ГИМАЛАЙДА ЖҮРЕГІ, АЛТАЙДА БАСЫ ЖЕРЛЕНГЕН БӨРІ ТЕКТЕС БӨКЕ БАТЫР

0
1538

 

    Қазақтай азап шегіп, тарихы қан мен қасіреттен жазылған халық жоқ шығар, сірә… Алайда сұға бергенге бұға беретін халық емеспіз! Тұлпар тұяғымен тарихымыз жазылған, сұңқар қанатымен тәліміміз нәр алған ұлы бабалардың ұрпағымыз! Алдынан келгенін шайнап, артынан келгенін кісеней тепкен сал жүйріктің қымызынан рух алып, бабалар жырынан жанданған қазақ ешқашан құл болған емес, болмайды да! Жүз жыл желкең жерге тигенше еңкейіп күн кешкенше, бір күн бас көтеріп, азат болуды таңдайтын қайсар мінез – қазақ қазақ болғалы қанына біткен қасиет. Сол қасиет қыңыр заман мен қанды жылдарда қазақты талай мәрте тамұқтың отынан алып шықты емес пе?! Әрине, сөз бастаған шешені, қол бастаған көсемі арқылы. Сондай тұлғалардың бірі – БӨКЕ БАТЫР (1846-1904). Жалпы, қазақта жазба тарих жұтаң тартып, дұрыс дамымаған. Соның кесірінен Бөке батыр жайлы нақты деректер мен құжаттар жиегі өте аз, тіпті жоқтың қасы десем де болады.

      Жалпы, биыл қазақ үшін қан жұтқан талай тау тұлғаның атаулы жылдары екен, бұл да болса кездейсоқтық емес шығар. Бөке батыр балалық шақтан бітімі бөлек, батыр тұлғалы, қазақ десе жүрегін жұлып беретін ұлтшыл, рухты болған деседі. Тарихтың тарам жолдары қазақты тарыдай шашып, Еуразия құрлығының әр еліне «еріксіз елші» етіп жіберді. ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап Қытаймен шекаралас аймақтардағы қазақтардың отарлық езгінің күшеюі мен жер реформаларының қатаңдығына, қуаңшылық пен жұттың орын алуына байланысты Қытайдың Үрімжі аймағына қоныс аударуы жиілеп кетті. Сонымен қатар қарт Алтай – қазақтың атам заманнан бергі ата қонысы, алтын мекені. Алтайдың шұрайлы да қолайлы аймағының барлығында қазақтардың қоныс тепкенін көрген Қытай үкіметі бұл аймақты қазақтардан босатуды үлкен жоспар қылып қойған еді. Артынша қазақтарға деген салықтың түр-түрін, қысымның сан сипатын ойлап тапты. Бұған дейін көршілес орын тепкен қалмақ-торғауылдармен жер үшін егесіп, дауласқан Алтайдың алашына ендігі таңда құмырсқадай көп қытаймен қырқысуға тура келді. 1880 жылдан бастап Қытай әскері түрлі сылтау тауып, қазақ ауылдарына деген қысымды арттырды. Бұл жағдай ұзақ жылдар бойы өз жалғасын тауып, қазақты әбден титықтатып жіберді. Осы ретте халқын қанатының астына алып, қорған болу мақсатында тарихи сахнаға Бөке Жырғалаңұлы шықты. Жастайынан қалмақ-торғауыттың сұлтаны Сары Уаңның зорлық-зомбылығына қарсы қол жиып, қабырғасын қақыратқан Бөкені ол сәтте ел арасында білмейтін жан жоқ еді. 1883 жылы Шонжының әкімі болған Бөке 1886 жылы Боғдаға барып, сол аймақтағы алты алашқа қамқор болып, Қытай әскерінің озбырлығына қарсы тұрады. Бөкенің беделі мен батырлығына сенген халық «Боғда, қайдасың?» деп мыңдап есіл ердің қонысына бет алады. Қазақтың күшейіп кетуінен қорыққан Қытай үкіметі Бөкеге жала жауып, 4 айға қамап тастайды. 1887 жылы абақтыдан шыққаннан кейін Бөке батыр Қытай үкіметіне «Бейжіңге барамын» деп айтып, шын мәнінде қазаққа жайлы қоныс іздеп кетеді. Бір жылдық сапардан кейін Бөке ел ішіне қайтып оралып, Үндістанмен шекаралас аймаққа қоныс тебуді жөн көреді. Сөйтіп, 1889 жылы (кей деректерде 1898 жыл) 1500 қазақ отбасын ертіп алып, Бөке батыр ұлы көш бастайды. Қытайдың жазалаушы жасағымен талай шайқасып, 1902 жылы Үндістанға жақын аймаққа келеді. Осы жылы Үрімжіден шыққан 500 мұздай қаруланған әскер мен Бөке батыр жасақтары арасында ірі шайқас орын алады. Қытай әскерінің 300-ден астамы жер жастанып, Бөке жасағынан 30-дай сарбаз бен інісі Шөке шейіт болады. 1904 жылы Тибеттің Лхасасына тибет көсемдері Бөкені арнайы шақыртып, сол сапарда айықпас дертке шалдыққан бөрі текті бөке батыр ауыр дерттен көз жұмады. Бөкенің артынан қалмаған Қытай жасағы батырдың зиратын қазып, денесін сыртқа шығарып, басын кесіп алады. Оған себеп – Бөке батырдың басына үлкен сыйақы тағайындалған еді. Сөйтіп, батырдың басын алып, Үрімжінің орталығына апталап іліп қояды. Кейіннен Бөкенің ұлы Рабай әкесінің басын сұрап алып, Алтайдың Аралтөбе ауылына қатысты Обаты қыстағына жерлейді. Ал елі үшін еңіреген ердің көшін қытай әскері күшпен кері қайтарады. Солайша қазақ үшін қам жеген қайсар ұлдың денесі Гималайда, ал басы Алтайда жерленді.

    Шәміс Құмарұлы 1987 жылы Қытайда «Бөке батыр» атты поэма жазып, ұлы бабамызға құрмет көрсеткен еді. Алайда бұл құрметтің басы ғана болуға тиіс. Насихаттаудың жоқтығынан бүгінде қазағым деген Бөкедей тұлғаны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Өз тарихымызды өзіміз тағаламасақ, мұндай тұлғалардың тұлғасы уақыт сағымында жоқ болып кетері анық-ақ…

    Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

 

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*