Жаңа тренд немесе утилизациялық жинақ төлемі кімге керек?

0
1459

Үкіметтің Қазақстанның автокөлік сүйер қауымына қатысты қабылдаған шешімі ел арасында үлкен резонанс тудырды. Бірі үкіметтің шешімін жақтаса, енді бірі аталмыш заңға қарсы шықты. Дегенмен темір тұлпарды тізгіндегендер мен қол жеткізе алмай жүргендердің тұрғысынан келгенде бұл шешім асығыс қабылданғанға саяды.

Бүгінде БАҚ-та  сырттан келген автокөлікке утилизациялық жинақ төлемі мен алғашқы мемлекеттік тіркеу жөніндегі төлемге қатысты қызу талқылаулар жүруде. Яғни Үкіметтің бұл шешімі соңғы кездегі Қазақстанға ағылып келіп жатқан ескі автокөліктердің жолын тоқтату мақсатында болғанын байқауға болады. Сол арқылы еліміздің экологиялық және автокөлікке арналған жолдардың сапасын түсірмеу әрі отандық автокөлік құрастыру зауыттарына арналған мемлекеттік  қолдау көрсету шарасы болып саналады.  Автокөлік сүйер қауым сырттан келетін автокөліктерге қойылған салықтар бірінші кезекте экологияны шешуден бұрын, машина өндіретін зауыттарға жасалған қолдау, бірақ мұның салдарынан ертеңгі күні автокөліктердің бағасы күрт көтеріледі деп  қорқып отыр. Демек, нәтижесінде жаңа немесе салыстырмалы жаңалау автокөлік иеленгісі келген азаматтың қалтасы көтермеуге әкеліп соғады. Экологияға қатысты айтып отырғанымызға келетін болсақ, ертеңгі күні сырттан келетін автокөліктер елге қымбат қана бағамен келеді. Ал бұл Қазақстандағы автокөліктердің  бағасына өз әсерін тигізуі мүмкін. Олай болмағанның өзінде, Үкімет өз мақсатына жетіп, ескі автокөліктердің елімізге ағылуын тоқтатса да, экологиялық мәселе шешіледі дегенге сену қиын. Себебі, біріншіден, елімізде ескі автокөлікті жойып, оны пайдаға асыру, яғни утилизациялайтын зауыт жоқ. Сол себепті автокөліктер Қазақстанның автожолдарында ұзақ уақыт жүретіні сөзсіз. Өйткені жаңа көлік алатын адам өзінде бар ескі автокөлікті сатуға мәжбүр болады. Сол автокөліктің иесі де жаңа көлік алғысы келетін болса алдындағы адамның мысалын жалғастырады. Және автокөлік өз өміршендігін Қазақстан автожолдарында жүруін жалғастыра береді. Ал ескі автокөліктерді де алатын адамдар біздің елде табылады. Сондықтан ескі көліктердің азаюы үшін негізінде утилизациялық  зауыт болуы керек және кімде-кім жаңа машина алар болса, ескі көлігіне бағалау арқылы утилизацияға өткізгені үшін төлем жасалынады және мемлекеттен сол үшін сыйақы беріп, пайызсыз несие қосымша жүргізілсе жаңа автокөліктерге қызығушылық арта түсуші еді. Ондай тәжірибе Германия мемлекетінде 2009 жылдан бастап жүзеге асты. Ол бойынша 1999 жылға дейінгі автокөліктерді утилизацияға өткізу арқылы мемлекеттен 2500 көлемінде мемлекеттен сыйақы алуға мүмкіндік болған. Сонын есебінен бүгінде Германияда 1980-90 жылғы автокөліктер мүлде жоқ деп айтуға болады.

Сонымен, автокөліктердің сырттан келуін тоқтату мақсатында қойылған төлемдер экология мәселесіне және ескі автокөліктердің азаюына әкеледі деп сену күмәнді. Тіпті елімізде автокөлік бағасының көтерілуіне үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз.  Бұл шаралардың түпкі мақсаты — еліміздегі қаражаттың өз елімізде сақталуы. Сонымен қатар, соның есебінен отандық машина құрастыру зауыттарынан шыққан автокөліктерді сату көлемін арттыру — биліктің негізгі мақсаты. Қалай да болса автокөлікті утилизациялау төлемін жүргізу утилизациялайтын зауыт болмай жасау қате.

Дастан ШЕРЕХАН

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*