ОЙСЫЗ ЖАНАР…

0
1210



Жастар уни 12 1541Мінез бен күрес

Жұмысынан жаңа келген Жұмахан үйдегі өлі тыныштықтың себебін нақты білмесе де, іштей сезіп, өзі де аяғының ұшымен әрмен қарай бөлмесіне өтіп кетуге тырысқан. Тек мұнысынан түк шықпады. Қабағы қатулы анасы алдынан жұлқынып шықты да, әдеттегі «әуеніне» басты.
– Балаларың өте тәртіпсіз, тәрбиесіз өсуде! Не мені тыңдамайды, не өздерінің ақылы жоқ! Анау әйелің ай қарап отыр ма, білмеймін, неге ол балалары үшін уайымдамайды осы?! Мен сені қалай өсірдім, айтшы, қалай өсірдім?! Жанымды салып, барымды беріп, мәдениетті, қайратты, ақылды етіп жеткіздім емес пе? Неге балаларың саған тартпаған? Өй, көргенсіздер! – деп ашуланған ананың ашуы қайнар шегіне жетіпті. Дір-дір етеді.
Алайда «тағы қайсысы не бүлдірді?» дегендей жәутеңдеген Жұмаханының осы бір мөлдіреген көзінен айналып кететін анасының ашуы баласының еркелігінен жайлап тарқайын деді. Әсіресе ұлы келіп маңдайынан иіскеп еді, құдды бір ешқашан ашуланбағандай жадырап шыға келгені.
– Уайымдамашы, апа, өзім сөйлесемін, – деді де, Жұмахан киімін іліп бөлмесіне қарай жүрді. – Қарным ашты, апатай! – деді кетіп бара жатып.
Жетпіске жақындаған ана үшін жеткілікті сөз осы болатын. Қырықтан асқан құлыншағының қарны ашқанына шыдамайтын ол асүйге қарай беттеді. Тезірек тамағын әзірлеп, «балапанын» тойдырып алмаса болмас. Анау келін не бітіріп отыр десейші! Күйеуінің алдынан жүгіріп шығып, ас-суын әзірлемей!
– Құралай! Келсейші бері!
Күйеуін күлімсіреп күтіп алған Құралай енесінің ащы даусынан селт етті. Енді тезірек асүйге бармаса болмас.
– Жарайды, кейін сөйлесерміз. Бара бер, – деген Жұмахан келіншегін бір иіскеп қана үлгерді.
Көп ұзамай үйдегілер тегіс дастархан басына жиналды.
Жұмахан – осы үйдің отағасы. Бірі жиырма екіге, бірі жиырмаға және он алтыға келген үш ұлы бар. Үлкені оқу бітірген, енді жұмыс қарастырып жүр. Екіншісі оқудан шығып қалған. Келесі жылы бағын тағы сынап көрмек. Үшіншісі 11-сыныпта. Үш бірдей еркек баланы тәрбиелеу, жеткізу, асырау оңай емес, әрине. Дегенмен балалары үшін барын беруден аянбайтын Жұмахан оларды елдің алды етіп жеткізді. Осы күнге дейін не ішемін, не киемін, қайда тұрамын, қалай өмір сүремін деген сұрақтардың бірімен бас қатырмаған балалар асқан молшылықта өсті. Енді әкенің аянбай еткен еңбегінің жемісін беретін шақта бос жүріп, ойын-сауық қуғаны мына қарт ананың жанына батуда. Мысалы, кеше үлкен ұлы Жандар үйге таңғы бесте оралып, бүгін күнімен ұйықтап, әжесінің әбден зығырданын қайнатты. Дипломы қалтасында бола тұра екі қолға бір жұмыс табуға тырыспайтын бұл баланың тым еркінсігенін әкесі де біледі. Бір айтты, екі айтты. Есі бар ғой, өзі де ұялатын шығар деп еді, істеп отырғаны мынау. Екіншісі Айдар да солай. Түсірген оқуын игере алмай, «оқымаймын!» деп шығып кетті де, енді аңдығаны көше болды. Кішісі, жарайды, әлі мектепте. Бірақ Кенжеханның да мінезінің оңып тұрғаны шамалы. Осылардың бетін қазірден бері қаратпаса, ертең тым кеш болатынын жақсы түсінетін әженің ұрысының да жөні бар. Дегенмен өз балаларының олқы тұстарын мойындағанша, көз жұма қарағанды жөн санайтын Жұмахан анасына еркелей қарап:
– Жарайды, апатай! Меніңше, балалар айтқаныңыздан нәтиже шығарады. Енді тамағымызды тыныштықта отырып ішсек қалай?! – деп қойды.
Әрине, бұдан соң шеше сөйлеуін тоқтатты. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Ол қайта түйіліп, ешқашан шешілместей күйге келе жатқанын ол уақытта Жұмахан сезбеген еді. Елдің балалары бірінен қалған киімді бірі киіп, таңғы асқа қант пен қара нан ғана жеп жүргенде, сары майды ас санамай өсірген балаларының «жаман болуы» мүмкін еместей көрінетін! Тек…
Айдар тамағын түртіп-түртіп, ас қайырғанды да күтпестен орнынан тұрып кетті. Оның соңынан Кенжехан да сөйтпек болғанда әжесі тағы айқайға басты.
– Көрдің бе? Сен көріп отырсың ба, әлде бұған да шыдауға болатын нәрсе деп қарайсың ба? – деп ұлына сөге сөйледі. Сол-ақ екен, енді Жандар сорпа ішіп отырған қасығын тарс еткізіп тастай салды.
– Тыныштық бересіңдер ме, жоқ па?! – деді әжесіне алара қарап. – Атау ішкендей тәбетті қашырасыңдар да отырасыңдар!
Ақылды деген тұңғышының қылығы әке шыдамына шек қойған екен. Ол енді үшеуін бірдей бөлмесіне жинап алды да, белдігін шешіп, сабай бастады. Әдетте еш ашуланбайтын, бірақ бір көтерілсе, оңаймен басылмайтын Жұмаханның тап осылай ұлдарын ұрған кезі осыдан он жыл бұрын болған. Онда да белдікпен емес, қолымен майлы жерден тартып жібергені бар еді. Ал қазір әжесінің өзі немерелеріне жаны ашып, шыр-шыр етуде.
– Жұмахан, құлың болып кетейін, қойшы, балам! – деп есік сыртында жыларман халде тұр. Ішке кіруге де қорқуда. Ал ашуы шегіне жеткен әке болса ештеңені естіген жоқ.
– Мен сендерді осындай көргенсіз болсын деп өсірдім бе?! Бұл не тірлік?! Бұл не бассыздық?! Екінші мәрте, қайталап айтамын, екінші мәрте мұндайды көрмейтін болайын! Ешқашан! Естимісіңдер?!
Әкесінің ашуы ең кенжесіне қатты әсер етті білем, көзіне жас үйірген сол ғана. Ал үлкен екеуі міз бақпастан бедірейіп тұр. Ұрмақ түгілі, кесіп алсаң да дыбыс шығармайтын секілді. Жұмаханның бойынан салқын тер шығарып, жанын түршіктірген де сол екі үлкеннің көздері еді. Қорықпайды! Қорықпағанын қойшы, көздері «тағы қолыңнан не келеді? Істей бер!» деп тұрғандай суық. Ұлдарының шын бейнесін енді көргендей Жұмахан одан сайын діріл қақты. Соға түсті, соға түсті. Соңында өзі шаршап қалды. Тіпті шешесі кіріп, тоқтатқанына да қарсылық білдірмеді. Бұл әкенің, күні бүгінге дейін мінсіз отбасы құрдым деп ойлап жүрген әке үшін ащы шындықтың бетін ашқан ең ауыр күн болатын. Бұл Жұмаханның бар арманының, бар үмітінің күл-талқанын шығарған шындық күні еді.
Осы бір оқиғадан кейін үйдегі береке, егер ол бар болған болса, біржолата жоққа айналды. Әкесі келгенше ас-суларын ішіп қоюға тырысатын ұлдар енді бір дастархан басында отырмайды да. Керек-жарақтарына ақшаны анасынан алады, ал Құралай болса күйеуінен үйтіп-бүйтіп, ар жағынан бір, бер жағынан бір шығып жүріп өндіреді. Жұмахан да қаржыны ұлдары үшін сұрап жатқанын білмейді емес, біледі. Бірақ келіншегін аяйды ма, балаларын ба, бермеймін десе де беріп жүргені.
Осылайша күн соңынан күн салып, зулаған уақыт өте берді. Жандар жұмысқа орналастым дегені болмаса, үйге кіргізген бір тиын табысы жоқ. Қайта жолы мен тамағына шешесінен сұрайды. Әйтеуір, бір мезгіл тірлік істеп жүргеніне қуанған әкесі осы шығынын көтеруде. Ал Айдар келесі жылы тағы оқуға тапсырды да, тағы оқығысы келмей шығып кетті. Оның араласатын жолдастарының бәрі де оқымайтын балалар болатын. Еліктеп, есірген ұл енді үй бетін көрмей, көшеде түнейтінді шығарды. Кішісі мектеп бітіріп, оқуға түсті. Қазірше қатарда тік жүргені тек сол ғана.
– Айдар әлі келмеді ме?
Әлдеқашан күлкіден айырылған үйде қабағы қатулы әке екінші ұлының екі күннен бері келмегеніне уайымдайтын емес. Алғашында іздеп, жан-жаққа телефон шалатын шеше де қазір салқынқандылық танытыпты. Жүріп-жүріп, бір келетін баласының бассыздығы үлкендердің ұнжырғасын түсіргені қашан…
– Келмеді…
Тек қарт әже ғана қайсарынан қайтар емес.
– Осылай жүріп бір бәлеге ұрынбаса болар еді. Жұмахан, сен ол баламен сөйлессеңші. Жөнге салуға келмеуі мүмкін емес қой. Оған түсіндірсеңші, – деп шыр-пыр болуда.
Бірақ түсінетін бала болса, түсіндіруден талмас еді-ау. Анашым, мен білмейді деймісің соны?! Қойшы, айта бермеші! Буынсыз жеріме пышақ сұққандай болатыныңды сеземісің өзің?!
Бұрынғыдай емес, анасының алдына келмейтін Жұмахан да шаршапты. Ауыр бір күрсінді де, тамаққа тәбеті болмай бөлмесіне кетті. Тіпті түнгі бірде ұлының үйге оралғанын естіп жатса да орнынан тұрған жоқ. Не де болса түн ортасында үйдегілердің мазасын қашырмайын деп өтірік ұйықтағандай жатыр. Құралай болса күйеуіне білдірмеуге тырысып, баласын өз бөлмесіне тығып әлек.
– Жатсаңшы енді! Қазір әкең оянып қалса, оңдырмайды ғой. Жатшы, балам, ертең сөйлесеміз…
Аптығып, бір нәрсені түсіндіруге тырысқан, бірақ ашылып ештеңе айта алмаған баласының мыңқылдап қайтарған жауаптары естілуде. Ашуы қайнап жатса да, онсыз да үйінің «қызыл кітабына» енген берекені бездірмейінші деп жатқан Жұмахан барынша ұйықтауға тырысқан. Кенет есіктің дүрсілі естілді. Бұл енді тыныш жатуға болмасын білдірген белгі болатын. Әлден уақытта бөлмеге жүгіріп Құралай кірді.
– Жұмахан… үйге полиция келді!.. – деді жылап.
– Полиция? Не үшін?
– Білмеймін… түсші төменге…
Жалма-жан киінген Жұмахан енді есікке беттей бергенде, Айдар жүгіріп кірді. Ешбір тілге келместен әкесінің кереуетінің астына тығылған бала діріл қағып жатыр. Жағдайды айтпай түсінген әке екінші қабаттан түсе бергенде алдынан құқық қорғаушылар шықты. Амандасып, өздерін таныстырған жігіттер Айдарды іздеп жүргендерін айтты.
– Ұлыңыздың үйге кіргенін білеміз. Оны бері шақырыңыз, – деді соңынан.
– Не бүлдіргенін айтсаңдаршы!
– Үй тонаумен айналысты. Жаңа бір үйді тонап қашқан іздерімен келдік.
Көзі қарауытып қоя берген әке басы айналып, отырып қалды. Күні бүгінге дейін балаларын ештеңеден тарлық көрмесін деп өсіргендегі жеткен «жетістігі» жүрегіне батқаны соншалық – сөйлеуге де шамасы жоқ. Қан қысымы көтеріліп кетті ме, басы айналып, құлағы шыңылдап қоя берді. Әлден уақытта әлгілер екінші қабаттан Айдарды сүйрелеп алып түсті де, қолына кісен салып, үйден алып шығып бара жатты. Арқасына жүз қайырылған ұлымен көзі түйіскен әке одан сайын құм болып езіліп барады. Екі ортада шырылдап келіншегі мен шешесі жүр. Біресе мұның бетіне су шашады, біресе баласының соңынан жүгіреді. Бірақ бәрібір ешкім ештеңені шеше алмады. Бұл мәселенің түйіні ұзаққа байланған секілді…

Ұрлық

Айдар өзінің жолдастарымен түрлі үйді тонайтын топ құрған екен. Бүгінге дейін біраз адамды сан соқтырған олар соңғы ретте ұсталып отыр. Алғашында мең-зең күйге түскенімен, ұлының темір торға қамалатынын мойындағысы келмеген әке барын салып жүгірді. «Ол бұл қылмысқа өз еркімен бармады, баласын әлдекімдер алдап топқа қосты» деп шешкен әке араға адам қосып, ақша ұсынып та тырысты. Тек қылмысы айдан анық ұлды құтқару мүмкін болмады. Бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған Айдар әке қадірін кеш ұққан екен. Сот залында:
– Папа, құтқаршы мені, өтінемін! – дегеннен басқаны айтпады да.
Перзентінің құлын даусы құлағынан кетпеген әке басын тауға да, тасқа да ұрды. Әттең, тым кеш… тым кеш сермеген қолдың күші түкке де жарамады. Айдар сотталып кетті.
Ауыр депрессияға ұшыраған ұлының денсаулығына уайым шеккен шеше Жұмаханды осы күйге жеткізген немерелерінен бұрын соларды тапқан, тәрбиелеген келінін іштей жек көре бастады. Онсыз да келін болып түскелі Құралайға қазанның да, шаңырақтың да билігін бермеген кемпір енді оны тіптен үй күтушісіндей де қадірлей алатын емес. Бәрінің кінәсін тек келіннен тапқан ана үшін ауыр күйдегі ұлын көруден асқан қайғы жоқтай. Ары өтсе бір, бері өтсе бір тиісіп, Құралайды «қуырудан» шаршамайтын болыпты. Қазір де ұлының көзін ала бере келініне тиісіп тұр.
– Сұра анау балаңнан. Бар тірлікті бір әкесіне асып қоймай, айлығын әкелсін үйге. Көмектессін әкесіне. Жатып ішер арамтамақ қылып өсіргенсің, енді айтқан тіліңді де алмайды. Мені қойшы, анам деп сені де сыйламайды. Көрдің бе, тал түске дейін ұйықтап жатқаны анау. Менің қойымды бағып келгендей! Тұрсын, қораны тазаласын, еңбек етсін.
– Апа, мен бәрін тазалап қойғанмын. Қай жерден қыл таптыңыз? Барлық жер айнадай жалтырап тұрған жоқ па? Оның үстіне бір демалысында ұйықтаса жарамай ма?
– Жоқ! Бәріне кінәлі осы сенің «ұйықтай берсін» дегенің! Маған сенің емес, анау бәленің жұмыс істегені керек. Ертеңгі күні ол да бір бәлеге ұрынады. «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық адамды аздырады» деп сонау заманда айтып кеткен аталарымыз. Әу бастан осыларды еңбекке үйретсең, қазір Жұмаханның уайымы болмас еді. Табыс табу, үйді асырау еркектің ісі болса, сол еңбектің берекесін келтіріп, балаларына дұрыс тәрбие беру – әйелдің міндеті! Міндетіңнің қаншалықты оңды болып жатқанын мен айтпасам да білесің. Енді екінші баласы бір пәлеге ұшыраса, баламның түгі қалмайды. Ойлан! Бай керек пе саған, ойлан осы сөзімді!
Біледі, кемпірдің сөзінің жаны бар, бірақ ойланғаннан не пайда?! Келін болып түскелі «Сен бұл үйде ешкім емессің! Мен! Бәрін басқаратын мен!» деген ұғымды шегелеумен келе жатқан ене тіпті өз балаларына билік жүргізуге рұқсат бермеуші еді ғой. Енді келіп «бәріне сен кінәлісің!» дегеніне жол болсын?! Балалардың алдында да, Жұмаханның алдында да отырса опақ, тұрса сопақ етіп, ешбір қадірсіз етіп көрсеткен де осы кемпір емес пе?! Ендігі жауапты неге өзінен іздемейді?! Адам бір сәтке «Менің де кінәм бар шығар? Мен қандай қателік жібердім?» деп ойланбаса да қиын екен-ау…
Күйініп, жыларман күйге жеткен Құралай іштегі сайраған ойды сыртқа шығара алмай таусылды. Қайдағы шығарған?! Айтқаны заң, тек қана өзінің дегені дұрыс болған кемпірге енді жетпістен асқанда нені түсіндіруге болар?! Біткен іс, сыншысы көп. Қисық біткен ағашты қисынға келтіруге тым кеш…
– Балам, тұршы…
Жандар қатып ұйықтап жатыр. Ол анасын естімейді. Естісе де тұрмайды.
– Балам, тұрмасаң болмайды. Мені өлтірейін демесең, тұр енді.
– Түу-у-у, не болды соншама?! Бүгін демалсам болмай ма?
– Кешірек демаларсың. Қазір сенің көмегің керек маған.
Жандар бәрібір тұрған жоқ. «Кешірек көмектесермін, қазір тынышыма қойыңыз!» деді бұрқылдай сөйлеп. Жұмыс дейтін жұмысы ауыр да емес. Бір тәулік бойы бір мекеменің алдында күзетте тұрып-тұрып қайтады. Сөйтіп, екі күн демалысының бір күнін осылай ұйқымен өткізсе, екінші күнінде қыдырумен жүреді. Құдай-ау, төрт жыл бойы жоғары оқу орнында 30 мың айлық алу үшін оқыды ма, білмеймін. Бірақ басқа жұмысқа барғысы жоқ. Жандарды тап осы еркіндік қатты қызықтыратын сияқты. Ақшадан тарлық жоқ, әкеден алады. Ал жұмыс оған тек «жұмыс істемейсің бе?!» деген үйдегілердің «аузын жабуға» қажет нәрсе ғана.
Баласының ешкімге бағынбайтынын, әсіресе демалыс күндері қыдырғанда көзі қызарып, үйге өзгеше болып оралатынын Құралай біледі. Ішіп алған дейін десе, арақтың иісі жоқ. Ішпеген дейін десе, көздері де, сөздері де өзгерген ұлының қимылына қарап, не ойларға білмей жүрген шеше әрі-бері ұлын оятып көрді де, болмаған соң оның еденге тастай салған лас киімін жинай бастады. Күртешесі қатты кірленіпті, жуа қояйын, ертең жұмысқа барады, қажет болар деп алдымен қалтасындағы артық затты шығармақ болған ананың қолына күдікті бір зат түсті. Шприц! Бұл не үшін қажет?! Бір жері ауырып жүр ме, мүмкін, мен білмейтін шығармын?!
Ол енді инені айна алдына қойды да, оянғанда сұрармын деп шығып кетті. Тек бала сол жатқаннан кешке дейін тұрған жоқ. Әкесі келеді-ау деген уақытта Құралай ұлын әрең оятып алды. Кешкі тамақ үстінде тыпырши бастаған ұл кетуге асыққанын білдірді. Сонда барып әлгі шприц есіне түскен шеше шай құйып отырып:
– Жандар, сен укол қабылдап жүрмісің? – деп қалды.
– Жоқ…
– Онда қалтаңдағы не шприц? Таңертең күртешеңді жуайын деп ем, қалтаңнан ине табылды ғой.
Жұмахан ішіп отырған тамағына қақалып қалды. Қызанақтай қызарып кеткен әкенің көздері де қанталап барады. Ұлын оқтай жанарымен тесіп жіберердей қараған ол енді болмағанда түйіліп, дем жетпей құлайтын ба еді, шешесі арқасынан қағып-қағып, тамағына түйілген түйіршікті түсіргендей.
– Ас ішіп отырғанда болмайтын әңгімені айтып сен де! – деген кемпір ұлын сипалап, келініне жеки қарағаны.
Не шешесі, не әйелінің ештеңеден күдігі жоғын қарасаңшы. Ал әке болса бәрін түсініп тұр. Әкемен бірге Кенжехан да жағдайдың ушығатынын білгендей, тезірек табанын жалтырату қажеттігін біліп тұр. Ал Жандарда тіл жоқ.
– Түсіндір, ол не ине?
Барынша салқынқандылық танытуға тырысқан Жұмаханға бұдан ары ас батпады. «Соншалықты не айтып қойдым?» дегендей Құралай біресе күйеуіне, біресе ұлына қарайды.
– Менікі емес…
– Сонда кімдікі?
– Досымдікі…
– Досыңның инесі сенің қалтаңда неге жүр?
Жауап жоқ. Түсінікті. Айдардың жайынан кейін өз-өзіне келе алмай жүрген әкеге үлкен ұлдың нашақорлыққа қызығып бастағаны одан сайын жығылғанға жұдырықтай тиді. Отырған жерінде-ақ ұрып құлатқысы келген ол енді көтеріліп келе жатыр еді, бәрін байқап қойған кәрі шешесі тез-тез немересін үстелден тұрғызып жіберді.
– Бар, бөлмеңе бар енді! – деп жағдайды білмесе де, бір жамандықты сезгендей әке мен баланы ажыратты.
Алайда жабулы күйінде қалса, мына тірліктің соңы жақсылыққа соқтырмасын түсінген әке де Жандардың соңынан бөлмеге кірді. Бір ұлын темір торға беріп, екінші баласын есірткінің қамауында қалдырса, өмірінің ешбір мәні де, сәні де қалмасы анық. Осыны неге түсінбейді бұлар?! Сендерге не жетпейді осы?! Жағдайларыңды жасаған сайын жақсылығымды жұдырықтай ауыр етіп қайтаратындай мен не істедім?! Айтыңдаршы, қай жерден қателік жібердім?!
Ұлына әңгімені жай бастаса да, оның ойсыз жанарынан күйінген әке соңынан айқайлап кетті. Жандарды тура Айдар сияқты ұрып та алды. Алайда жас кезде тимеген таяқтың есейгенде әсері де болмады. «Болдың ба?» дегендей бір қараған бала әкесі орындыққа отырған сәтте бөлмесінен шығып кетті. Ол тіпті осы қылығымен әкесін тірідей өлтіріп кеткенін ойлаған жоқ.
Айдардың қателігінен кейін жасалған Жандардың жауапсыздығы үйдегі әлсіз берекені біржолата шашып кеткендей. Осы күннен бастап нағыз қиын күндер енді басталған сияқты. Не тапқан табысын жеткізе алмай, не ашуын баса алмай жүрген әкені жүгенсіз ұлдары қажытқаны аздай, енді шешесі мен әйелінің арасындағы дау да күшейе түсті. Ұрысқа толы үйде тыныш күн тумайтын болыпты. Бүгін де төменгі қабаттан қарт ананың айқайы естілуде. Жұмахан тың тыңдап қарап еді, шешесі келінін кінәлауда екен.
– Баламның өмірін өксіттің! Көгертпедің сен, көгертпедің! – деп сөгуде.
Құралайда үн жоқ. Осының үндемей құтылатын қасиетіне риза болатын күйеуінің енді әйеліне жаны ашып кетті. Шынында да, осы күнге дейін Құралай бір рет сөз қайтарып, бір рет бас көтеріп сөйлемепті-ау. Өзінің сабырында шек болсашы.
– Бір жауапкершілігің жоқ. Осы менің балаларым, менің отбасым екен деп бас қатырған кезіңді көрмеймін. Ана болып балаларыңа, әйел болып күйеуіңе жаның ашыса қайтер еді?! Біле білсең, осы жағдайдың бәрі сенің немқұрайлылығыңнан!
Бұл сөздің де астары бар. Құралай ешқашан үй ісіне, бала мәселесіне араласқан емес. Қазан-табақ пен қолындағы шүберегінен басқаны білмейтін байғұс келін болып түскелі осындай. Тек келінін тап осы күйге түсірген өзі екенін қарт ана да ойлайтын емес. Ешқашан тағынан құламайтындай, мәңгі өмір сүретіндей күні бүгінге дейін үйді өзі жатқызып, өзі тұрғызатын енесіне тік қарап сөйлеуге батпайтын келінді келген бойда өмірге тәрбиелеп, өмірге үйрету ененің міндеті емес пе еді?!
– Қойыңдаршы болды! Таң атпай ұрысқаны несі? – деп екінші қабаттан ұлы түскен бойда шешесі үндемей қалды.
Басқасы басқа, Жұмаханды жанынан артық көретін ана үшін оның айтқаны заң еді. Қазір де сол дағдысынан аспай, баласының алдында құрдай жорғалап кеткені.
– Ұйқың қанды ма? Шайыңа отыра ғой, бәрі дайын, – деді елжіреп.
Құдды бір кішкентай баласына еміренгендей езіле түсетін шешесіне еркелей қараған Жұмахан дастарханға отырды. Кенжехан да әке жанына келді. Бүгін демалыс, Жандар ұйықтап жатса керек.
– Үлкен қайда? – деді Жұмахан әйеліне қарап.
Сол-ақ екен, жаңа ғана еміреніп отырған шешесінің түрі бұзылып шыға келді.
– Кетті, оңбаған неме. Мынадай бәледен туған бала қайбір оңар дейсің. Менің балама тартып туса, мұндай болмас еді… – деді келініне жақтырмай қарап.
– Кеткені несі, таңғы асын ішпей ме?
– Қайдағы?! Жаңа келген балаға шай керек деймісің? Көзі қызарып, келген бойда шешесінен ақша алып шығып кетті. Қол-аяғы дірілдеп жүр. Нашақор неме!
Бұдан арыға Құралай шыдамады. Әлемдегі барлық жамандыққа бір өзін кінәлайтын ененің езгісі жанына әбден батқан білем, көзіне жас толған күйде орнынан тұрып кеткен ол бөлмесіне кірді де, өкіріп жылады. Сырт көзге сыр білдірмегенімен, ішінен тынып, ішінен сорлаған шеше екінші ұлының түрмеде жатқанына әрең шыдап жүрген. Енді тұңғышының жолдан тайғанына тіпті қиналып кетті. Расында да, балаларына дұрыс тәрбие бере алмағанына күйінген ана қай жерден қателік жібергенін білмей дал болды. Қарап тұрса, тап бұлардың отбасында ешбір олқылық орын алмаған сияқты еді. Балалары екі қабатты зәулім үйде туылды, таршылық көрген кездері жоқ. Үй берекесіз болды деп айтуға келмес. Үнемі ұлдарына тәтті тамағын пісіріп, мұнтаздай таза киіндіріп, қыл таппастай тазалықта өсірді. Жаман бол деген кезі жоқ. Сонда оларға не жетпеді?! Бірі ұры, бірі нашақор болатындай оларға не жетпеді?!
Кеудесі селк-селк еткен келіншегін жұбатуға батпаған Жұмахан келіп тұрып кетіп қалды. Ол енді аулаға шығып, ауыр ойға шомды. Ішкі дүниесін ақтарып, өзін-өзі мүжіген әке де енді өзінен қателік іздеумен болды. Ең қиыны – кері қайтаруға келмес мына жағдайдан қалай жол тауып шығуға болатынын білмеу екен. Осы күнге дейін үлкен бір отбасыны жалғыз асырап, жалғыз тартып келгенде де тап бұлай қиналмапты. Әсте, балаға ішіп-жемін тауып беру торғай екеш торғайдың да қолынан келер екен. Бірақ баланың қарны тоқ, көйлегі көк болғанынан бұрын адам болып өсуіне жіті мән бермесең, бұған дейінгі еттім деген еңбегің еш болар екен-ау…
Ойдың ұшы-қиырына жете алмай отырған баласының жанына келген кәрі ана оны құшақтады. Қанша қайратты болуға тырысса да, кәрілік өз дегеніне жеткен екен. Саусақтары майысып, қолдары діріл қаққан шеше тура баяғы кішкентай баласын еркелеткендей Жұмаханды шашынан сипап қойды. Шыны керек, бала кезде анасы осылай істесе, барлық қиындығын ұмытып, шеше қойнына тығыла кетсе, бар жамандық жоққа айналатын. Тек сол сиқырдың құдіреті қашқалы қашан.
– Не істеймін, апа? Не істеймін…
– Сабыр ет, балам…
– Шаршадым… мына өмірден шаршап кеттім.
– Олай деме, ботам. Сен шаршасаң, сен өзіңді тастасаң, мен не болмақпын?!
– Сіз әлдеқайда мықты екенсіз… Маған қарағанда сіз мықтысыз! Менде әл қалмады. Бұдан әрмен күресетін күшім жоқ.
Анасы ұлының сөзінен қорқайын деді. Ешқашан, тап осылай ешқашан таусылмаған жігіт ағасының құм боп езілген жігері жанына батып барады. Әрине, бұл үшін де тек Құралай кінәлі… осындайда күйеуіне тіреу болудың орнына бөлмесінен шықпай еңкілдеп жылап жатысы анау!
…Үйден біресе бір зат, біресе екінші зат ұрланып бастады. Табысы да бұрынғыдай болмай қалған әке үшін есепсіз кетіп жатқан әрбір дүниенің орны ойсырап көрінуде. Баласын тура жолға саламын деген күш те қалмай барады. Құмарлықтан құтылудың өте қиын екенін білсе де, соңына дейін күресуді әкелік борышым деп тапқан ол Жандарды емдетіп те, оқытып та, қорқытып та көрген. Осы күрестің соңында жүріп, кіші ұлының оқуына төлейтін ақша таппай қалды. Ал әбден дайынға тап болып үйренген ұлдың кенжесі болса, бұл үшін әке-шешесін кешірмеді. Қатарынан қалып, оқудан шығып қалғаны «жанына батқаны» соншалық – жұмыс істеп, әкеге көмектесудің орнына, енді ол ішімдікке құмарта бастады…
Үш ұл! Үш бірдей бәйтерек… суықтан да, ыстықтан да қорғалып, ата-ананың кіршіксіз таза махаббатында тазалықтың қадірін білмей өскен үш перзент… бірінен қайран болмады. Жұмахан ең кенжесі үйге араққа сылқия тойып ішіп келген күні іштей күйіп, іштей өртеніп кетті. Бұдан арыға жаны төзбеген әке ұлының қисалаңдап тұрған түрін көрді де, жақ ашып сөйлеместен сыртқа шығып кетті. Әлден уақытта сарай жақтан «тарс» еткен мылтық даусы естілді…

Жауапсыз сұрақ

Немересіне қарап, не айтарға білмей тұрған кәрі ана енді сыртқа қарай жүгірді. Жүрегі жамандықты сезген шеше кәрілігіне қарамастан, сарайға қарай құстай ұшып келеді. Өмірдегі ең сорақы, ең азапты қорқынышы орын алғанына сенгісі келмей келеді.
– Жұмахан! Құлыным-ау, балапаным-ау! Тоқта, олай етпеші, тоқташы! – деп егіліп жылап келеді. Аяғы-аяғына тимей жүгірген енесінің соңынан келіні де қалмауда. Бірақ тым кеш… тым кеш болыпты. Үш перзентіне үлгі болмадым деп өзін сөккен әке кең дүниеге сыймапты. Бар азапты бір сәтте шешудің жалғыз жолын өлімнен тапқан әке бақилыққа аттанып кете барды… Тек осы ісімен өзінен кейінгіге шешім емес, шешілмес түйін қалдырғанын білді ме екен…
Жалғызының өлімі кәрі ананы қайратынан айырғандай. Бүгінге дейін сеніп келген бәйтерегінің морт сынғаны байғұс шешеге мына өмірдің шын жалған екенін түсіндірген ауыр шындық болыпты. Осылайша көп ұзамай, ұлының соңынан отыз күн өтпей тұрып жүрек ауруынан ол кісі де өмірден озды.
Ал тек енесі мен күйеуіне сеніп, осы күнге дейін өз бетінше бір сұрақты шешіп көрмеген, шешпек түгілі, ойланып бас қатырмаған Құралай болса екі қабатты зәулім үйде жалғыз қалды. Үш баласы үш жақта, ақыл қосатын бір жанашыры жоқ келіншек те қиындыққа шыдамай, бар сұрақтың жауабын шөлмектің түбінен іздейтін күнге жеткен…

Р.S. Бұл оқиға маған ауыр ой салды. Ағайынның, қоғамның ортасында өзіндік ерекше орны бар кешегі гүлденген отбасыдан бүгін ешкімге не сөзінің, не өзінің салмағы жоқ біреулер қалған. Екі үлкен ұлдың тағдыры құрдымға кетсе де, Кенжехан үйленіпті. Құралай да бір күн сау, бір күн мас жүретін ұлдың қолында, өзі де ішсе жымиып, ішпесе бұртиып өмір сүруде.
Бір сәтке «егер Жұмаханның көзі тірі болғанда» десең, тап осы отбасының тағдыры бәрібір басқаша, бәрібір қуанышпен өрілер еді деп ойлайсың. Құралай арқа сүйер тірегі болса, ішімдікке салынбас еді. Шалыс басқан балалардың ес тоқтатып, ақылы кіргенде қайтып оралатын жылы ұясы болар еді. Кәрі шеше өксікке толы өкініште кетпес еді… еді… еді… Әттең, Жұмахан өзіне қол жұмсамағанда…
Расында да, тағдырда кездейсоқтық жоқ, адамның пешенесіне әр қадамынан шыққан нәтиже жазылады екен…

Дина Әл-МҰХАММЕД

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*