Болашақ жарым Қазақстандық,  қазақ қызы болады.

Жарияланды at 26.04.2017
2601 0

 American Idol (Америка шолпаны) атты АҚШ-тағы ірі жобаның Қытайдағы нұсқасы,  «Сhinese idol» жобасында топ жарған, Пекинде өткен  «CCTV-3» ұйымдастырған телешоуға қатысқан (еуропада танымал конкурс),  байқаулардың денін  қазақ әнімен сусындатқан қазақ жігіті кім еді?Ол —  Арай АЙДАРХАН.  Қазақстанға аса  таныла қоймаса да,  Қытай елін өнерімен бағындырып жүр. Айтпақшы бұл жігіт  Қытайдағы  «I am a singer» жобасына қатысып жүрген отандасымыз  Димаш Құдайбергеннің жобадағы музыкалық кеңесішісі ретінде де танымал.

Араймен сәті түскенде сұхбаттасқан едік. Қытайда оқып,  ер жетсе де, қазақ тілін жетік білетін, қазақ болып туғанына мақтанатын жігіттің еліне сүйіспеншілігіне тәнті болдық.

-Арай,  аз ғана ұлт қазақ болсаңыз да,  Қытайда шоу-бизнесті бағындырдыңыз.  Сіз Қытайда қалай танымалдылыққа ие болдыңыз?

«Танымалдық»  дегенде өзімді жұлдыз сезінген емеспін (күлді).   Бар жетістігім «Chinese idol»  жобасында үздік 5 әнші қатарына кірдім, Қытай «Жасөсіпірімдер дауысындағы» (балалар дауысы, ред.) тәлімгер болдым.   2015 жылы «Chines Gold Music» сыйлығына ие болдым, бұл да өз кезегінде Қытайдағы белді жоба болатын. Қазір  «Sound of nature»  жобасына қатысып жатырмын, бұл жобаның негізгі мақсаты — Қытайда өмір сүріп жатқан түрлі ұлттардың  ұлттық музыкасын танып білу. Осы байқауда алға суырылып шыққан 3 әнді Қытай «Grammy» (Грэмми) сыйлығына ұсынады, міне, осы сыйлықтың иегері атансам, менің емес,  қазақ ұлтының жеңісі болар еді деп ойлаймын.

-Жеке шығармашылығыңызда не өзгеріс бар?
-Шығармашылығыма келер болсақ,  жақында өзімнің  2-ші альбомымды шығаруға жұмыс жасап жатырмыз. Қос тілде — қытайша-қазақша шығару жоспарда бар.  Екі клип шығару да жоспарда тұр.  Атамекенге барып, жеке концертімді өткізсем деген де арманым бар, әзірге бәрі жоспар ғана…

-Бір кездері Қазақстанда,  оның ішінде Астана қаласында тұрыпсыз, бірақ көп ұзамай Қытайға қайта оралуыңызға  не себеп болды?

— Иә, мен бала кезімде, яғни 14 жасымда Астанада Қажымұқан атындағы күрес мектебінде оқыдым, дзюдода. Екі жылдан кейін,  Астанада жүргенде көлік апатына ұшырадым, аяғым сынды, сол себептен Қытайға оралуға тура келді.
-Болашақта Қазақстанға қоныс аударуыңыз мүмкін бе?

-Әрине,  Қазақстанда тұруды армандамайтын шет жақта жүрген қазақ жоқ шығар.  Болашақта ата-анам, бауырларымыз, бәріміз бірге Қазақстанда тұрсақ деп армандаймыз.

Қазақстанда тұрғанда не нәрсеге сүйіндіңіз және не нәрсеге күйіндіңіз?

-Тіл жағынан алғаш келген кезде қатты қиналдым, тіпті, дүкенен бір нәрсе сатып ала алмай, ымдап тұратынмын. Өз қазағымның жерінде болсам да, орыс елінде жүргендей болдым.  Бірақ, қазірде  өзгеріс бар екен, арада он жыл өткесін Астанаға келген едім, жан-жақта қазақша сөйлеген ел-жұртты көріп қуандым.  Қазақстанның әр жетістігін жігерленіп көремін.  Аз ғана уақыт ішінде Астананың өзгергенінің шет жағасын көрдім емес пе?

-«Жат елде жүрсем де, басты арманым — қазақтың әнін әлемге таныту» депсіз қазақстандық бір басылымға, сол арманыңызға жетіп қалдыңыз ба?

-Жоқ,  ол ұзақ арман жолы ғой, олай деп айту әлі еретерек.  Қазақтың әнін мен ғана танытпаймын әлемге,  ол үшін  қазақ өнерпаздары бірге еңбектеніп, бірге құлшынуымыз керек.  Ұрпақтан ұрпақка жалғасу керек,  сол арманның жолында мәңгі болсам болды ғой, одан артық бақыт жоқ мен үшін. Бір нәрсе айта кетейінші, мен көп байқауларда қазақ әнін орындаймын. Байқағаным, әнің сөзін түсінбесе де, әннің құдыретін жүректерімен түсініп, жоғары бағалап жатады. Бұл мен үшін, қазақ әнін сәл де болса танытуға берілген мүмкіндік. Болашақта үлкен жоспарлар бар, реті келгенде қуанышты хабарымызбен бөлісемін.

-Қытайға қазақ әнін танытып жүрген жастардың бірісіз, енді айтыңызшы, Қытайдағы әншілердің табыс көзі неде?

-Қазақстандағы шоу-бизнес өкілдерінен байқағаным, әншінің деңгейі тойға көп шақырылуымен, гонарарының қымбаттығымен  өлшенеді екен. Қытайдағы шоу-бизнес өкілдері ақшаны концертерден, түрлі жобаларға қатысып табады. Енді салыстырмалы түрде алып қарасақ, Қытайда адам саны көп, сондықтан түрлі концерт, жобалар көптеп шығады.
-Қалай ойлайсыз Димаштың  «I am a singer»  жобасына қатысуы және сіздің музыкалық продюсері болуыңыз, өз кезегінде сізді Қазақстанда танымалды  болуға  алып келген жоқ па?

-Димашпен таныстығымызға бірнеше жыл болды, Қазақстанда жүргенде  өте талантты екеніне бас иген едім.  Димаш Қытайдың  жоғары сахнасында бүкіл әлемді мойындатты, бұл Димаштың емес, бүкіл Қазақстанның, қазақтың  жеңісі деп қарауымыз керек.  Ал мен Димаштың музыкалық кеңесшісі ретінде жобада жүрген соң көзге түсуім орынды (жымиып). Соңғы кезде байқаймын,  әлеуметтік желілердегі парақшамда  қазақша пікір жазатындар көбейді.

-Димаштың нағыз қарсыластары деп кімді айтар едіңіз?

-«Мен әншімін» жобасына қатысушылар, шетінен  өте мықты әншілер, шет елге танымал.  Барлығында үлкен үміт бар. Нақты «мынау нағыз қарсылас» деп  айта алмаймын, уақыт көрсетер…

-Жат жерде өссеңізде ана-тіліңізді таза сөйлейтініңізге сүйсіндік. Қанша  тіл білесіз?

-Бұл сұрақтың өзі ыңғайсыз, қазақ боп туғанан кейін қазақ тілін білу парызым емес пе? Мен сан мыңдаған ұлттардың ішінен қазақ болып туғаныма  мақтанамын.  Жат жерде жүрген соң өзімді әлі қазақты дұрыс тани алмай жүрмін деп есептеймін.  Әрине, қазақ тілін, мәдениетін жақсы білуге, әрі  карай тереңдетіп үйренуге  тырысамын. Ана тілімнен  басқа екі тілді  меңгердім, қытаймен  ағылшын тілін.
-Сізді неге Алай дейді? Қытайда «р» әріпі жоқ па, әлде бұл сіздің Қытайша лақап есіміңіз бе?

-Дұрыс байқапсыздар, иә, қытайда «р» деген әріп жоқ,  Алай деп шақырады.  Қытай мектебінде білім алдым, Алай — бала кезімнен келе жатқан лақап атым деп қояйын (күлді).

-Ата-анаңыз, өскен ортаңыз туралы айтып өтсеңіз?

-Қытайдың  Алтай деген қаласында дүниеге келдім. Әкем — Айдархан Қабдолла, Қытайдағы атақты палуан. Негізі, мен  спортта әкемнің ізін жалғап, үлкен жетістіктерге жетіп, әкемнің арманын орындаймын  деп ойладым. Жол апатына ұшырағанан кейін  біраз уақыт есеңгіреп жүрдім.  Әкемнің жолын жалғастырғым келген еді, бірақ мен үшін спорт солай есігін жапты. Алайда еш өкінбеймін, өнерге келгеніме, тағдырдың өзі мен үшін өмірімді осылай өзгертті. Ал  анам —  қытай тілінің  мұғалімi. Отбасымызда төрт баламыз, алдымда  ағам мен  екі әпкем бар.

-Отбасын құрдыңыз ба, сіз үшін жалпы болашақ жарыңыздың ұлты маңызды ма?

-Жоқ, әлі отбасын құрып үлгерген жоқпын. Қазіргі кезде барлық күш-жігерімді өнерге арнап жатырмын. Көңілдің бәрі осы өнерде әзірше, бәрі уақытымен, ата-анама келін болар ибалы қызды іздеу үстіндемін (күлді).  Әрине, өзімнің болашақ жарым ретінде қазақ қызын ғана көріп тұрмын. Екінші жартымды Қазақстанан табамын деп ойлаймын. Қазақтың қыздары әлемдегі ең әдемі қыздар мен үшін.

-Бәрекелді. Қытай жігіттеріне шығып жатқан қаракөз қандас әпке-қарындастарыңызға не айтасыз?

-Менің жеке азаматтық пікірім болсын, әрине, қарсымын. Бірақ, мен айтсам да, басқа айтса да, тоқтамайды ғой бұл үрдіс.

-Жақында «Гәкку» арнасында дауыс беру арқылы  елеулі бестіктен көрінген  «Қинама мені» әні туралы айтып өтсеңіз?

-Тыңдармандар тарапынан жоғары баға беріп жатқан  «Қинама мені» әні  «Гәккудің» хит-парадында екі күннің ішінде 25-шіорынан 7-ші орынға көтерілді.  Бұл әнді әнші қыз Айри екеуміз бірге орындаймыз. Клипті екі елде түсірдік, Бейжің мен Париж қаласында. Тыңдармандарымызға сүйіншілеп қояын, бұл клиптің міндетті түрде жалғасы болады.

— Қызықты, естен кетпейтін сәтіңізді оқырмандарымызбен бөлісе отырсаңыз?

-Жақында ғаламтордан бір әзіл көрдім. Ресейлік бір әнші қыз Қазақстанға келіп,  «бәріне салем!»  деген сөзді қалай айтады?» деп сұрайды. Көмектесіп жүрген жігіттер әзілдеп, «мен жындымын» деген сөзді айтады. Әнші қыз жол бойында демалып отырған жандардың бәріне қуанышты түрде, «мен жындымын» деп айқайлайды, әр адамның реакциясы әр түрлі. Осыны көріп өлгенше күлгенім бар. Осыдан он шақты жыл бұрын ғой, Астанадағы бокс мектебінде тәлім алып жүрген кезде де менің басымнан дәл осы жағдай өткен болатын. Сәл ыңғайсыз енді, «орысша білмеймін,  бірақ бір ауыз білемін» деп жаттаған сөзімді айтып, елді күлкіге қарық қылғаным бар.

Қызықты қытай әзілдерінен айтып бересіз бе?

-Әзіл дейсіз бе, әрі әзіл әрі нақыл сөз болсын. «Адам өмірде қате жолға көп түседі, қате жолға түспесе,  тура жол кептеліс  болып қалмай ма?». Міне, сіз  бұл сөзге жымиығанда жоқсыз, әр елдің әзіл айтуы әр қалай, қазақша жатып күлетін әзілді,  қытай қабылдамауы мүмкін, бірақ жаңағы сөзге қарқылдап күлетініне кепілдік беремін.

Дереккөз: «Әзіл әлемі» газетінен алынды. Сұхбаттасқан Аида Кожмамбетова  

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

Біз біргеміз, батырлар!

Жарияланды - 20.07.2016 0
2016 жылдың шілде айының 19 күні және Студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының ұйымдастыруымен Алматы қаласында 18 шілде күні…