БҮЙРЕК ҚҰНЫ…

0
1483

ZhY_02_1647Такси жүргізушісі болудың қиындығын жүргізуші болған адам ғана түсінсе керек. Күні бойы қол көтергендерге бірінші жетуге асығып шаршаған Дастан үшін әр тиынның құны бар. Таң атқаннан қас қарайғанша жүріп қызмет етпесе, пәтерінің ақысы төленбей, балаларының тамағы түгелденбей қалатындықтан, ол ешқашан қарап жатпайды. Әйтеуір, сақырлаған темір тұлпарына Құдай қуат берсін. Бүгін де солай, діттеген жеріне жетіп алу үшін ақы төлейтіндерді іздеп жүрісі мынау. Жолы болып, бір кісі қала сыртындағы бір ауылға жеткізіп салуды сұрады. Екі мыңға жуық ақы төлейтінін естігенде, көзі бал-бұл жайнаған Дастан қуана келіскен. Күн жарық, сағат кешкі бестің шамасында ол тіпті кері қайтып та үлгерді. Жолда тағы бір қыз қол көтеріп тұр екен.

– «Аға, мені мына көрші ауылға жеткізіп салыңыз­шы. Екі жүзім ғана бар еді», – деді сылқым. Суықта тоңып тұрған қызға жаны ашыған Дастан «жарайды» деп келісе кетті. «Жақсы табыс таптым, рахметім де осы болсын, жеткізсем жеткізіп салайын» деген оның ойында ештеңе жоқ. Шамалы жүріп қыздың айтқан ауылына да келді.
– Мына көшеге бұрылсаңыз болғаны, – деді қыз. – Иә, енді тоқтаңыз. Рахмет!
Ақшасын беріп, бойжеткен асығыс түсіп кетті. Дастан артқа қарай жүрмек болғаны сол, бір көлік келіп, жолды бөгей қойғаны. Ішінен екі жігіт түсіп, бұған қарай келеді. Тыныштық па, мұнысы несі?! Қолдарына бір қағаздар ұстап алған. Өздерінің жүрістері нық, сенімді көрінеді.
– Қалайсың, жігітім? – деді екеуі екі жақтан қаумалап.
– Жақсы. Тыныштық па?
Дастан ештеңені түсінетін емес. Тапа-тал түсте мына адамдарға не болған?!
– Сен мына қызды танисың ба?
– Иә, жаңа үйіне жеткізіп салып, енді қайтпақ болып тұрғаным. Таксистпін ғой. Не болды?
– Не болғанда, сен оны зорлапсың ғой. Міне, қыз сенің атыңа арыз жазып қойды. Қазір күнін белгілеп, қол қойса болды, кеттің, бауырым!
– Не?! Естерің дұрыс па? Зорлағаны несі?
– Қарындас, ол саған тиісті ме?
Енді жігіттер жаңа ғана мүләйімсіп, қиналып отырған қызға қарады. Бағанағы пәктіктен түк қалмағандай. Шашының үйпа-тұйпасы шыға келіпті.
– Иә, ол мені машинада зорлады! – дейді сазарып.
Таңғалған Дастан барынша ақталып, ашудан тұтығып кете жаздады. Тек онысынан түк шығатын емес. Әлгілер сүйрелеп байғұсты өздерімен ертіп алып кетті. Темір торға жауып, соққыға жықты. «Мойындайсың!» дейді. Талаптары сол. Немесе бес мың доллар әкелу керек. Сонда ғана қыз кешірім береді екен…
– Қайдағы бес мың? Бес мыңым болса таксилетіп жүрем бе? Екі жүзге кісі тасып күнелткен сорлыдан қайдағы бес мыңды сұрап тұрсыңдар?
– Жарайды, үш мың!
– Менің көлігім екі мың да тұрмайды ғой. Оның өзін қарызға алып мініп жүрмін. Түсінсеңдерші, жігіттер!
«Мынаған бүйрек керек емес қой деймін» деген әлгілер енді белден соға бастады. Қас пен көздің арасында басына күн туған байғұс бір сәтте шын бейшараның кейпіне енді. Көз алдына келіншегі, кішкентай балапандары келген жігіттің өмірінде бірінші рет жылаған сәті де сол болғандай. Мұншалықты әділетсіздікке күйініп кеткен ол басын ұстап отыр. Не істеу керек?! Мұндай бәле тек кинода бола ма десе, өмірде де орын алады екен-ау! О, тоба! О, тоба!
– Ағам бар… соны шақырайын… Бір болса, ақшаны сол жеткізеді… – деді ақырында.
Мына адамдардың ақша үшін ештеңеден тайынбасын түсінген Дастан қалайда қулық жасау қажеттігін түсінгендей.
– Жарайды. Әне, ақша жоқ дейсің. Бар екен ғой туысың. Міне, телефон, хабарлас.
Қайдағы ағасы?! Қайдағы ағасындағы ақша? Бір ғана ағасы бар, оның өзі үш баламен пәтерден- пәтер ауыстырып көшіп жүр. Ауылда әке-шешесі бар, бірақ есігінің алдында тышқақ лағы жоқ ол сорлыларға не деп телефон соғады?! «Қыз зорламадым, зорламағаным үшін үш мың доллар тауып беріңдер» дей ме?! Байғұс шеше мұндай жаңалықтан ажалынан үш күн бүрын өлмей ме?! Не де болса ағайынға хабарласу керек. Қалалық прокуратурада жұмыс істейтін ағайын ағасы бар. Бір көмектессе, сол қол ұшын соғатын шығар.
– Аға, мен ғой Дастан… Шөребектің баласы. Мұнда мені қамап қойды. Тез жете аласыз ба? – деді аптығып.
Әй, ағайын-ай, ағайын! Осындайда керексің ғой, керексің!
Қуат көп күттірмей бір жолдасымен бірге келіп жетті. Өздері арнайы формада емес, қарапайым киініп алыпты. Не де болса кім екендерін жасыр­ғандары көрініп тұр. Келген бойда әлгі тергеу­шілерге кірді.
– Мен Дастанның ағасы едім, жігіттер. Не болды?
– Ініңіз қыз зорлады.
– Е, қой, олай болуы мүмкін емес. Нәпақасын әрең тауып жүрген оның қыз зорлайтын шамасы қайдан болсын.
– Міне, қыздың арызы.
– Жігіттер, кез келген арыздың құны болады демекші, бұл қағазды жырту бағасы қанша сонымен? Ашығын сөйлессек.
– Бес мың дегенбіз, жарайды, үш мың әкелсеңіздер, қызбен өзіміз сөйлесеміз. Арызын кері қайтарып алғызамыз.
– Үш мың емес, мың да жетеді ол қызға.
Тергеушінің бірі мырс етіп күліп, екіншісіне қарап:
– Мыналарға інісінің бүйрегі тегін болып тұр білем, – деді мысқылдай.
Қуаттың есірген екі полиция қызметкеріне зығыр­даны қайнады. Заңды белінен басып тұрғандарымен қоймай, мазақ еткендерін қарасаңшы?! Жарайды, ең соңында кім күлетінін көрерміз.
– Жігіттер, барлық сұрақтың артында сұрақ тұрады ғой. Дастанның әлгі қызды шын зорлағанын дәлелдей аласыңдар ма? Экспертиза жасатсақ, қыздарыңның ішінен біздің жігіттің «ізі» табылмай жатса, өздерің «ұялып» қалып жүрмейсіңдер ме?
Не де болса заңды алға тартып көргісі келген Қуат өзінің заң қызметкері екенін білдірмеуге тырысып, бірақ заңнан хабары барын сездірейін деді. Сонда да былқ етпеген тергеушілер миықтарынан күліп тұр.
– Өзіңді бәрінен ақылдымын деп санап тұрсың ба? Қыздан ұрық табылмаса, жігіттің қалтасынан есірткі табылуы мүмкін. Жеті жылға кетеді содан соң. Мыналарға жақсылық жақпайтын сияқты өзі! – деді бірі тағы да екіншісіне қарап.
Әбден есірген аудандық полицейлердің тірлігінен күйініп кеткен Қуат енді қалтасындағы куәлігін шығарды. Сонда барып алдарында тұрған тегін адам емес екенін түсінген тергеушілер тыйылайын дегендей. Дегенмен әлі де пәпігі басылатын емес. Арқасындағы тіреуі мықты жігіттер жаға ұстасып та қалды. Әйтеуір, араға таныстарын қосып жүріп Қуат туысқан інісін темір тордан шығарып алды. Осылайша басы бәлеге қала жаздаған жігіт өз отбасына аман-есен оралған. Алайда Қуаттың мұнымен көңілі жай тапқан жоқ. Жақсы, Дастанның ағасы прокуратурада жұмыс істейді. Дастанды ағасы құтқарып қалды. Ал құтқарылмай қалғандар бар ма? Бар шығар, өйткені әлгі екі тергеушінің қозғалысы тым сенімді, әбден әккі болғандары көрініп тұр. Мүмкін, сол тергеушілердің өзіне тергеу жүргізу қажет шығар?!
Жаны жай таппаған Қуат осы тірлікті соңына де­йін жеткізуді ойлады. Араға таныс салып, тірлікті қозғап көрген. Тексере келе анық болғанындай, тап осы тергеушілердің қолынан бес кісіге «қыз зорлады» деген айып тағылыпты. Оның үшеуі өзара келісіммен босап, екеуі түрмеге жабылыпты. Яғни үшеуі ақша берген, екеуі ақша таппаған деген сөз. Ең қызығы – «қыз зорлағандардың» барлығы бірдей бір қызды «зорлаған!». Бес материалда да бір қыздың суреті, тек әртүрлі фамилия мен есімде көрсетіліпті!
Бүгінде жазықсық түрмеге жабылған екі таксист бостандыққа шығыпты. Ал ақша табудың сорақы жолын таңдаған тергеушілер де, «зорланғыш» қыз да қашып жүр дейді.
Көрші мемлекетте болған осы бір оқиғаны естігенде жағамды ұстадым. Әрине, прокуратурада жұмыс істейтін ағайыны бар Дастанның жолы болды. Дастанды құтқаруға барған Қуаттың адамдық борышының, кісі тағдырына бей-жай қарамаған қасиетінің арқасында білдей екі отбасының екі отағасы ақталып шықты. Ал ондай танысы, аға­йыны жоқ қаншама бейбақтың тағдыры талқан болғанын ойлаудың өзі қорқынышты.
Тағдыр… өз тағдырыңды өзің жасап, өзің қателессең де мейлі, тағдырың қолында күші бар біреу­дің добына айналса, қорлықтың көкесі де сол екен-ау. Құдай сақтасын!…
Д.Ділдәбек
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*