КӨШПЕНДІ ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛҒАН ХАЛЫҚ…

Жарияланды at 11:05
744 0

    Орталық Азия мемлекеттерінің халқын көз алдымызға елестеткенде ежелден бері көшпелі шаруашылықпен айналысқаны есімізге түседі. Тек қаһары қатты Кеңес Одағының тұсында ғана тұрғындарды күштеп отырықшылыққа үйретіп, байырғы көшпелі мәдениетімізден айырған жайы бар. Алайда тәуелсіздік алған тұстан бастап, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінің азаматтары қайта көшпелі өмірге бейімделе бастады. Әрине еріккенен емес. Өз туған жерінде мардымды жұмыс таба алмаған соң, Ресейге ала сөмкелерімен кетуге мәжбүр…

          Соңғы уақытта Орталық Азиядағы мигранттар мәселесі өзекті бола түсті. Оған себеп Ресейдің мәдени қаласы Санкт-Петербургте қырғыз азаматының метро жарылысын ұйымдастыруы мен Швеция астанасы Стокгольмде жүк көлігімен бірталай адамды қасақана қағуы еді. Сол екі жайтты бағамдай болсақ, қылмысқа барған жандар қарапайым құрылыс саласында істейтін қызметкер еді. Енді кішігірім статистикаға көз жүгіртсек:

Орталық Азия мемлекеттерінің мигранттары жұмыс үшін қайда барады?

 

Қырғызстан Республикасы

 

Тәжікстан Өзбекстан
Ресей Федерациясына

78%

Ресей Федерациясына

74%

Ресей Федерациясы

58%

Қазақстанға

1%

Қазақстанға

6%

Қазақстанға

16%

Германияға

9%

Украинаға

5%

Украинаға

12%

Басқа елге

13%

Басқа елге

14%

Басқа елге

14%

Аталмыш елдердегі әлеуметтік жағдай

Тәжікстан

  Дәл қазіргі уақытта мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын кері тартатын жаппай жұмыссыздық, кедейшілік, энергетикалық дағдарыс болып отыр. Жұбаныш болар тек халықтың көп бөлігінің Ресейге мигрант ретінде аттанып, қазынаға солардың арқасында қаржы құюынан, біршама деңгейде экономикалық дағдарыс төмендесе, екіншіден жұмыссыздықтың қысқаруына мүмкіндік берді.

Елдегі 90%  тәжік Ресейде жұмыс істейді. Статистикаға жүгінсек, ол 1 млн азаматты құрайды екен. Ресейдегі экономикалық дағдарыс Орталық Азиядағы арзан қол гастрабайтерлардың табысына нұқсан келтірді. Еңбек мигранттарының ақша айналымы шамамен Тәжікстан ІЖӨ-нің 46%-ын құрайды(Ресми деректе 37%). 2010 жылы сырттағы тәжік азаматтары банк жүйесімен еліне 2,29 млрд доллар аударған. Егер тәжіктер өзге елге бас сауламағанда, қазір не боларын құдай білуші еді.

Тәжіктердің ішкі қоғамын біріктіру мақсатында «жаңа ұлттық идея» ретінде Рогун ГЭС-ын тұрғызу бағдарламасы қолданылуда. Рогун ГЭС-ын тұрғызу элита үшін өте сәтті бастама болғанымен, стратегиялық қиындықтары да кездеседі. Бұл жердегі қауіп тәжіктердің ГЭС салуы көршілес Өзбекстанның жағдайына кері әсер етуі. Сондықтан қос елдің арасында құрылысы жүріп жатқан ГЭС-ке қатысты ақтайтын-даттайтын ақпараттық соғыстар жүруде.

             Жоспарланған ГЭС-тың акцияларының алғашқы сатылымы кезінде тәжік сарапшылары жобаның саяси стратегиядан ұлттық идеяға трансформацияланғанын айтты. Осы орайда зерттеу орталығының маманы С.Шарипов «ешқандай да саясаткер, ешқандай да президент енді жобаға байланысты артқа қадам жасай алмайды, егер қорқақтаса кім болса да халық жауы атанады. Егер кімде-кім Рогун ГЭС-ін тұрғызылмасын деп пікір білдірсе, ұлтын сатқан деп айыпталады»

             Дей тұра егер жақын аралықта әлеуметтік-экономиикалық салада нәтижелі шешім қабылдамаса, елде тұрақсыздық жайлауы мүмкін. Осы кезекте Тәжікстан сарапшыларының ойына құлақ түрсек, Ресейдегі экономикалық жағдайдың әлсіреуі тәжік еңбек мигранттарының қалтасына да кері әсерін тигізуде-мыс. Мысалы, бұған дейін ел азаматтары Ресейден 3 млрд доллардай қаржы әкелсе, бүгінде оның саны 2 млрд-қа құлдыраған. Халықтың барлық үміті 2021 жылы бітетін Рогун ГЭС-інде болып тұр. Егер жоба сәтті аяқталса, біршама халықтың өз отанында екі қолына бір күрек табылуы мүмкін.

Дегенмен, шыдамның да шегі бар. Заманауи тәжік қоғамындағы көпшілікті жастар құрайтынын ескерсек, 90 жылдардағы азаматтық соғысты еске түсіреді. Ал белсенді бөлік әзірше тұрақты шетелге шығып, нәпақыларын табуда. Бірақ Таяу Шығыстық аймақта көріп отырғанымыздай, шетелде жастардың жұмыс істеуі елдің ішкі бейбітшілігін сақтап тұрмайды. Ондай қауіп Тәжікстан жыл өткен сайын жақындауда.

Өзбекстан

2011 жылғы санақтың қорытындысында халықтың 28 млн-ға дейін өскені белгілі болды. Яғни бұл алдағы уақытта экономикалық тұрғыдан миграция мәселесі – Өзбекстан үшін маңыздылығын көрсетпек. Бірақ қазірдің өзінде аталмыш мәселе өздігінен шешіліп жатыр. Халықтың бір бөлігі уақытша шетелге қаржы табу мақсатында аттануда. Статистикаға жүгінсек, шетелге жұмыспен баратындардың саны 4 млн-ды құрайды. Олардың басым бөлігі Ресейді паналайды. Ресейдегі гастрабайтерлардың рейтингісінде де өзбектер украиндықтардан кейінгі 2-ші орынды алады. Сондықтан Өзбекстанның ІЖӨ-де еңбек мигранттары арқылы біраз табыс түседі. Алайда республика билігі еңбек мигранттары жөнінде сұрақтан қашып, мигранттардың санағы жайлы нақты ақпаратты айтпайды. Бейресми деректер 2010 жылдың 3 маусымында-ақ Ресейдегі мигранттардың арқасында Өзбекстанның қазынасына 993 млн доллар табыс түсірді. Бұл дегеніміз мигранттардың әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарса, екіншіден қосымша табыс көзі ретінде бюджетке ақша түсіріп отыр. Әлемдік Банктың жалпы баға беруінде Өзбекстанның мигранттары ІЖӨ-нің 15%-ын жабады дейді.

Қырғызстан

   Ала тақиялы көршілеріміздің жағдайы да мәз емес. Сыртқы экспортын алтын мен алюминий құрайтын елдің экономикасы жергілікті халықты толыққанды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете алмауда. Салдарынан 6 млн тұрғыны бар мемлекеттің бейресми деректерге сүйенсек, 1 млн-ы Ресейде жұмыс істеуде. Салыстырмалы түрде олар Өзбекстан мен Тәжікстан еңбек мигранттарынан жағдайы жақсырақ. Оған бірнеше критерий әсер етеді.

  • Қырғызстан мемлекетінде орыс тілі таршылық көрмейді. Сәйкесінше өз жерінде орыс тілін еркін меңгерген немесе хабары азаматтар Ресей елінде тез сіңісіп, жоғары жалақысы бар қызметтерге ұмытылады. Салыстырмалы түрде Өзбекстан мен Тәжікстанда орыс тілінен қарағанда, ұлттық тілдері кеңінен тараған. Салдарынан олардың көпшілігі Ресейде қара жұмыстарды місе тұтуға мәжбүр.
  • Еуразиялық Одақта мүшелікте болуы. Бір экономикалық кеңістікте болған соң, қырғыз азаматтарының уақытша жүріп тұруына заңды түрде мүмкіншіліктері көбірек.

Ресейдегі жағдай

  Ресей билігі жыл сайын келетін Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарын барынша бақылап отыруға тырысуда. Нәтиже де жоқ емес. 2009-2012 жылдар аралығын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетін заңды жұмысшылардың көрсеткіші 5%-ға қысқарған. Бірақ бұл заңды жұмысшылардың есебі ғана! Ал заңсыз мигранттардың саны қысқарып жатыр дегенге сенгін келмейді-ақ! Салдарынан Ресейде бірнеше мәселелер туындауда. Айта кетсек:

  • Көлеңкелі экономиканың дамуы. Заңсыз келетін жұмысшылар қандай жұмыс болса да қызмет етуге дайын. Арзан бағада жұмысқа бірден көне салатын олар жергілікті орыстардың жұмыс орындарынан айыру үстінде.
  • Қылмыстың өсуі. 2011 жылдың статистикасына сүйенсек, Ресейдегі заңсыз мигранттардың қылмыс көрсеткіші 4,3%-ды құраған. Оған Санкт-Петербургтегі жағдайды да қосып қойыңыз.
  • Қаржының шетелге кетуі. Орталық Азиядан аттанатындардың дені өз елдерінің ЖІӨ-не жылына 15 млрд доллардай қаржы аударады.
  • Жергілікті халықтың денсаулығына қауіп төну. Арзан әрі қауіпті жұмысты істеген соң, еібек мигранттарының өз денсаулығын күтуге уақыттары мен қаржылары жете бермейді. Кесірінен қауіпті деген ВИЧ, туберкулез сынды ауруларды таратады.
  • Техногенді апат. Өз жерімізде қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізсек, қазаққа емес, арзан әрі сапалы, тез жасайтын өзбектерге көңіліміз ауып тұрады. Бірақ сенімді қалыптастырып, бәсекелестерін жойған соң, олардың да жұмысының сапасының төмендемеуіне кім кепіл!

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

comments powered by HyperComments

Arhar

Ақиқат бізден, төрелік сізден!

Ұқсас жаңалықтар

«ВКонтакте» террористер дайындайтын желі ме?

Жарияланды - 20.06.2016 2
  «Даудың басы» дүйім жұртты дүрліктірген Ақтөбедегі террорлық шабуылдан басталды. Құқық қорғаушылар лаңкестердің әлеуметтік желідегі парақшаларын ақтара келе, олардың «ВКонтактедегі»…