Маңғыстауда – Пір Бекет

Жарияланды at 15:16
7328 2

бекет ата111«Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Самарқандта – Саид Ахмед, Бұқарада – Шейх Ахмед, Маңғыстауда – Ер Бекет» деген сыйыну сөздерін сынықтықпен жалына, жалбарына айтпаған мұсылман баласы кемде-кем шығар. Алты Алаштан атағы асып, иісі мұсылман баласына шапағаты тиген Бекет-Ата туралы зерттеуші ғалымдарға сүйеніп, аз-кем баяндауды өзімізге адамдық һәм мұсылмандық парыз санадық.

Маңғыстау дүлдүлдерін зерттеуші Қабиболла Сыдиықовтың сан жылдарғы еңбегінің тұжырымы бойынша, Бекет-Атаның өмір сүрген мерзімі 1750-1813 жылдарға сәйкес келеді. Жемнің жоғарғы бойындағы Ақмешітте дүниеге келген Бекет-Ата болашақты болжап, алыстан аңғарар әулие, ел қорғаған батыр, білімнің сәулесін шашып, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, медресеге татыр мешіттер салдырған сәулетші, жаны таза, сұңғыла сұпы болған адам. Бекет атаның бұл қасиеттерін аңыз-әпсаналар мен Үстірт зерттеушілерінің еңбектерінен білеміз. Сонымен бірге, піріміздің ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлының жиған-терген деректері мен ата ұрпақтарының ауызынан жазылып алынған дәйектер де біздің бұлайша сайрауымызға негіз болады. Бұл тұрғыда тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері зерттеп, зерделеген Рахат Қосбармақтың да Бекет-Ата туралы еңбектері пірді танудағы сүбелі үлестердің бірі.

Сәуегей сәби
(аңыз)

«Бекеттің әулиелігі бала күнінде-ақ байқалған» деседі. Тоғыз жасында топ баламен ойнап жүріп, Бекет: «Жаманат болғалы тұр – жау жақындап келеді. Абай болыңдар, ағайын!, «Сақтансаң – сақтаймын» деген құдай, «сақтаныңдар!» деп үп-үлкен кісіше мақалдап, үрейлі үнмен шыр-пыры шығып, шыңғырып жүгіре беріпті. Жаман ырымды жақтырмаған ересектер: «Ей, мына жағы қарысқыр не дейді? Аузына қан толтырды, аулақ әкетіңдер!» десіп жан-жақтан ұрсып, жабыла қуып жібереді.
Айтқандай, апта өтпей-ақ, түстері суық, жүрісі суыт түрікмен қолы келіп, адай ауылдарының күл-паршасын шығарып, ұлының тұлымын, қызының бұрымын сүйретіп, бұйқыт елдің тыныштығын бұзып кетеді. «Қап!» деп сан соғып қалған адайлар жау кеткесін жасақ жинап, артынан атанбақшы болады. Сонда, тағы да Бекет ата шығып: «Қазір аттанбаңдар, аруақ қолдамайды, жолдарың болмайды, қашан аттану керегін өзім айтамын шыдай тұрыңдар!» деп шырқырап айқайлай береді. Қырын кетсе де, ырым етуін қоймайтын таяз ойлылар тағы да: «Қап, мына қасқырдың күшігі жаңа бір жаман ырымын бастады-ау. Тіліне шоқ түскірді әкетіңдерші» деп қапы қалғандарын қаршадай Бекеттен көріп, тасыраңдап тап береді. Сонда баланың басқалардан бөгенайын бөлектейтін бір ерекшелігін байқаған біреулері: «Осы бала бірдеңені біледі, өткенде де ескертіп еді, өзіміз білемдіге салып, мән бермедік» дейді. «Асыл тастан, ақыл жастан», баланың айтқанын тыңдайық!» дейді.
Бірнеше күн өткен соң біреу құлағына сыбырлап кеткендей, тауық шақырмай тұрып алған Бекет: «Алладан хабар келді, ал аттаныңдар! Жау жеңіледі!» дер жар салады. Адайлар атқа қонып, асығыс жетсе, ар жағынан жаңадан жау келіп, бүткіл түрікмен бір қолын екі ете алмай, бүлініп жатыр екен. Дұшпандарын дүркірете қуып, кеткен малы мен жесірін қайтарып алған жеңімпаз қазақтар елге есен-сау, мол олжамен оралады.

«Жігіттің жақсылығы – нағашыдан»

Бекет-Ата жоқ-жітік, жарлы шаңырақта туып-өскен. Әкесі Мырзағұл Жаналыұлы мен анасы Жәния Алдаберген, Алдоңғар, Меңдіқұл, Бекет атты төрт ұл мен Әпуаш, Ақмаңдай деген екі қыз тәрбиелеп өсірген, ауыл-аймаққа қадірлі, абыройлы адамдар болған. Бекет-Ата жоқшылықты көп көрсе де, құдайдың назарында болған адам. «Жігіттің үш жұрты бар» дейді қазекем. Сонымен бірге, «Арудың жақсылығы – анасынан, жігіттің жақсылығы – нағашыдан» деген астарына алмас ойды ораған мәнді сөзді айтып кеткен сол қазақтың ақындары. Сондықтан, «Бабасы кімнің текті, кімнің тексіз, түбінде бір тартады қалыбына» деген Кенен атамыз. Ендеше, Бекет-Атаның қанында тектіліктің, ұлылықтың нағашыдан дарығанын айта кетейік.
Мана айтып кеткеніміздей, Бекет-Атаның анасы – Жәния, қыдыр дарып, бақ қонған, арғы тегі арабтан шыққан Сейітқожаұлы Назарқожаның қызы. Демек, Бекет-Атаның нағыз нағашысы – Алшынның шежіресінде айтылғанындай, «Тобыштың қоңыр үйлі қожасы» атанған. Хиуадан білім үйреніп, Маңғыстаудай маңғаз жатқан маң өлкеге ислам дінінің шұғыласын таратқан, атақты бай, айтулы ғұлама Назарқожа. Бұл турасында Ислам Мырзабекұлы «Бекет ата» кітабында егжей-тегжейлі жазады. Ал Бекет-Атаның кәрі нағашысы – Тама Есет батыр, оның қызы – Меңсұлу – Бекет-Атаның әкесі Мырзағұлдың шешесі. Оған ел аузында сақталған Есет батырдың Бекет-Атаға берген батасы да негіз бола алады:
Ақ-қараны айыратын ұл екенсің,
Аламанды қайыратын дүр екенсің.
Халқыңа шуақ шашар күн боларсың,
Үш жүзге аты мәшһүр пір боларсың,
Әттең, екі араны қыр бөліп жатыр-ау!
Бекет-Атаның әулиелігіне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Өйткені, оқып білген адамға Бекет-Атаның әулиелігі туралы көп аңыз-әңгімелер, хикаялар жазылып, сақталған. Ол, әлбетте, көз жоба, көңіл долбарлауымен айтыла, жазыла салған дүниелер емес. Оның көзі тірі ұрпақтары, белгілі зерттеушілердің еңбегі, сондай-ақ, әулиенің киесін көрген жекелеген адамдардың басынан өткен уақиғаларымен өрбіп, зерттелген аңызға бергісіз ақиқаттар көп.

Әркімнің де әулиесі бар
(аңыз)

Бекет-Ата, Өмір, Барақ деген кісілердің қай-қайсысы да әруақты адамдар болыпты. Үшеуі де ұшатын көрінеді. Бекет-Ата жеті балапанын ерткен аққу бейнесінде ұшады екен. Жұрт «Әруағы жеті атаға жетеді» деп аңыз қылыпты.
Барақ жерді үш теуіп ұшса, Өмір жалғыз-ақ тебеді екен. Барақты ел «әруағы үш атаға дейін тарайды» деп, ал Өмірдң «әруағы өзімен бірге кетеді» дейді екен.
Бекет-Атаның ақылшы пірі, ағартушы ұстазы «Пақыржан қажы Бекет келе алмай қалып, кешіккен бір сәтінде намазды да бастамаған» деседі.

Шопан-Ата аяны
(аңыз)

шопан ата
Бекет он төрт жасында ақыл тоқтатып, оқу іздейді, «білмекке құмарлығы» артады. Әкесінің айтуымен әулие Шопан-Атаға төрт күн түнеп, басына аят оқып, ниетімен тағзым етеді.
Алғашқы күні-ақ түсінде аян берген Шопан ата: «Хиуа деген қисапсыз халқы бар, үлкен шаһар бар, сонда ұстаздық ететін Пақыржан деген ұлы кісі Пақыржан қажыны барып сағаласаң ,сауап болады», — дейді. Үшінші күннен соң үмітпен оянған Бекет-Ата алдына Шопан-Ата ақ арғымақты көлденең тартып, сый етіп шығарып салады. Жібек құйрық, желден жүйрікпыраққа қарғып мінген жас Бекет жанарымен шоқ шашып, құйғытқан күйі Хиуадай қилы-қилы құпиясы мол жұмбақ шаһардың есігінен екпіндей енеді.
Оқуда зерек, алғыр болған Бекет атамыз жеті жылдай өзбек ұлтынан шыққан өте білгір ғұлама Пақыржан қажының қолынан білім алып, ұстазының айрықша ықыласына бөленіп, артықша құрметке ие болады. Сөйтіп, ұстазының қолынан шатырхат алып, еліне қайтып, мешіт салдырып, бала оқытады.

Енді Бекет-Атамыздың сұңғыла сұпы болғандығы турасында баяндайық. Әуелі, сұпы, сопы деген кімдер екенін анықтап алғанымыз жөн болар.
В.Кларк: «Суфизмнің тұқымы – Адам заманында себіліп, Нұх заманында көктеп, Ибрагим заманында пісіп, Мұхаммед заманында таза шарапқа айналды» деген аллегория бар екендігін айтады. Сопылық әдебиеттерде «Жүзім – дін, шарап – діннің маңызы» немесе «Жүзім – жарық дүние, шарап – оның маңызы» деген мағына да айтылады. Сондай-ақ, «Бүкіл діннің маңызы – суфизм» деген сөз де көп кездеседі. Бекет атамыздың сопылығы хақында Рахат Қосбармақтың «Бекет-Ата» кітабында нақты дәлелдер мен дәйектер арқылы айтылған. Сондықтан, соған назар аударайық.
Суфизмді зерттеген түрік ғалымдары Фуад Куприлизаде, Кемал Арслан, орыс ғұламалары А.Н.Самойловия, қазақ шығыстанушылары Х.Сүйінішәлиев, Н.Келімбетов, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжановтар сұпылық ағымның өкілдеріне әрбір мақамдарды меңгерген сайын беріліп отыратын лауазымдары болатынын айтады. Ол «ғашық», «сақы», «ғалым», «месжид», «сақып кемел», «асхаб», «мүршид», «пір», «баб». Мұны XI ғасырда түркі топырағына сопылық ағымның дәнін сепкен ғұлама Құл Қожа Ахмет Иассауидің хикметтерінен көреміз:
…Бес жасымда білім алғам бағлап, қызмет қылдым.
…Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым сәлем,
Хақ Мұстафа аманатын қылды әнғам
…Сегізімде сегіз жаннан жол ашылды
«Хикмет айт!» деп бұ басыма нұр шашылды.
Бихамдилла пір маған мей ішірді,
Ол себептен алпыс үште кірдім жерге…
Мен жиырма жеті жаста пірді таптым,
Әр сыр көрдім, пендемен бүркеп жаптым.
Астанасын жастанып, ізін өптім,
Ол себептенхаққа сыйынып келдім,міне…
Мен жиырма сегіз жаста ғашық болдым,
Отыз үште сақы болып, мей ұшладым,
Отыз төртте ғалым болып, дана болдым,
Отыз бесте месжид кіріп, дәурен сүрдім,
Отыз алты жаста болдым сақып кемел.
Бажайлап қарап, байқап отырсақ, біздің піріміз Бекет-Атаның өмір жолдары да осы Иассауидің ғұмырбаянымен ұқсас.
Мәселен, айтушылардың аузындағы әңгімелердің ақиқатқа жақын жерін алып қарасақ, Бекет-Ата бес жасында Пайғамбар сүндетіне отырып, алдымен атасы Жаналыдан, сосын ауыл молдасынан хат танып, діни сауатын ашады. 8 жасында айнала әлем, қоршаған орта туралы таным-түсінігін кеңейтіп, ғылым жолына құмартады. 14 жасында Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесіне оқуға аттанады. 16 жасында алғашқы билігін айтып, ақсақалдарды аузына қаратады. Медреседе 7 жыл оқып, 21 жасында «сақып кемел» атанып, шатырхат алып, бала оқытады. 22-23 жау жасағын қасиетімен қайтару арқылы ұлысқа ұран болып, қашқан да «Бекет», қуған да «Бекет» дейтіндей дәрежеге жетеді. 24 жасында қазіргі ескі Бейнеудегі мешітін қаздырып, 28 жасында Оғыландыдағы мешіт құрылысын бастайды. 40 жастан асқан уақытында Хиуадағы шайхы-пірлердің алқалы жиынында анайы сынақ тапсырып, пірленеді. Яғни, «Бекет сұпы», «Бекет Пір» атағын алады.Рахат Қосбармақ, «Бекет-Ата» тарихи-танымдық зерттеу

Айтқаны айнымай келген

Бекет-Ата ұстаздық етпек ниетпен бірнеше жерден мешіт ашады: Оғыландыдан, Ескі Бейнеуден, Жем бойынан және Арал жағасындағы Байшағардан, т.б жерлерден мешіттер салдырған. Осылардың ең ішіндегі ең күрделісі – Оғыландыдағы мешіт құрылысы болды. Қара тасты қарш-қарш ойып, қатты тауды үңгірлей салған мешіт жұмысының алапат ауырлығына анау-мынау атпал азаматтар шыдас бере алмай, тайқып шыға берсе керек. Сондықтан, құрылысшылардың құрамы да құл мезгіл жаңарып отырыпты. Содан, құрылыстың басынан аяғына дейін тапжылмай, төзімділік танытып, жұмысын жасапты. Сонда әулие Бекет атамыздың бұл кісіге назары ауып, көңілі құлап, басқалардан бұның кім екенін сұрайды. Сөйтсе, ол кісі бір балаға зар болған бір бейбақ екен. Сонда, Бекет атамыз Байсал есімді бұл ақсақалға бәйбішесінің бала табатын уақыты өтіп кеткеніне қарамастан, көп ұзамай жүкті болатынын айтып, үйіне қайтарады. Егер ұл туса атын «Мыңкісі» деп атауын сұрайды. Бұйырса, балаң мына жүргендердің мыңына татитын болады», — дейді. Содан, үйіне қайтқан Байсалдың көп кешікпей бәйбішесі бала көтеріп, тоғыз ай, тоғыз күн өткенде шекесі торсықтай ұл табады екен. Оның атын әулиенің айтуы бойынша «Мыңкісі» қояды. Атаның айтқаны айдай келіп, дүниеге келген Мыңкісі-Ата мың жылда бір туатын асқан дарын иесі, алысқанын жыққан алып балуан, ғажайып шебер оташы болыпты. Бүгінде Мыңкісінің ұрпағы назары түсіп, қол тигізген кез келген сынық қисынын тауып, қиюласа қалады. Мыңкісінің аты жүмлә мұсылман жұртшылығына танылыпты.
Бекет-Ата туралы аңыз, әпсана, хикаяларды бүгінгі күнге дейін жинап-теріп, ұрпақтарының аузынан жырып, қағазға түсіріп, әулие кереметін тануда зор еңбек сіңірген аға буын – Рахат Қосбармақ, Қабиболла Сыдиықұлы және атаның ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлына алғыс айтамын. Шағын мақаламыз сол кісілердің еңбектері арқылы даярланғанын естеріңізге сала кетейін. Алланың назары түсіп, Бекет-Ата әруағы разы болсын!

Шынаргүл Оңашыбай

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

ЕУРО-2016 турниріндегі ең сұлу жанкүйерлер

Жарияланды - 29.06.2016 0
90 минуттық футбол спектаклі жанкүйерлердің көңілінен шығу үшін қойылатыны белгілі. Алайда жанкүйерлердің арасында да футболдан қарағанда 90 минут уақытынды сол…

Қыз алып қашу: Салт пен Қылмыс

Жарияланды - 20.05.2016 0
Әңгімемді әңгімеден бастағаным дұрыс-ау… Жанар есімді таныс қыз болатын. Ықтиярсыз тұрмысқа шыққандардың бірі де сол қыз. Яғни, алып қашудың құрбаны…
Ринат
2016-07-26 09:48:45
Бул жагдай ислам шаригатына кайшы нарсе, Аллах тагаланын ызасын келтыретын. Агайын ислам дынынын ен бырыншы жане манызды шарты: тек, жалгыз, быр Аллахка кулшылык кылу жане Мухаммед (салаллоху алейки уассалам) пайгамбарымыз корсеткендей кулшылык кылу. Ойланайык оз-озымызге сурак кою мен шегермей, акикат ыздейык. Ал бул ыстер лагнетты шайтаннын адастыруы болып табылады. Акикатында Аллах тагаламен кулынын арасында ешкандай перде жок та жане быз тыкелей Аллахтан сурауымыз керек. Фатиха, 1:4: "Саган гана гибадат (кулшылык) сенен гана жардем (комек) сураймыз", осы сиякты куранда сурелер коп. Кеш калмай ойланып таубеге келындер Агайын.
Ибин
2017-06-13 15:53:57
Сен қума Ринат. Әруақтан асып ешқайда бара алмайсыңдар. Соны түсінетін саған ми берсін Алла тағаал.