Тәрбиені тәрк еткен заман

0
1250

әже мен келінҚоғамда болып жатқан кез келген мәселеге әрқайсысымыз бей-жай қарамауымыз қажет. Себебі, елдің, ұлттың мықты болуы жергілікті халықа байланысты. Мықты болғысы келетін әрбір ел қолдарынан келгенше әрекеттенуде. Бірі ғылымды игеріп, енді бірі бұғанасы қатпаған баланы тал бесіктен тәрбиелеуде. Әбунасыр әл –Фараби бабамыз айтқандай ‘‘Рухани тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы’’. Сондықтан да тәрбие мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

«Тәрбие – тал бесіктен», «тәрбиесіз ұлттың болашағы бұлыңғыр» сынды нақыл сөздерде тектен-текке айтылмаса керек. Біз, тәрбие хақында айтылған сөз орамдарын санамызға жастайымыздан сіңіріп өскен текті ұрпақтың жас­тарымыз. Сондықтан да болар тәрбие мәселесі қазақ ұлты үшін қай заманда да атүсті қаралмаған. Оған жіті мән берген. Ұрпаққа берілген жақсы тәрбие – ертеңгі елдің болашағына деген нық сенім. Бүгінде отбасыдан бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, қоғам барлығы бала тәрбиесімен белгілі бір дәрежеде айналысып жатыр. Айналысуы тиіс те.
Әр заманның өзіне тән ерекшеліктері мен қиындықтары болады. Кешегі қоғам ішкілікпен, нашақорлықпен күрессе, бүгін жер беті бала тәрбиесіне мән беруде. Олай болуы заңдылық та шығар. Себебі, тәрбиесін сақтаған ұлт өзін сақтап қалады. Ұлтын, елін сақтау үшін үлкен күрестер жүруде. Бірақ, кіммен күресу керектігін көбі білсе, көбі біле де бермейді. Себебі жау көрінбейді. Көрінбейтін жауды жеңу оңайға соқпайды. Мұндай қиын заманда тәрбиені әркез насихаттап, күнделікті жастардың құлағына сіңіріп отыру керек. Сонда ғана ұлтымызды сақтап қалуға болады. Барлық зұлымдық пен қатыгездік әрбір адамның қолында.
интернет балаОл – ғаламтор. Бұл құрал арқылы әр­кім өз ісін жүр­гізуде. Бәрін бір­дей жақсы дей алмаймыз. Арасында жағым­сыздары да бар. Жағымсыз дү­ние­нің белең алуы қауіп. Осы қауіптің алдын алу үшін қаншалықты іс атқарудамыз? Есе жіберіп жатқан тұстарымызды саралап көрелік.
Біріншіден, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейтін әке мен шеше балаларына өз тәрбиесін бере алмай келеді. Бұрынғы ұл әкеге қарап өссе, қыз шешеден тәрбие алатын.
Екіншіден, ертегі мен аңыз әңгімені айтатын әже мен ата тәрбие берудегі рөлінен айырылап барады. Атасы мен әжесінің тәрбиесін көрген бала айналасына мейіріммен қарап, азға қанағат ететін болып өседі.
Үшіншіден, оқушы алдында мұға­лімдердің абыройының азаюы. Мұғалім не айтса екі етпейтін оқушыларымыз бүгінде ұстаздарымен жаға ұстасып төбелесуде. Бұл қоғам үшін өте қауіпті. Оқушының тәрбиесімен айналысатын ұстаздарымыз бүгінде басымен қайғы. Оқушы алдындағы абырой былай тұрсын, қоғам алдындағы өз рөлінен айырылуда. Осының бәріне оп-оңай жол беріп қойдық. Сөйтіп балаларымыздың тәрбиесін кімге сеніп тапсырарымызды білмей әр жерге бас ұрудамыз. Енді осының бәрінің рөлін біреу басуы керек емес пе? Бұл заңды сауал. Оның жауа­бы – ­ғаламтор, теледидар т.б.
Балаларымыз телеарнада көрсетілетін арсыз жарнаманы, ұятсыз киноны, азғырушы шоулар мен концерттерді, қылмыс жасау мен адам азаптаудың түр-түрін көрсететін ғаламтор сайттарын көруде. Осындай жайттарға жол беріп бей-жай қарап отырған ата-аналар бар. Әдейілеп емес. Бәрі де білмегендіктен осы жайттарға тап болуда. Әке мен
шешелердің жол беріп жатқан қате­ліктерін түсінетін, білетін азаматар қоғамымызда жоқ емес. Олар осындай шынайы азғырушы насихат көздеріне немқұрайлы қарайтын отбасылармен жұмыс жүргізуі керек. Немқұрайлы қараудың арты жақсылыққа емес, құрдымға апарады. Тәрбиеден бір айырылып қалсақ, қайта қалпына келтіру оңайға соқпайды.
Мұның салдары бүгін ертең сезілмеуі мүмкін бірақ арғы күні қатты опық жеуіміз ақиқат. Тәрбиемен тек ата-ана ғана немесе мұғалімдер ғана айналысуы керек деген қате пікір. Онымен партиялар, қоғамдық ұйымдар, мәдениет қайраткерлері, мәдени ошақ­тар бір сөзбен айтқанда бәрі түгелдей айналысу қажет. Қоғамымыз таза болса ертеңгі ұрпақтарымыз жақсы болады. Түсінемін нарықтық заманда әркімнің уақыты өзіне жетпей жатады. Бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күн­ге азайып барады. Бірақ уақыт, заман деген сөздерге барлық кінәні артып қою елдігімізге сын.
Осы кезде кешегі кеңес үкіметі тұсындағы тәрбие еріксіз еске түседі. Ол кезде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін, тәрбиелейтін пионер, комсомол сынды ұйымдар болды. Бұл ұйымдардың жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, өтірік айтпауға, ұрлық жасамауға, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйретті. Сол уақыттағы жастар әрбір ісі үшін қоғамның алдында жауап беретін, жаман қылық жасамауға, өзін жақсы жағымен көрсетуге тырысатын. Ал қазір ше? Қазіргі жас­тарымыз ұят қылықты ар санамайтын жағдайға дейін жетті. Ұлдарымыз сұлу болуы үшін салондарға барса, қыздарымыз жартылай жалаңаштануды сән санайды. Қазақ қызы жөнсіз күлу, ауызын қисайту, бетін тыжырайтып суретке түсумен мақтанбайтын, олар кесте тігу, жүн түту, жіп иіру, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу т.б қол өнерді игеруге тырысатын. Бойжеткен қыздарымыз барған жерін бақытты етіп, тастай батып, судай сіңу үшін оң босағада тұрмыстық мүліктер дайындауды меңгеретін. Бұлардың барлығын меңгерген қыздарымыз үлкен өмірге тез үйренісіп кетуіне пайдалы. Сөйтіп бір шаңырақтың түтінін түз түтететін, баласы мен қызын тәрбиелейтін ана болатын. Тәрбие тек қыздарға ғана емес, ол жігіттерге де қатысты. Бүгінгі мектеп партасында отырған ұл бала – ертеңгі ел қорғайтын азамат. Ал, азаматтың жүгі ауыр екені бәрімізге белгілі. Себебі, «мен қазақпын» дейтін азамат өзінің шықан тегін, кіндік қаны тамған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт. Өткенімізді қарап отырсақ, ел бастаған көсем де, ділмар шешен де, ақиық ақын да, ел қорғаны болған батыр да, осы жігіттерден шықан. Жігіттің әділ, намысшыл, өр, батыр болып өсуіне бір отбасы ғана емес, бүткіл бір ел өз әсерін тигізген. Соның арқасында бізге ұлан байтақ жер, сапалы тәрбие, мағыналы салт-дәстүр қалды. Енді осыны сақтап, ары қарай жалғастыруымыз өзімізге байланысты.
Біз еліміздің ұландары мен өр мінезді нар жігіттерінен: қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, қабыландай сұсты, нардай төзімді, ешкімге ұқсамайтын ер мінезді күтеміз.
Көзі қарақты қазақ аруларынан: нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайлықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерлік пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниеттілікті, ақкөңіл қасиеттерді тал бойына сіңіріп өскенді қалаймыз.
Жастар еркіндік пен демократия ұғымын тереңінен түсінсе екен дейміз. Ол ұғымдар ұлттық құндылықтарымызға балта шаппауы қажет. Біз саналы һәм сапалы ұрпақ тәрбиелеудің жолында қандай да қиындықты бастан кешіруге дайынбыз. Қандай жау шапса да тойтарыс беруге міндеттіміз. Бүгінгі сапалы тәрбие ертеңгі күнге кепілдік. Біздікі саралап, сараптап түсіндіру. Ары қарай шешімді шығару өз қолыңызда.

Берік Ағыбаев

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*