Салауатты өмір салтын сақтау – адамның ең қымбат байлығы – денсаулығын сақтап қалудың бірден-бір жолы. Салауатты өмір салтын қалыптастыру бала кезден басталуы тиіс. Ата-ананың өмір сүру салты, өмірлік ұстаным-қағидалары баланың бойына ана құрсағында жатқаннан бастап, сіңеді, өсіп-жетілуіне, болашағына бағыт береді. Ата-ана, аға буын өкілдері сөзбен немесе түрлі мемлекеттік бағдарламаларды насихаттаумен емес, жастарға жүріс-тұрысымен, күнделікті тұрмысымен үлгі болуы тиіс. Біздің ата-аналарымызда ата-әже институты мықты болған. Мейірімділік пен мейірбандықты халық ертегілерімен, жыр-дастандармен немере бойына сіңірген. Ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргін зардабын шеккен ұрпақтың рухының мықтылығы, күйзелісті еңсеруі- ата-бабаның өмір салтының тереңдігінде жатыр. Үнемі сүт тағамдарымен қоректену, дастарханға арақ-шарап емес, қымыз, шұбат қою дәстүрлерін жоғалтып алдық. Есесіне тез дайындалатын «фаст-фудтар» мен  газды сусындарды көбірек қолданатын жастар өсіп келеді.

Әлеуметтік жүйеге тәуелділік, (үйлену тойында да үлкендердің тілегін тыңдамай, тікелей өз тойынан эфирге шығу сәнге айналған), түнгі клубтан кейін тал түске дейін ұйықтау – осы  зиянды әдеттердің бәрі   денсаулықтың нашарлауына әкеліп соғады. Аз қозғалу, жиналысқа айналған, тойхананың басшысымен  бекітілген аз мәзірімен түн ортасында басталатын тойларда тамақтану, режимнің бұзылуы, тойдың жақсы өтуін ойлап ұйқысы қашқан той иесінің , ертеңгі құдалықты уайымдауы, миллиондаған несиенің қайтарылуын ойлау- қазіргі қоғамға тән әдеттер салауатты өмір сүру  мүмкіндігін айырады. Осы пайдасынан зияны көп аста-көкте тойға жұмсалған қаржы жастардың болашағына – болашақ жас ананың демалуына, дәрумендеріне , емделуіне жұмсалса, еліміздің ертеңіне салынған мықты инвестиция болар еді. Күнделікті еңбекақының, күнкөріс деңгейінің төмендігі- отбасы шырқының бұзылуына әсер ететіні сөзсіз. Ішкі жан-дүниенің күйзелісін ішімдікпен, шылым шегу арқылы басуды ойлаған адамдар, рухани әлсіздігін мойындағысы келмейді. Спортпен шұғылданбау, күйзеліс кезінде мөлшерден тыс тамақтану, тамақтану ережесін сақтамау – артық салмаққа алып келеді.Артық салмақтан арылу үшін түрлі дәрі-дәрмектерді қолдану, фитнес-клубтарға бару – ол да қосымша қаражат керек ететіндігі даусыз. Ал, қазір жаңа салынған тұрғын үйлердің алаңдарында спорт-жаттықтыру қондырғылары бар.Осы мүмкіндікті жақсы пайдалану керек.Әр адамға  туған жерінің табиғаты сұлу болып көрінеді. Сол сұлулықтан ләззат ала білу керек.

Алтын күздің сары жапырақтарынан, көктемде қыр қызғалдағынан, қыста аппақ қардан, жаздың жаймашуақ күндерінен мол қуат сезініп, ақ ерке , ақ Жайықтың жағалауында армандарға ерік бер. Суда жүзіп, ақ шағаладай еркіндікке бой алдыр да, өмірге деген құлшынысыңды арттыр.Компьютер, теледидар алдында ұзақ отыру да – зиянды әрекеттердің бірі.Асқақ армандары бар адам алдына нақты мақсаттар қояды. Жоспарланған мақсат – биік шыңдарға жетелейді. Биік шыңдарға жету үшін-мықты денсаулық керек.

Өзін сыйлаған адамды өзге де сыйлайды. «Өз қателiгiңдi түзетiлмейтiнге жеткізбей тұрып, оны мойындаған әлдеқайда дұрыс» –  деген Лев Толстойдың нақыл сөзін еске алғанымыз жөн.            Қазақтың Абайы мен Тоғжаны, тау қопарған Толағайы, Алпамысы пен Қобыландысы көп болсын десек, салауатты өмір салтын ұстанайық.

Ол үшін қазақша айтқанда, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп жүрсек болғаны. Өмір сүру сапасы жақсарған сайын, еріншектікке бой алдырып, шетелдік көлікпен барар жерімізге тез жеткіміз келеді.Ал, атқа мінудің пайдасын медициналық тұрғыдан  ғана қарастырып жүрміз. Салауатты өмір салтын ұстану, менің ойымша ата-баба дәстүрлерін ұмытпай,  мыңдаған ақпараттың  ішінен өзіңе керектісін сұрыптай алып, тәніңді де , жаныңды да сұлу ету, өмірге адам болып келгесін, адами міндеттерді адал атқару.   Табиғатты аялау, қоршаған ортаға  деген құрметің айналаңдағы адамдар өміріне жасаған сыйың.Өйткені, демалыс орындарын, өзен-көл жағалауларын қоқыспен толтыру, ағаштарды кесу–болашаққа жасалған қиянат.Орман, тоғайлардың өртеніп жатқанын естігенде, жүрегім ауырады.Табиғи өсімдіктерден бөлінетін оттегінің қаншалықты қажеттілігін біле отырып, табиғаттың сыйын сақтай білу керек. Шынайы, салауатты өмір сүру – жарқын болашақтың бастауы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған