Бас ауруына айналған баспана

Жарияланды at 12:49
1118 0

44

Елімізде тұрғын үй мәселесі шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелердің бірі. Бұған себеп, ауылдағы ағайынның жұмыс іздеп қалаға қоныс аударуы болса, екінші себеп ауылдан келген студенттеріміздің дені оқу бітірген соң, қалада қалып қоюы. Сондықтан да, Астана мен Алматы қалаларында тұрғын үйге деген мұқтаждық күн санап артуда. Мемлекет тарапынан осы түйткіл мәселелердің шешімін шешу үшін жыл сайын әртүрлі бағдарламалар қабылданып, баспанаға мұқтаж отбасыларға пәтер кілттерін табыстағанымен, үйсіз жандардың саны азаяр емес. Ал еліміздегі демографияны шешудің бірден-бір жолы ол – жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету екені белгілі.

Алматы қаласындағы «жетім бұрыш» атанып кеткен жекеменшік пәтерлерді жалға беретін орында күн сайын пәтер іздеп, аяқтан тозған адамдардан көз сүрінеді. Ондағы пәтер іздеп жүрген адамдарды көріп, бүкіл қала тұрғындары жалдамалы пәтерде тұрады деген ой мазаламауы мүмкін емес, сірә. Ал ондағы пәтер іздеп жүргендердің дені жастардың болғаны көңілге қаяу салары хақ. Осы тұста Public Policy Research мекемесінің жасаған статистикасын назарларыңызға ұсына отырсақ. Алматы қаласында тұратын жасы 30-ға толмаған азаматтардың 54,3% жекеменшік пәтер жалдап тұрса, 18,6% жатақханада тұрып жатқан көрінеді. Ал 25%, яғни жастардың төрттен бірі ата-анасының немесе туыстарының үйін сағалап күн көруде. Тіпті жұмыс орнын мекен еткендер де бар екен, олар жалпы жастардың 2% құрайды. Алматылық жастардың 1,2% ғана жеке баспанасы бар. Алматыдағы осы мәліметтерді көре отырып, баспана мәселесі жақын жылдары өз шешімін тауып кетеді дегенге сену қиын, әрине.
Дегенмен Алматы қаласындағы «Тұр­ғын-үй» департаментінің берген ақпа­раттарына жүгінсек 2013 жылдың аяғынан бері Алматыда 500 жас отбасыға үй берілген болса, тізімге еніп пәтер жетпей қалған тағы 90 отбасы бар екен. Олар биылғы жылдың соңына дейін қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Ал, еліміздегі «Жас отбасы» және «Әлеуметтік үйлер» бағдарламасынан басқа баспананы «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы, «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры» және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы баспаналар алуға болатын туралы қарапайым халық әлі де болса толық біле бермейді.
Қазір Алматы қаласы бойынша осы бағдарламалар арқылы 23 мың адам кезекте тұр. Жылына орта есеппен 1800-2000 отбасы үйлі болады. Соңғы жылдары қаржы дағдарысына байланысты бұл көрсеткіш сәл кеміп жатқаны да жасырын емес. Десек те алдағы уақытта Алматы қаласынан бас­паналы алғыңыз келіп жатса, негізгі қойылатын талап Алматыда тұрақты тіркеуде тұрғаныңызға 3 жыл толуы керек.
Шынында да, баспана мәселесі еліміз­дегі Астана мен Алматы шаһарларында өзекті болып тұр. Одан соң Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау т.б. облыс ор­талықтарында баспанаға мұқтаж жандар саны басым.
Ресми деректерге жүгінсек, қазір елде коммуналды тұрғын үй қорынан үй алуға үмітті 300 мың адам кезекте тұр екен. Ең көбі Астанада 36 174 адам. Төрт қалада: Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбедегі «үйсіздер» тізімінде тұрғандар жалпы кезектің 31 %-ын құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің де­ректеріне жүгін­сек, 300 мың адамның 130 мыңы – көп­балалы мүгедек балалары бар, толық емес отбасылар. Ал 124 мыңы – бюджеттік мекеме қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер, 43 мыңы – жетім балалар екен.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020»

Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» тақырыбындағы халыққа жолауында баспана мәселесіне баса мән беріп, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жалпы көлемі 69050 мың шаршы метр болатын тұрғын үй салу қолға алынып, жоспарға енгізілгенін айтқан болатын. Оның ішінде «Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі» деп айтылған жолдауда.
Онымен қоса, мемлекет тарапынан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтылатын да елбасы баса атап өткен болатын. Сол жолдаудан кейін үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламасы және басқа да бағдарламалар баспана мәселесіндегі проблемалардың шешімін тауып, бас­панасы жоқ жан­дарды тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатырмыз дегенімен, ол баспаналардың көбісі шын мұқтаж жандардың қолына жетпей жатыр. Себебі, «бармақ басты, көз қысты» деген заманда баспана мәселесін шешу мүмкін емес. Оған мысал: Ақбұлақ ықшам аудынындағы жас отбасыларға, мүгедектерге және көп балалы отбасыларға арнайы бағдарламамен бе­ріледі деген көп қабатты үйлердің бірі де мұқтаждарға емес, қос-қос пәтері бар, жағдайы жақсы, жолын тапқандардың майшелпегіне айналды десек артық айпағанымыз. Олай дейтініміз мемлекет қа­ражатына салынған үйлерде үй егесі емес, пәтер жалдаушылар тұрып жатыр. Мұндай ақпаратты сол ықшам ауданда тұратын тұрғындардың өздері жасырмады. Сонда кім кімді алдап жатыр? Осы тектес шешімі жоқ сұрақтар алдымыздан кесе-көлденең шыға келеді.
Осындай бассыздықтарды жою үшін Ұлттық құрылыс холдингін неге құрмасқа? Сонда тендер де тоқтайды, «аға-көке» азаяр еді. Әр облыс­та құрылысқа жауап беретін компаниялар болып, оларды мемлекет тарапынан бақылау мүмкіндігі де жоғарылайтын еді.

Баспана – әлеуметтік жағдайдың индикаторы

Баспана – расымен де әлеуметтік жағ­дайдың көрсеткіші. Шарықтап, дамып кеткен мына заманда, әлеуметтік жағдайың болмаса елеусізсің. Себебі, мына қоғам әлеуметтік жағдайыңа қарап сыйласатын қоғам десем артық айтпағаным болар. Бүгін де «Қазақ байыса қатын алады, Өзбек байыса үй салады» деген мақалдың ескіргені қашан… Қазір қазақ та байып жатса үй салатын болған. Қалталы қазақтардың шетелдерде қос-қос үйлері бар. Ал қарапайым халық болса, ішерге азық, киерге киім таппай зар еңіреп жүр. Бұл тұрғыдан алғанда, жеке пәтері бар адам – орташа таптың өкілі, ал жеке коттеджі бар – бақуаттының қатарында, шетелде, теңіз жағасында сарайдай үйі бар адам – байшікештің нақ өзі. Ал кең-байтақ Қазақстанның бірде-бір қаласында жеке­меншік үйі жоқ адам өзін кедейге жатқызбаса да, байлар санатынан санай алмасы анық.

«Өз сөзім»

Бүгінгі таңда жас отбасылар үшін басты проблема бас­пана мәселесі болып отыр. Өйткені, еліміздегі шаңырақ көтерген жас отбасылардың ажырасуының басты себебі, баспананың жоқтығы. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасына миллиардтаған қаражат бөліп жатса да нәтижесін көрмей отырмыз. Меніңше, баспана төңірегіндегі проблеманы тиімді шешудің бірден-бір жолы мемлекет бөліп отырған қаражатқа жас отбасыларға жатақхана салып беру. Бұл әрине түбегейлі шешім емес. Десе де, үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрген мыңдаған жас отбасыларға кішкене де болса көмек болар еді.

Талғат Жанысбай

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

ҰҚК: 10 маусымда 5 содырдың көзі жойылды

Жарияланды - 10.06.2016 0
Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті бүгін өткен антитеррорлық операцияның қорытындысын жариялады.   Естеріңізге сала кетсек, 5 маусым күні Ақтөбедегі теракт…

КЕДЕЙ БОЛСАҢ ДА ҮЙЛЕН  

Жарияланды - 22.02.2017 0
 «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп жатамыз. Өйткені шаңырақ құрғаннан кейін адамның еңбекке деген құлшынысы да артады. Дүниесін үнемдеуді,…
Төлебек Қалыбай
2015-10-14 22:29:48
Тұрғын үй мәселесінің туындауына басты себеп, ол - пәтер иелерінің пәтерсіз халықты, яғни негізінен қазақтарды қанауына жол ашып қоюынан! Әлемдегі кез-келген үлкен қалада пәтер мәселесін шешіп, пәтер иелерінің қанауына тоқтау салатын заңдар бар. Мысалыға, Қытайда тұрғын-үй мәселесін шешу үшін, әрбір отбасыға қаладан бір үйді ғана сатып алуына мүмкіндік беретін заң қабылданған. Ал Оңтүстік Корей елінде, әр отбасының қаладағы тұрғын үйінің саны 1-ден артық болса, онда салықты геометриялық прогрессиямен еселеп төлеуге мәжбүр. Нәтижесінде, кәрістерге бір-екі үйден артық үй иелену - таза шығынға айналады да, амалсыз артық үйлерін сатуға мәжбүр болады. Ал Қазақстанда болса, бір үй түгілі, тұтас бір көпқабатты, көппәтерлі ғимаратты сатып алып, сосын ол пәтерлерін пәтержалдау компанияларына үлестіріп, түк істеместен қомақты ақша тауып, іс жүзінде пәтерсіз қазақтардың азғана нәпақасын жеп байып отыр! Қаншама үй салынса да кедей қазақтар пәтерсіз қалып, пәтержалдаушы күйде қала беруінің басты себебі осыдан! Кәрістердегідей, қаладағы үй (пәтер) салығын көппәтерлілерге еселеп көбейтсек, сонда ғана тұрғынүй мәлелесі шешіле бастайды!!!