Киіп-шешіп жүретін бетпердем жоқ

Жарияланды at 02.10.2015
1117 0

29

Айқын Төлепберген, әнші: Киіп-шешіп жүретін бетпердем жоқ

– Соңғы уақыттағы әндеріңіздің дені баяу, мұңды әндермен толығып жатыр. Оған не себеп?
– Бәрі де әннің табылуына бай­ланысты. Арнайы осындай сарындағы ән керек деп іздемеймін. Бес-алты ән жаздырып болып, тыңдап көремін де, ішіндегі хит болады-ау дегенін тыңдарманға ұсынамын. «Асылым», «Сағыныш» әндерінің екеуі де көңілімізден шығып тұрған соң, бейнебаян түсірдік. Ендігі кезекте «Жалаң аяқ» әніне бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Ол әннің де ырғағы тез болғанымен, мағынасы көңілді дей алмаймын.
– Кезінде «Пах-пах» әнінің сөзі сұйық деп үлкендер жағы аз сын айтқан жоқ. Бұл әннің тек сазына ғана мән беретініңізді білдіре ме?
– Үлкендер түсінбей сын айтты, негізі ол жерде ешқандай жаман сөз жоқ. Интернетте жүрген сөзін біреу құлақпен тыңдап, жаза салған болса керек. Ал, жалпы мен музыкант болғаннан кейін, сазына көп назар аударатыным рас. Бірақ, әрине сөзіне де мән беру керек. Сөзі мен әуені сай келмесе, үйлесім болмайды. Тым әдеби, күрделі сөздерді қолданғанды ұнатпаймын. Көбінесе бізді тыңдай­тын жастар болғандықтан, құлаққа сіңімді, тез жатталатын, жеңілдеу әрі мағыналы сөздерді пайдалануға тырысамын.
– Қазір өзіңіз де үлкенді-кішілі ән байқауларда төрелік етіп жүрсіз. Қазіргі көзбен қарасаңыз, кезінде өзіңіз қатысқан «Суперстар КЗ» байқауы қаншалықты әділ өтті деп ойлайсыз? Соңына дейін баруым да мүмкін еді деген ой келмейді ме?
– Негізі кез келген конкурстың әділетті өтуі өте қиын нәрсе. Әйтеуір ішінен бір бағы бар адам ұтып кетеді. Бірақ сонда да конкурстағы жеңілістен кейін «бітті, әнші болмаймын» деудің қажеті жоқ. Әрқашан да алға ұмтылу керек. Біріншісінде жолың болмаса, екіншісінде өтіп кетерсің. Одан сүрін­сең, басқасы бар. Шығармашылық деген өзі сондай нәрсе. Бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Тек тоқтамау керек. Онсыз болмай қалатындай, бұл кон­курстар спорт жарыстары сияқты емес қой. Конкурссыз-ақ бір жақсы әнмен халыққа танылуға болады. Демек, бастысы жеңу емес. Мысалы, мен Супер­старда жеңіске жетпесем де, жерде қалған жоқпын.
– Негізі қазақ эстрадасы орыс және қаза тілді болып екіге бөлінеді…
– Бұрын бөлінетін, қазір аса бір бөліну байқалмайды, бәрі бірін-бірі таниды. Бұрын тіпті танымайтын, білмейтін. Қазақ және Қазақстан эстрадасы деп қарастырсақ, қазақ­тарда әншілер көбірек. Мүмкін ол жақта көбірек той-бизнес бол­ғандықтан, нарығы кеңдеу шығар. Қазақ эстрадасының әншілері көбі­несе тойға арнап ән жаздырады да, бүкіл әндерінің ырғағы тойда халықтың билеуіне ыңғайланып келеді. Әбден жағдайын жасағаннан кейін барып, шығармашылықты ойлай бастайды. Ал Қазақстан эстрадасында ақша табу қиын. Ол жақта тек жазда болатын үлкен алаңдарда берілетін концерттерде табыс табуға мүмкіндік бар.
– Сіз екі тілде де ән айтасыз. Қай аудиторияда тыңдарманыңыз көбірек?
– Қазақ арасында көбірек. Бі­рақ қазақша білмейтін аудитория да өте үлкен. Мысалы, жақында Қазақстанның 66 қаласында концерт беріп келдік. Оңтүстік, Қызылорда, Ақтау ғана кішкене қазақшалау, ал Ақтөбеден бастап, Қостанай, Қарағанды, Астана, Петропавлдың ауылдарына дейін халқы орыстанып кеткен. Орыстанып кеткенмен, олар да еліміздің патриоттары. Қазақстанның орыс тілді әншілерін көбірек тыңдайды екен, соған көзім жетті. Орысша әндерді де жаздырған дұрыс, оған сұраныс бар. Қазақпын деп басқа халықтан бөлініп кетуге болмайды. Қазақ әндерін жастар түсінетіндей мәнермен жасап шығарып, қайта қа­зақша білмейтін адамдардың қазақ­шаға бетін бері бұру керек.
– Той-томалақта халық қай әніңізді көп сұрайды?
– Негізінен сұрайтындары «Пах-пах». Қазіргі кезде «Таңымды» сұрай­ды. «Таңым» әні шықты, бейнебаяны шықты, бірақ бірден резонанс бол­мады. Мысалы, «Асылым» шығып еді, бәрі бірден жақсы қабылдады. Ал «Таңым» ақырын-ақырын келіп, бір­ден көтеріліп кетті. Қазір той томалаққа бара қалсам, «Доброе утроны» айт, «Таңымды» айт деп жатады. Тойда көбінесе көңілді әндерді сұраса, концерттерде «Асылым» мен «Как дела» әнінің тыңдарманы көп.
– «Айналайын» телехи­каясында бір уақытта екі адамды сомдайсыз. Екі адам, екі түрлі бейне. Ал негізі Айқын қандай?
– Көріп тұрғаныңдай ғой (күліп). Менде негізі актерлық шеберлік жоқ. Біреуді ойнау, өтірік бірдеңе көрсету, көшеде басқа адамға айналып кетуді білмеймін. Атым Айқын болғаннан кейін өмірде қандаймын, сахнаға шыққанда да сондаймын. Тек қана ән айтқанда басқа бір күйге еніп кетемін. Ол бір образ емес, өзімді-өзім білмей, басым айналып, арқам қозып кетеді. Ал басқа жерде киіп-шешіп жүретін бетпердем жоқ.
– Қазір әнші, актер деп бөлмейтіндей жағдайға жеттік. Сізге де киноға ұсыныстар болды ма?
– Ұсыныстар түсіп жатады. Көркем фильмдер көбінше жаңа беттерді іздейді. Қазір сол сәнге айналған сияқты. Кез келген режиссер келеді де, бұрынғы актерлерді түсірмей, жаңа адам іздейді. Жаңа айтқанымдай, менің актерлік шеберлігім жоғары деңгейде емес. Комедиялық рөлдерді ойнай алғанмен, жылайтын, жан-дүниелік тебіреністерді көрсете алмайтын сияқтымын. Телехикаяға ұсыныстар түсіп жатыр, оны көре жатармыз. Мүмкін қартайғанда уақыт көбірек болса, бір рөлді сомдармын. Ал, негізі мен әнші болып қалғым келеді.
– Үлкен концерттің көпшілігінде шетелден әншілер шақырады. Бұл отандық әншілердің деңгейінің төмендігін көрсете ме?
– Шетелден әншілерді үлкен кон­церттерге шақырады. Мысалы, Астана жастары негізінен шетелдің әншілерін тыңдап өскен жастар ғой. Қазақ эстрадасы тек жақыннан бері ғана басын көтеріп, дамып келе жатыр. Бұрын қазақ әншілерін ешкім тыңдамайтын. Сондықтан мерекенің масштабын үлкейту үшін шетелдік әншілерді алдыратын шығар. Біздің жастардың да әлемдік деңгейдегі әншілерді көруіне мүмкіндік туады қайта. Тек қана бізде емес, кез кел­ген мемлекетте үлкен концерттерде шетелден әнші шақырады. Рейтинг көтергісі келетін шығар. Әлемдік жұлдыздың аты әлемдік жұлдыз. Біз оған ренжімейміз, үйреніп қалғанбыз. Шақырса шақыра берсін, бірақ бізге де осындай концерттер ұйымдастырып беріп тұрса дейміз.
– Сіз продюсермен жұмыс істейсіз бе?
– Иә, Эрик Тастамбековпен.
– Көп әншілер белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін продюсердің көмегінен бас тартып жатады…
– «Лақтырып кетеді» деген дұрыс шығар. Кішкене жұлдыз болып алады да, маған продюсер керек емес деп шығады. Продюсермен жеті жыл бірге істедік, қазір келісімшарт бітті. Қазір продюсер ретінде емес, серіктес ретінде 50\50 жұмыс істеп жатырмыз. Бәрібір продюсер болғаны жақсы. Қазір мен қаржы жағын емес, тек қана шығармашылық жайын ойлаймын. Продюсерден кетіп қалған әншілердің 80 пайызы бір-екі ән шығарады да, 5-6 жылдан кейін жоқ болып кетеді. Сондықтан әр адам өз ісімен айналысуы керек немесе продюсерлік тәжірибе болуы керек. Кейбір әншілер продюсермен ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, ұйымдастырушылық жа­ғын, қаржылық мәселені шешуді үйреніп алады да, өздігінен жаңадан жұмыс істей бастайды.
– Біздің әншілер арасында бәсекелестік бар ма?
– Бәсекелестік бар, бірақ үлкен деп айта алмаймын. Әр әншінің өз тыңдарманы бар. Кез келген адам тек қана бір әншіні тыңдаймын деп айта алмайды. Музыканы адам көңіл-күйге байланысты тыңдайды. Жақсы көңіл-күй болса, көңілді, көңілсіз кезде мұңды ән тыңдағысы келеді. Көңіл-күй жақсы болса мені тыңдайды, жаман болса Қайрат Нұртасты тыңдайды деген сияқты (күліп). Миллиондап ақша таппасақ та, өзімізге жетеді.
– Біреулер сізді үйленген, баласы бар десе, енді бірі бойдақ екеніңізді айтады. Анығын өз аузыңыздан естісек…
– Ұлым бар, қалғанын айтпай-ақ қояйыншы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Маржан ӘЖІБЕК

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

Ананди (Авика Гор): «Шынайы өмірде де қайын жұртымнан көп азап шектім»

Жарияланды - 01.10.2015 0
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан дүйсенбі-жұма күндері көрсетілетін «Келін» атты үнді телехикаясы қазіргі уақытта көпшілік көңілінен шыққан үздіктер қатарында. Телехикаяда басты рөлдерді…