Долларлы қазақ – бай қазақ, теңгелі қазақ – жай қазақ

0
1854

37

Тамыздың 19 жұлдызында бір доллар теңге құнына шаққанда 188-ді көрсетіп тұрған сәтте бірден он сатыға жоғарылап 198-ге дейін бірақ көтеріліп, қарапайым халық «экономикадағы есіп тұрған желдің» бұл бағытын түсіне алмай, мең-зең күйде қалды. Қыстағы «қара бейсенбінің» әніне салып бірден отыз теңгеге көтерілмегеніне теңгелі қазақ тәубе деп жатса, біраз болсын қалтасы қалыңдап қалғанына долларлы қазақ мәз болып жатты. «Қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көрерсің» деген қазақ даналығы. Қызықтың бәрі келер күні болды. Доллар бірден 245 табан тіреп, доллары бардың көңіл күйі көтеріліп, төл теңгесі бардың қанқысымы көтеріліп сала берді. Сонымен, девальвацияның дауылы кімге қалай әсер етті?!  Долларлы қазақтың әні мен теңгелі қазақтың жырына құлақ түрсек…

Бәріміз де төл теңгенің құлдырауы, доллардың қарқынына қарқын қосып қарыштауы кәсібін ұлттық валютамен дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге қиын тиерін, ал қарапайым халықтың бұл жаңалықтан қабырғасы да қисаймайды деген пікірде болып келгеніміз өтірік емес. Алайда, Шәкәрімше айтқанда, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», бұл девальвация да бұрынғысынан ерекше болып тұр. Әсіресе, айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым халық үшін ауыр болып отыр. Үкімет доллар өскенімен баға өспейді деп уәде берсе де, уәде тек уәде жүзінде қалып қойды. Құбылмалы дүниенің құбылысымен бірге доллар да нарықтағы бағаны мың құбылтты, доллар өсті, нарықтағы баға өсті, бірақ жалақы өспеді. Әрине, бәріде керісінше болуға тиіс еді. Жә, жә жарар, «құрғақ қасық ауыз жыртар» дейді қазақ даналығы, құр сөзден құнды фактілерге ауыссақ.
Доллардың өсуі ең алдымен нарықтағы жалға берілетін баспананың бағасын шарықтатып жіберді.Теңгенің құны төмендеген сәтте пәтердің пұлы өсіп, қалтасының салмағына қарайлайтын қарапайым халыққа ауыр тиіп отыр.Онсызда сан жыл бойы бір баспанаға зар болып, пәтерден пәтерге көшумен күні өтіп жатқан қазақ үшін бұл үлкен соққы болды, уайымына уайым қосып, жалақының жайы жүйкені тоздырды. Алып шаһар Алматыда пәтер мәселесі аса өзекті екені елге аян. Пәтердің баға бағамын білу үшін Көк базарға ат басын бұрып едік, еріксіз таңдай қақтық. Ел ішінде «жетім бұрыш» аталып кеткен пәтерді жалға берудің «халықтық бюросындағы» пәтердің құны аспандап тұр. Бір бөлмелі пәтердің құны 60000 мыңнан 80000 мыңға, екі бөлмелі пәтердің құны 80000 мыңнан 110000-120000 мыңға дейін көтеріліп кеткен. Бұл, әрине, жалақысы 60000-70000 мыңды құрайтын қарапайым халықтың басты мәселесіне айналды. Білім қуып қалаға келген студенттердің көбісі пәтерді жалға алып тұратыны белгілі, алайда пәтер бағасының деңгейі қалтаны көтермейді. Бұл тек қана жалақысы бар баспанасыз қазақтың ғана емес, шәкіртақысы бар жас түлектіңде ең басты шешілмеген мәселесіне айналып отыр.
Талғаммен таңдап алар шама жоқ сәтте, бағамен байқап алар сәт туары анық. Сол сәт туып тұр. Күйбең тірлікте күнделікті қолданатын тұтынушының ең басты тауары азық-түлік екені анық. Ал оның бағасы бас шайқатар деңгейге дейін өсу үстінде. «Ас – адамның арқауы» екені рас. Алайда талдап жейтін талғажаудың бүгінгі бағасы тым жоғары. Сүт өнімдері мен ет өнімдері, кондитерлік тағам түрлері мен нан өнімдері 20%-ға, шетелден тасымалданатын тауар түрлеріне баға 30%-ға көтерілген. Ал дәрі-дәрмекке деген баға деңгейі 30-35%-ға дейін көтеріліп кеткен, себебі отандық дәріханалардағы дәрілердің 80% шетелдік өнім болып табылады.
Доллардың көтерілуі күміс қоңыраудың сыңғырлар сәтімен тұспа-тұс келіп отыр. Балғын балалық шақтың бақытты күндерін басынан кешіріп жатқан уайымсыз бүлдіршіндер оқу жылының басталғанына қуанып жүрсе, дәл сол бүлдіршіндерді оқуға әзірлеу, керек жарағын алып беріп, ешкімнен кем қылмау кейбір ата-ананың басты уайымына айналды. Уайымға айналмағанда ше…Киер киімі, жазар қаламы, оқитын кітабы бәрі –бәрі қыруар ақша. Аа, сіз бәлкім кітап мемлекет тарапынан «тегін беріледі емес па?» деген уәж айтатын шығарсыз, алайда, кітап мәселесі еліміздің 4 қана облысында толық шешілгендіктен, өзге облыстың оқушылары жетпеген кітаптарын өз қаражатына сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне оқу мерзімінде бағалары тіптен шарықтап кетеді.
Үш мектеп жасындағы бала тәрбиелеп отырған менің бір танысымның үйіне барып едім, қабағы қатулы, көңіл-күйі түскен қалпында қарсы алды. Үнемі күліп жүретін жайдарлы жанның суық қарсы алғанына таңырқап қалып, мәселенің мән жайын сұрап едім: «бүгін үш балапандарыма жетпеген оқулықтарын сатып алып едім, 18000 мыңнан асып кетті»,-деп көңілсіз жауап қатты. Енді тегін берілуге тиіс оқулықтың өзіне осынша қаражат кеткендіктен , басқа жағын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. Доллардың көтеріліп кеткеніне байланысты мектеп оқулықтары мен киімге деген бағада өскен. Мысалы қарапайым 12 беттік дәптердің бұрынғы бағасы 5-7 теңге болса, нарықтағы қазіргі құны 10-15 теңгені құрайды. Дәл сол сияқты қалам мен қарындаш, күнделік пен қалың дәптер, сызғыш пен өшіргіш сынды оқушыға керек ұсақ-түйектің барлығына 10-50 теңге арасындағы баға қосылған. Бұрында оқушының құрал-жабдықтарына орта есеппен 5 мың теңге мен 8 мың теңге аралығында қаражат кететін болса, қазіргі таңда 7 мың теңге мен 12 мың теңге аралығында қаражат кетеді. Ал киім мәселесі тіптен ата-аналардың басты уайымына айналып отыр. Ұлдардың мектеп формасы теңгенің құны бар сәтте 5-10 мың аралығында болса, қазіргі таңда 7-15 мың аралығында, ал қыздардың мектеп формасы 5-8 мыңнан 7-12 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Девальвацияға дейін бір мектеп оқушысын сабаққа дайындауға 30000-35000 мың қаражат керек болса, бүгінгі күні 50000 мыңнан жоғары ақшаңыз болмаса балаңызды мектепке аттандыра алмайсыз. Бұл әрине айлығы 60-70 мыңды ғана құрайтын қарапайым халық үшін өте үлкен қаражат.Доллардың құбылуына байланысты түрлі деңгейлік жеңілдіктерді насихаттайтын жарнамаларда қаптап кетті, көбінің сиқы мына тұрпатта: бұрынғы акцияларда «бізде 50% жеңілдік!» деп тұратын болса, бүгінгі акцияларда «біздің баға бұрынғыдай!» деп тұратын болды.Бұл жеңілдіктегі сөздің өзі теңге жайлы терең ойға жетелейтіні анық.
Адам үшін ең керек үш нәрсе – киер киім, жатар орын, ішер ас екені анық. Үкімет айтқандай теңгенің еркін айналымға кеткенінен кейін, халықша айтқанда девальвациядан кейін бұл үштіктің бағасы шарықтап тұрғанын фактілер арқылы байқадық. Айлық өспей, баға өсетін заманда бұл қарама-қайшылық үлкен түйткілді мәселе екені анық. Біз теңгелі қазақтың, анығы жай қазақтың жайын айттық.

P.S. Ең бастысы, «девальвациядан кейін патриот емеспін» деген халық арасындағы әзілдің шындыққа айналмауы. Ал бұл нағыз мәселе!

Асхат Әл-Қасенғали

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*