан кейін бүкіл ауыл хаттан хабардар болатын. Негізінде сыр бөліскің келсе, ата-анаңнан артық ішкі жан дүниеңді түсінер жан бар ма?!
• 8-сыныпқа дейін староста болып, үздік оқушылардың қатарында болатынмын. Әрбір мақтау қағазын алған сайын үйімізде той болатын. 9-сыныптан бастап бәрі өзгерді, тіпті оқуым да. Күнделігіме 3-4 деген бағалар түсе бастады. Арғы жағы түсінікті болар… Мектептің төбелес деген жазылмаған заңы болатын, одан да құр қалмадық.
• Менің Гүлнар Омарова дейтін математика пәнінен беретін мұғалимам болатын. Математика, физика, геометрия, химия пәндеріне қызығушылығым аз еді. Онымды ұстаздарым да білетін. Алгебра пәні дәптерінің қызыл сызығына «Мен қазір қатты қиналып отырмын. Себебі мына есептерге миым жетпей отыр. Алгера пәнін кім шығарды екен?! Бұны шығарған адамның құлағынан іліп қойып, басынан кітаппен ұрғыласам ғой»,- деп жазып қоятын едім. Дәптерлерімнің шетінде осы сынды жазулар көп болатын. Есеп шығарып келе жатып, махаббат туралы өлеңдер шығарып кетем. Дәптерлерімнің бәрі қияли болатын. Бір күні Гүлнар апайымыз дәптерлерді тексеруге жинап алды… Сөйтіп менің дәптерімді алып, құлағымнан бұрап отырып, директордың алдына алып барып, менің басымнан сол пәннің оқулығымен ұрған болатын. Әрбір күнің қызықты өтсін десең, бір күнің бір күніңе ұқсамасын демекші, мектеп қабырғасында өткен қызықты сәттерім әлі күнге жадымда.
• Мен бәріне асыл тұқымдымын деп қалжыңдаймын. Бойымның ұзындығы өзіме қатты ұнайды. Өнер адамы болғаннан соң фанатизм деген бар. Осы сұхбатты пайдалана отырып мына нәрсені айтқым келеді: көп қыздар «біз сіздің табынушыңызбыз» деп жазып жатады. Ол өте үлкен қателік. Адам тек Аллаға ғана табынады. Хақында «тыңдарманыңызбын, өнеріңізді бағалаушымын» дегеннен ұтымды сөз жоқ
• Анам мені «ботам», «құлы­ным» дейді. Жигонай, Джико деп айтады. Достарым Джига дейді. Негізі көбі мені Джига дейді. Соған қарағанда Джига деп атымды өзгертемін-ау деймін…
• «Фобия» бағдарламасы… Түсірілім кезінде мені жылан шағып алды. Біраз уақыт ауруханада жатып шықтым. Қазір жағдайым жақсы! Бұл жердегі жәндіктердің бәрі хайуанаттар бағынан алынады. Мүмкін мені шаққан жыланның уы алынбады ма екен… Себебі мені шаққан кезде өз денемді сезбей, өңім бозарып, түсім қашып кетті. Бұл жерде қуанатыным — бірінші болып шыққаным. Қыз балалар бармағанына шүкір дедім. Өйткені жыландар адам қолына үйренбегенде кішкене сес көрсетіп, уытты болып тұрады. Кейін адамның қолына үйренгеннен кейін ашуы қайтады. Сөйтіп мен бірінші болып бардым. Қолыма жыландарды орап жатқанымда, сол қолымдағы жыланның басын қатты қысып ұстап тұрған едім. Ол ысылдаған дауыс шығарды. Сол кезде оң қолыма оралып тұрған жылан шынтақтан кеп шақты. Шаққан жыланның түсі де басқалардан ерекше болатын. Түсірілім алаңы біраз шу болды. Дереу медициналық көмек көрсетіліп, қолымды тазалап, таңып тастады. Жаңағы жыланды бірден алдыртып тастадым. Себебі иммунитеті төмен адамдар болса, кім білсін у денесіне жайылып кетер ме еді?! Меруерт Түсіпбаеваны шақты, бірақ ол жыландар ондай емес еді. Олар менің иығымды да шаққан. Ол кезде қорқатын дәнеңе болмады. Араға да таланып көрдік, тышқандарды басымызға ойнатып та көрдік. Бұл жобадағы басты мақсат — жоба ұйымдастырушылары тағайындап жатқан ұтыс емес. Ең бастысы – өзімнің ішкі қорқынышымды жеңу.
• Әскерде болмадым. Бірақ шақыртулар келді. Ол кезде біз топ болып құрылып, өнер әлеміне жол тартқан кезіміз еді. Егер мен ол кезде баратын болсам, өз өнерімнен алыстап қалатын едім. Кешіріңіздер….
• Бұл фәниде әр нәрсе өз теңімен теңдестірілген. Жақсы мен жаман, ақ пен қара, бай мен кедей…оның бәрі өмір заңдылығы. Егер бәрі бай немесе бәрі кедей болатын болса, бұл өмірдің түк қызығы болмас еді.
• Мен арманымнан адасқан емеспін. Кішкене күнімнен бастап әнші болсам деп армандайтын едім. 2-3-сыныптан бастап түнгі сағат 3-тің кезінде далаға шығып, екі қолымды аспанға жайып алып, «анау жұлдыз менікі» деп жап-жарық жұлдызға қараймын. «Қашан сол жұлдыз сөнеді, мен де сол кезде сөнем» деп қиялға ерік беретін едім. Сол жұлдыз биіктеген сайын мен де биіктеймін деп ойлайтынмын. Сол әдетім күнде қайталанатын. Кейде анам көріп қалып, ұрысып-ұрысып үйге кіргізіп алатын. Ол әдетім бүгінге дейін жалғасып келеді.
• 2012-2013 жылдар «Меломен» үшін жағымды жаңалықтармен басталды. 2012 жылдың 28- желтоқсанында қолымызға «О, махаббат» атты жеке үнтаспамызды алдық. Біздің Моңғолияға гастрольдік сапарымыз «Алтай принт» компаниясының ұйымдастыруымен болды. Моңғолияға аттанарда бойымызда біраз қобалжу болды. Қазақстанның ішінде концерт берерде де қобалжушы ек. Енді өзге мемлекет болған соң, қазақтың намысын, мәдениетін арқалап, көк туын көтеріп баратындықтан аздап сезімге бой алдырдық. Ол жақтағы қандас бауырларымызды ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтай бардық. Улан-Баторда концерт бердік. Халық жібергілері келмей, бір өлеңді екі-үш рет айтқызды. Ішкі өзектері бордай үгітіліп, қанттай еріді. Зал лық толы. Концерттен шығып кетіп бара жатқан кезде олар қимастықпен көздеріне жас алды. Келесі күні Баян Олгий деген қазақтар қоныстанған жерде концерт қойдық. Сондай бір керемет, қазақ салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған өңір екен. Шежіреден сыр шертер қазыналы қарттары бар. Адам сыймай, екі күн концерт бердік. Қандас бауырларымыз атамекенге дұғай-дұғай сәлем-сағыныштарын аманат етіп тапсырған болатын. Сағыныштарын айтып сахнада жылағандары да болды. Біз де олармен қоса жылап тұрмыз, залдағы көрермендер орындарынан тұрып қол соғып жатқанда, ерекше сезімге бөлендік. Одан келгесін Атырау, Құлсары, Ақтау, Жаңаөзен қалаларына концерт қойдық. Бір байқағаным — Жаңаөзендегі бауырларымыз, сол жақтың халқы өнерге шөлдеп қалған екен. Өте жақсы өтті. Халық өте жақсы қабылдады. Батыс жақ өте қонақжай екен. Жалпы қай өңір болмасын қазақ қашанда қонақ күтуде қол қусырып қалған емес. Шариғат бойынша үлкен сапардан келген адам оны күтіп алып, қонақ қылған адамның үйіне он жақсылық алып барады. Біреуін өзімен алып кетіп, тоғызын сол үйге тастап кетеді екен. Осындай сауап деген нәрсенің не екенін білетін қазағымның әр-бір шаңырағы берекелі болсын!

Дайындаған Арайлым Руслан

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

1 пікір

  1. Қалай байланысуға болады редакциямен? Маған Жігер Ауыпбаевтың өзі жайлы айтқан кішкене бөлігін көшіру керек еді. Мен өзімнің ашқан инста парақшама салайын деп едім. Қарағандылық жанкүйер Жигафанмын. Jiga_fan_krg

Пікір қосу

*