2020 жылы жәрдемақы мен әлеуметтік төлем өседі: кімге және қанша төленеді? 2020 жылы 200 мың қазақстандық үшін әлеуметтік төлем артады.

Фото: Ridofranz/iStock

Жәрдемақысы 30% көбейетіндердің қатарында еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан және жұмысынан айырылған азаматтар бар.

Әлеуметтік төлемдер мөлшерін үштен бірге арттыру міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасында қарастырылған. Заң жобасының негізгі мақсаты – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі еңбек өтілі мен төлем мөлшері арасындағы байланысты нығайту.

Еңбек министрлігі мүгедектерді әлеуметтік қорғау деңгейін көтеру үшін еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін медициналық-әлеуметтік сараптамада нақты белгіленген еңбекке жарамсыздық дәрежесіне сүйене отырып анықтауды ұсынып отыр.

Мысалы, жеті жылдық қатысу өтілі және 100 мың теңге орташа айлық табысы бар, жалпы еңбекке жарамсыздық дәрежесі 65% деңгейінде белгіленген жүйеге қатысушы үшін жаңа параметрлер ескеріле отырып, төлем мөлшері 31 мың 080 теңге болады, ал қазіргі параметрлер бойынша – 22 мың 988 теңге ( 35% өсім).

Асыраушысыз қалған отбасыларды әлеуметтік қорғауды арттыру үшін асырауындағы адам саны коэффициентін өзгерту арқылы әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру ұсынылып отыр. Сонымен, асырауында бір адам болғанда 40% -тен 50% -ке дейін; екеу болса –50% -тен 65% -ке дейін; үшеу болса – 60% -тен 80% -ке дейін және төрт немесе одан да көп болса – 80% -тен 100%-ке арттыру көзделген.

Тұтастай алғанда, заң жобасына ұсынылған өзгертулер әлеуметтік тәуекелдердің үш түрі – еңбекке жарамсыздық, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айырылу бойынша, яғни 200 мың алушы үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орта есеппен 30%-ға арттырады. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік төлемдер мөлшері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: sputniknews.kz

Тегтер:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған