Жанхош Тұраров, кәсіпқой боксшы: Заб Джуда спарринг өткізуден бас тартты

0
1434

Елімізде кәсіпқой бокс айтарлықтай дамып, боксшыларымыз ел абыройын асқақтатуда. Күллі әлемді аузына қаратқан Геннадий Головкин мен Қанат Ислам бастаған ұландарымызды қазір әлем мойындады. Бұл – сүйсінетін жағдай. Осы тұста кәсіпқой бокста жүрген тағы бір батырымызды айтпау мүмкін емес. Жиырма жекпе-жек жиырма жеңіс арқылы промоутерлердің назарына ілігіп, АШҚ-та жаттығып жүрген Жанқош Тұраровта қазір өз салмағы бойынша әлемнің үздік 15 боксшысы қатарына енді. Жанқоштың Алматыда демалыста жүргенін пайдаланып, газетімізге сұхбат алған болатынбыз. Ендеше сүбелі сұхбатымызды назарларыңызға ұсынайық. Оқып, кәсіпқой боксшымыз туралы азды-көпті жаңалықтардан хабардар болыңыздар.

– Ассалаумағалейкүм, Жанхош мырза!  «Алматы аренада» өткен бокс кешінде жиырмасыншы жекпе-жегіңізді ганалық Айзак Ариямен өткізіп, төртінші роундта нокаутпен сұлаттыңыз. Одан бері жарты жылдың жүзі болды, көрінбейсіз?!

– Көрінбей кеткенімнің себебі: Үйленіп ұрпақ өрбіту – Алла тағаланың бұйрығы деп жатады ғой. Сол жекпе-жектен кейін отбасын құрып, өмірдегі ең басты міндеттің бірін орындадым. Екіншіден біраз тынықтым десем болады. Өйткені үздіксіз жаттығулар мен жекпе-жектерден физикалық тұрғыда айтарлықтай күш түседі. Дегенмен бабымды сақтап тұру үшін күнделікті жүгіріп, қажетті жаттығуларды жасап тұрамын.

– Осы кезге дейін АҚШ-та жаттығып, Қанат Ислам екеуіңіз бір промоутермен жұмыс жасап жатқаныңыздан хабардармыз. Келесі жекпе-жегіңіз қашан күтілуде?

– Бұйырса сәуір айының 13-де Қанат Ислам бауырым екеуміз АҚШ — қа жол жүреміз. Елде біраз рухани және физикалық тұрғыда демалдық. Алда тек жаттығулар мен жекпе-жектер күтіп тұр. Алла қаласа алдағы екі-үш айдың ішінде екі кездесу өткізу жоспарда. Промоутер тарапынан жекпе-жек өткізу мақсатында боксшылармен келісім-шарттар жасау қаралуда.

– Нельсон Лопес жетекшілік ететін промоутерлік компанияда қанша боксшы бар? Аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев ағамыз да сол жақта сияқты!?

– Руслан Мырсатаев бауырымыз қазірше келісім-шарт жасасқан жоқ. Қазақстаннан Қанат екеуміз ғана… Жалпы бір промоутерлік компания қол астында жиырма шақты боксшымыз. Басым бөлігі америкалық пен мексикалықтар.

– Бокссүйер қауым Головкин мен Джейкобс арасындағы жекпе-жекті ұзақ талқылады. Бірі Головкиннің жасы келді десе, енді бірі Джейкобс мықты болды дейді. Кәсіби боксшы ретінде Сіз не дейсіз?

– Иә, бокс кеші өтпей тұрып, Головкин Джейкобсты мерзімінен бұрын нокаутпен жеңеді деп ойладым. Солай болуы да ғажап еместін. 4-ші раундта Джейкобстың нокдаунға түскен сәтінен кейін есін жиып үлгертпей, толассыз соққылармен сұлатуға болар еді. Бірақ Головкин боксты соза тұрайын деген ниетте болған шығар. Маған ол жағы белгісіз. Дегенмен раунд өткен сайын Джейкобс дайындығын көрсете білді. Не болғанда да 12 раунд Алла тағаланың қалауы десек дұрыс. Головкин мен Джейкобс 6 раундтан бөлісті дегеннің өзінде бір нокдаун болғандықтан Головкин жеңді деп толық айтуға болады.

– Демек, Головкин қартайды деген пікірлерге келіспейсіз?!.

Головкиннің күш-қуаты мен соққылары бұрынғыдай. Бұл жерде Джейкобстың дайындығы жоғары десек дұрыс болар. Ол Головкинді әбден зерттеген.

– Астанадағы ЭКСПО қарсаңында Головкин, Қанат және Бейбіттің бокс кеші ұйымдастырылады деген ақпарат шықты. Осы кештен сіздің жекпе-жегіңізді көруіміз мүмкін бе? Жалпы ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түсті ма?

– Головкиннің шығу-шықпауы маған белгісіз. Бірақ қыркүйектің 9-на жоспарланған бокс кеші жайлы спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесіп, сөйлескенбіз.  Жоспар бойынша Қанат бастаған жігіттер бокс кешін өткіземіз деген ойдамыз. Ал Бейбіт (17-2, 11KO) алда кубалық Дортикс (21-0, 20 KO) пен кездесу өткізеді. Соның қорытындысын күтеміз.

– Білуімше атақты Майк Тайсонның шәкірті Заб Джудамен бір залда бірнеше рет жаттығыпсыз. Оның тегеурінімен өзіңізді салыстыра алдыңыз ба?

– Тәжірибе алмасу барысында Заб Джудамен бір залда бірнеше рет болдық. Екеуміз бір салмақта қолғап түйістіргендіктен алдағы уақытта кездесіп қалуымыз мүмкін.

– Заб Джудамен спарринг көрмедіңіз ба?

Ұсыныс тастап көрдім, бірақ одан бас тартты.

– 20 жекпе-жек 20 жеңіс! Осынша жетістігі бар кейбір боксшыларды қарасақ, танымалдығы жоғары. Сіздің танымалдығыңызға пиар жетіспей ме, әлде қаржы тапшыллығы қол байлау ма?

– Кәсіпқой бокстың дамыған жері – АҚШ болғандықтан, басты деген бокс кештері сонда өтеді. Промоутерлік компания мен демеушілік жасайтын кәсіпкерлерде баршылық. Сондықтан Америкалық боксшылар жылдам танылады. Өз басым әлемдік рейтингте енді ғана көтеріліп келе жатырмын. Қазір 15 үздік боксшының қатарындамын. Алда 2-3 кездесу өткізген соң промоутерім HBO телеарнасымен келісіп-шарт жасасамыз деуде.

– АҚШ та промоутерлер мен демеушілер көп деп айтып қалдыңыз. Бізде Бауыржан Оспанов ағамыздан бөлек боксқа демеушілік жасап жатқан ауқаттылар жоқ па?

– Елімізде ауқатты демеушілер өте көп, бірақ олар мұқтаж жандар мен ел абыройын асқақтататын спортшыларға емес, көңілдестеріне (любовница) демеушілік жасайды. Көптеген байлар бар, ақшасын қайда жаратуын білмей жүрген. Көңілдестеріне қымбат көлік пен баспана сыйлауды ғана біледі. Ал ел абыройын асқақтатып жүрген жандарға демеуші болуға қаржысын қимайды.

– Алдағы уақытта өзіңізді саясаттан көруіміз мүмкін бе?

– Алдағы уақыт көрсете жатар. Әзірге күш-қуатым барда 7-8 жыл бокста жүрсем деген ниет бар. Саясатқа аса қызыға қоймаймын. Дегенмен елде болып жатқан саяси әрі экономикалық жаңалықтарды интернет пен теледидар арқылы қарап, оқып тұрамын.

– Қазір қазақ кәсіпқой боксының дейгейі шетелмен салыстырғанда қай дәрежеде?

– Соңғы 3-4 жылды алып қарайтын болсақ, елімізде кәсіпқой бокс айтарлықтай дамып келеді. Қазірдің өзінде АҚШ-та 15-ке жуық жерлесіміз жаттығып, жекпе-жектер өткізуде. Барлығына Алла абырой берсін, өссін-өнсін деген тілек білдіремін. Алдағы уақытта қазақ кәсіпқой боксы әлемдік деңгейде дами түседі деген ойдамын.

– Ардақ Назаров екеуіңіз бірге жаттықтыңыздар. Ардақ ағамызға қарап ережесіз жекпе-жекке ауысып кету ниеті болған жоқ па?

Бала күнімнен боксқа әуес болғандықтан кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болсам деген мақсат болды. Бірақ кәсіпқой бокста әлем чемпины болсам, ережесіз жекпе-жекте UFC чемпинымен шығып көрсем деген ой жоқ емес. (күліп)

– АҚШ-қа отбасыңызды бірге ала кететесіз бе?

Отбасым осында болады. Келіншегім медицина мамандығы бойынша алтыншы курста оқуды. Оқу бітіруге берер жыл уақыт бар. Сондай-ақ, екі-үш айда қуанышты жаңалық күтудеміз.

Сұхбаттасқан Талғат Жанысбай

 

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар ARHAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Пікір жоқ

Пікір қосу

*