Қазақстанда аборт жасауға тыйым салу ұсынылды

0
1474

Қазақстанда аборт жасауға тыйым салу ұсынылды. Психологтар мен дінтанушылардың айтуынша, бұл қадам ана мен баланың өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп хабарлайды Астана арнасы.

Елімізде аборт мәселесі белең алып барады. Қазақстанда әрбір үшінші әйел түсік жасатқан. Көп жағдайда әлеуметтік ахуалдың төмендігінен аналар абортқа жүгінуге мәжбүр болатындарын айтады.

Гүлфайруз Жағыппарова осыдан бірнеше жыл бұрын солай еткен.

«Бірінші абортты істеткен соң, көпке дейін денсаулығым қалпына келмеді. Екі рет түсік тастадым. Кейін екінші және үшінші баламды әзер дегенде таптым. Дәрігерлер егер де тумасаң, бедеулікке шалдығасың деді», — дейді Петропавл тұрғыны Гүлфайруз Жағыппарова.

Қазақстанда жыл сайын 100 мыңға жуық аборт жасалады екен. Тек Қызылжар өңірінде күніне түсік жасатуға 4-5 әйел келеді. Олардың көбі 20-30 жас аралығын қамтиды. Бірақ, кәмелетке толмаған қыздар да бар. Биылдың өзінде Солтүстік Қазақстанда 52 жасөспірім аборт жасатқан. Алайда, бұл сан нақты емес. Себебі, 18-ге толмаған қызға ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасауға рұқсат берілмейтіндіктен, кей жеткіншектер арнайы дәрілерді қолданады.

«Қалада абортқа арналған дәрілердің астыртын сауда нүктелері бар. Көбі қытайдан келеді. Оны қолданудың белгілі бір уақыты бар. Бірақ, оны сататын кісі егжей-тегжейлі түсіндірмейді. Ал жас қыздар оған аса мән бермей, сатып алады. Кейін бұл қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруы мүмкін», — дейді Петропавл қалалық №1 емханасы әйелдер кеңесі бөлімінің акушер-гинеколог маманы Марина Тимофеева.

Аборттың қандай түрі болмасын әлбетте, зияны бар. Мұның соңы әйелдің қайтіп бала көтермеуіне алып келуі мүмкін. Бүгінде елімізде әрбір 5-ші жұп перзент сүйе алмай, бармақ тістеп жүр. Осы проблеманы жою мақсатында бірнеше жыл бұрын «Отбасыны жоспарлау» бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында отбасы құрудан бастап, алдағы уақытта балалы болу және болмау мәселесiне қатысты кеңестер беріледі.

Әлем тәжірибесі туралы айтар болсақ, Польша, Ирландия, Мальта мен Филиппинда абортқа заңмен тыйым салынған. Оңтүстік Америка елдері де түсікті онша құптамайды. Мұнда тек инцест, зорлау мен ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана аборт жасауға рұқсат берілген. Тәжірибелі психолог Мадина Усимбекованың пікірінше, Қазақстанға да осы бағытта бір заңнама қарастырған дұрыс.

«Әйелдер жасағаннан кейін, постабортный синдром деген бізде термин бар, жалпы медицина саласында. Одан кейін көп әйелдер күйзеліске ұшырайды. Оның соңы мынау есірткіге жол беруі мүмкін, сонымен қатар ішімдікке жол беруі мүмкін, жіптің тізгінінің соңында адамның асылуына да алып келеді. Сондықтан біз бұл жерде бір баладан айырыламыз деп, аборт жасаймыз деп, ананың өмірін де біз қауіпке қойып отырмыз. Сондықтан бір адамның емес, екі адамның өмірі бізде қауіп астында. Егер де осы жағдайларды ескеретін болсақ, онда біз абортқа тыйым салу мәселесін қарастыруымыз керек», — дейді ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» психолог маманы Мәдина Усимбекова.

Тағы бір азамататтар өзгеге еліктеудің қажеті жоқ, деп санайды. Яғни, олар абортқа тыйым салуға түбегейлі қарсы. Бір жағынан аборт әйелді ажал аузынан алып шығудың жолы болса, екіншіден бұл заңсыз оталарға әкеліп соқтыруы мүмкін, дейді олар.

«Егер де аборттарға тыйым салынса, криминалды аборттар пайда болады. Бұл қазіргі елдегі әлеуметтік мәселелерді шешудің орнына, ушықтырып жібереді. Егер де абортқа заң жүзінде тыйым салынса, онда тастанды балалардың саны көбейеді. Сәйкесінше балалар үйінің саны артады. Болашақта елде жүгенсіз кеткен жасөспірімдердің қатары өсіп, әлеуметтік дау-жанжал пайда болады», — дейді ШҚО қоғамдық кеңестің өкілі Индира Кәкімова.

Сонымен қатар мамандардың айтуынша, жасанды ұрықтандыруға ынта білдірген әйелдердің жартысына жуығы жас кезінде аборт жасатқан. Демек, статистика көрсетіп отырғандай, оладың бедеулікке тап болудың негізгі себебі – аборт. Жұрттың көбі бұл сұмдықтың тамырына балта шабу керектігін айтады. Яғни, мектепте әлеуметтік пән енгізіп, оқушылармен ашық әңгіме жүргізген жөн.

дереккөз;Нұр.кз

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*